Головкин DAZN-ды таңдады
Головкин DAZN-ды таңдады
Кәсіпқой бокстан орта салмақтың экс-чемпионы Геннадий Головкиннің HBO телеарнасының боксты көрсетуден бас тартуына байланысты жаңа телеарнамен келісімшарт жасасатыны туралы бұған дейін түрлі сыбыстар тараған болатын. Отандасымызбен бірнеше телеарна басшылығы келіссөз жүргізгені де мәлім. Әйткенмен, көптеген мамандар қазақстандық былғары қолғап шеберінің DAZN стримингілік сервисін таңдауы бек мүмкін екенін сан мәрте айтқан-ды. Мексикалық Сауль Альвареспен өткізген екінші шайқасынан соң Геннадий Головкиннің үнсіз кеткені баршаға аян. Дегенмен жанкүйерлер чемпионнан жағымды жаңалық күткені мәлім. Бірер күн бұрын «Qazsport» телеарнасы Геннадий Головкиннің DAZN-мен келісімге келгені туралы ақпаратты таратып жіберді. «Геннадий Головкин Эдди Хирнмен келісім-шартқа қол қойды. Енді оның жекпе-жектері DAZN телеарнасы арқылы көрсетіледі», – делінген ақпаратта. Кейбір ақпарат құралдары DAZN тарапы Генаға екі жекпе-жек үшін 45 миллион АҚШ долларын ұсынған деседі. Белгілі промоутер Эдди Хирн DAZN стримингілік сервисімен бірлесіп жұмыс істейтіні белгілі. Қазіргі кезде көптеген әлем чемпиондары дәл осы телеарнаның ұсынысын қабыл алғанынан да хабардармыз. Олардың қатарында орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альварес те бар. Әлбетте, Головкиннің таңдауы басқа телеарнаға түссе, Альвареске қарсы үшінші жекпе-жекті өткізу мүмкіндігі төмендейтін еді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені кәсіпқой бокс кешін тікелей эфирде тарататын телеарналар бір-бірімен бәсекелес саналады. Қазір Головкин туралы түрлі ақпараттар тарап жатқаны мәлім. Ұзынқұлаққа сенсек, DAZN стримингілік сервисі қазақстандық боксшының қыркүйекте Альварес-Джейкобс шайқасының жеңімпазымен жұдырықтасуына мүмкіндік туғызатын көрінеді. Тіпті оған дейін мүмкін болса, Геннадий Головкин мен WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадені шаршы алаңда бір-біріне қарсы қойып көретін сыңайлы. Бұл қаншалықты ықтимал екенін кім білсін. Себебі бүкіләлемдік бокс ұйымы Андрадеге негізгі қарсылас ретінде ұлыбританиялық Билли Джо Сондерсті таңдап қойған-ды. Отандық телеарна мәліметті қандай дереккөзден алғаны белгісіз. Әйтеуір жоғарыдағыдай сүйінші хабарды жеткізіп отыр. Алайда боксшының өзі әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Қалай болған күнде де Геннадий Головкин жақын күндері бір байламға келіп, өз шешімі туралы ашық хабарлайтын шығар. Олай етпесе түрлі әңгімелердің тыйылатын түрі байқалмайды. Жанкүйерлер қазақстандық саңлақтың мексикалық Сауль Альвареспен үшінші кездесуді өткізетініне әлі де сенеді. Ал оның қыркүйекте Альварес-Джейкобс шайқасының жеңімпазымен қолғап түйістіретіні туралы әңгіме қаншалықты шындыққа жанасатынынан әзірге жұрт бейхабар. Өйткені алдын ала ешқандай келіссөз жүргізілмейді ғой. Бәрі қағаз жүзінде болуы керек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ