Мұғалімнің орны – төр
Мұғалімнің орны – төр
Мемлекетіміз жылдан-жылға жаңа белестерді бағындырып келеді. Бұл – Елбасының елі үшін еткен ерен еңбегінің, халқының оған көрсеткен шексіз қолдауының арқасы деп білемін. Жемісті жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатыны сөзсіз.
Нұрсұлтан Назарбаев әр жылы халыққа Жолдау жолдайтыны, сол құжатқа сай әр сала қызметкерлері бір жылға жоспар құрып, әртүрлі саяси-әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастыратыны баршаға белгілі. Мемлекет басшысы жылдың басты құжаты саналатын кезекті Жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», – деп орынды мәселені көтеріп, ұстаздардың абыройын арттырды. Бұл дер кезінде айтылған орынды сөз екені талас тудырмайды. Бастаманы қос қолымызды көтеріп қолдайтынымыз анық. Ол аз десеңіз, Елбасы таяуда ғана «2019 жыл – Жастар жылы» деп ресми түрде жариялады. Жастар дегенде, жалынды, жаңашылдыққа жаны құмар, білім мен ғылымға қызығатын буын көз алдымызда елестейді. Өркениет көшінен шет қалмаймыз десек, солай болуы тиіс қой. Себебі заман, нарық соны талап етеді. Ал жастардың айтылған талаптарға сай болуы үшін ата-ана мен ұстаздардың бірлескен еңбегі қажет-ақ.«Бірлескен еңбегі» деп баса айтуымның жөні бөлек дер едім. Өйткені кейінгі кездерде ата-ана баланы тәрбиелеу мен оқытуды тек ұстазға жүктеп, отбасының тұлға тәрбиелеудегі функциясын түгелдей дерлік мектепке арта салғандай көрінеді. Ата-ана баласы зардап шексе, не мұғалім тарапынан қандай да бір олқылықтарды байқаса ғана мектепке ат ізін салып, құқығын қорғауға әбден үйірсек болып алғаны жасырын емес. Оны күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Сан түрлі арпалыстардың ортасында жүріп, әкімдіктің қолбаласына айналған мұғалімнің мәртебесі төмендеп тұрғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. «Барып кел, шауып келден» жүні жығылған ұстаздан жалынды жастар тәрбиеленіп шығатынына күмәнім бар. Алайда Елбасының Жолдауда айтқан сөздері сол күмәнді кәдімгідей-ақ сейілткендей болды. Президентіміз «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдау туралы пәрмен бергенін барша ұстаздар қауымы жылы қабылдағаны ақиқат. Шынында да мұғалімдердің көп жағдайда бала тәрбиесіне бас ауыртудан гөрі басқа жұмыстармен шұғылданып кететіні жасырын емес қой. Бүгінде осы заң төңірегінде түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Қалай болған күнде де аталмыш заң еңбегі адал ұстаздар қауымының рухын көтеретіні белгілі. Сол заңның қабылданып, дұрыс бағдар алуына әрбіріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. Алты алаштың ардақтысы, ғажап ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген ұстанымы әр жастың көкейіне бұлжымайтын қағидадай орнығатын күн де алыс емес деп ойлаймын. Мұғалімдер де «ұстаз» деген ардақты атқа сай болуы үшін көп еңбек етіп, ізденіп, мемлекетке адал қызмет ететін, білімді, отансүйгіш жастарды тәрбиелеудегі жауапкершілік жүгін сезініп, өз қызметін адал, мінсіз атқаруға тиіс. Басшы ретінде мен де ұстаз мәртебесінің өсуіне, сол мәртебеге лайық болуына ұжымыммен барынша үлес қосуды парызым деп санаймын. Жалпы алғанда, Елбасы білім саласының жандануы үшін бар күш-жігерін жұмсап, ұдайы жаңашыл бастамаларды көтеріп келеді. Саладағы тың серпіліс, соны соқпақтың барлығы да Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығының арқасында жүзеге асырылып жатыр. Қолдау бар жерде нәтиженің ұзақ күттірмейтіні аян. Білім саласы да алдағы уақытта бүгінгіден де зор көрсеткіштерге қол жеткізетіндігіне ешқандай күмәнім жоқ.
Зәуре МЫРЗАХАТ, №60 орта мектептің директоры.
Тараз қаласы.