Қоғам

Шырайы кірген шаһар

Шырайы кірген шаһар

тұрғындарының пікірі де шынайы

Барды бағалай білген де жақсы ғой. Бір жылдың ішінде Тараз тотыдайын таранып шыға келді десек, артық айтқандық емес. Рас, бұған дейін де облыс орталығында елеулі істер атқарылып, қаланың бас жоспарына сай талай тірлік қолға алынған еді. Бірақ мұншама ауқымды жобалардың қысқа мерзімде жүзеге асқаны осы шығар. Бұған өңір басшысының өзі бас болып, қала құрылысы кеңесін құрып, барлық жұмысты жіті қадағалап отырғаны ықпал еткені анық. Қыруар шаруаның үлкен қарқынмен іске асырылып жатқанына тараздықтар да қуанады. Өйткені осы екпінді жоғалтпаса, орталықтан басталған игі шаралардан шаһардың шет аумақтары да шет қалмайды деп сенеді. Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың есеп беру жиынында жыл ішінде атқарылған жұмыстарға жақсы баға берген тараздықтар осындай тілек-үміті барын ашық айтты. Кеше белгіленген кестеге сай аудандар мен Тараз қаласы әкімінің аумақтық округтердегі есеп беру кездесулері басталып, онда түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, жүзеге асырылған тірліктер сараланды. Шаһар басшысының №1 аумақтық округ тұрғындары алдындағы алғашқы есеп беру жиыны «Астана» мөлтек ауданындағы №53 орта мектепте өтті.

Былтыр облыс орталығын көркейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғаны баршаға мәлім. Атап айтқанда, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы мен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ, «Желтоқсан» аллеясы мен темір жол бекеті алдындағы «Көне Тараз» сквері, «Үшбұлақ» каналының жағалауы, «Достық» алаңындағы және облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы су бұрқақтары мен алаңдарының қайта жаңғыртылғанына жамбылдықтармен бірге қала қонақтары да куә болған еді. Сондай-ақ жаңартылған Жамбыл ескерткішінің де осында көшірілгенін құптайтындар көп. Ғалымжан Әбдірайымов шаһарды көркейту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасын табады дейді. Әкімнің айтуынша, жалпы өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Тараз қаласының әлеуметтік экономикалық даму динамикасы тұрақтанған. Экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі саналатын өндіріс саласында да өсім бар. Мәселен, есепті кезеңде қала кәсіпорындары 240,2 миллиард теңгеге өнім өндірген. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда 9,8 миллиард теңгеге артық. Нақты көлем индексі 101,1 пайызға жетіп, жан басына шаққанда өндіріс көлемі 669,8 мың теңгені құрапты. Осындай нақты жұмыстардың нәтижесі шығар, Тараз қаласы 2018 жылы мемлекеттік бюджетке 39,9 миллиард теңге салық және басқа да міндетті төлемдерден түсім түсіріп, жоспарды 107,3 пайызға орындаған. Оның ішінде республика қазынасына түскені – 13,5 миллиард, ал облыстық бюджеттің түсімі 14,2 миллиард теңгені құраған. Жергілікті бюджетке кірген кіріс – 12,2 миллиард теңге. Өткен жылы қалада іске қосылған индустриялық-инновациялық жобалардың өнеркәсіп саласындағы өнімділіктің артуына қосқан үлесі мол. Соның арқасында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 69,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш индустриялық, бюджеттік инвестициялық және басқа да бизнес жобалардың жүзеге асырылуына байланысты өсіп отыр. Ал тұрғындардың жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 193,9 мың теңгені құраған. Химиялық тізбекті реакция секілді бұл көрсеткіштер өз кезегінде көтерме және бөлшек саудадағы тауар айналымының артуына әсер етсе, ал мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік туды. Биыл Астана қаласындағы тәжірибе негізінде қолға алынған «Көше саудасы – 100» орын жобасы толық іске асса, бұл бағыттағы жұмыс жандана түсері анық. – Қазір бір типті дүңгіршектердің эскизі әзірленді. Белгіленген жер телімдері бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 3 аукцион өткізіліп, 32 жер телімі жеке кәсіпкерлерге жалға берілді, тағы 61-інің құжаттары дайындалып жатыр. Бірқатары жаңа үлгідегі дүңгіршектерді орнату жұмыстарын жүргізуде, – деді Ғалымжан Райылұлы. Басқа облыстарға қарағанда біздің өңірде тұрғындардың қалаға шоғырлану үдерісі баяу жүргенімен, Таразда да баспана және тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға деген сұраныс жоғары. Дерекке сүйенсек, қазір шаһарда 16573 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, 70 057 адам үй салу үшін жер телімін сұрап, кезекке жазылыпты. Былтыр 243,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенімен, көпшілік сұранысын толық өтеу үшін әлі біраз күту керек. Десек те қалада жаңадан бой көтеріп, жобасы сызылып жатқан бірнеше жаңа шағын аудандар барын ескерсек, Тараздың да қанатын кеңге жая түсер кезі алыс емес. Негізі тұрғын үйлермен қамту жұмысы инженерлік желілерді тартудан басталады десек, Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар қалада «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жүргізіліпті. Бұл әкімнің қала тұрғындарының алдындағы есепті жиындарында жиі көтерілетін мәселе болғандықтан, жұрт оның шешімі табылар кезді асыға күтетіні белгілі. Сондықтан жиында қала әкімі оған айрықша тоқталды. – «Былтыр «Барысхан» және «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқаптарында сервистік су желілерін салу, Әуежай аумағындағы тұрғын алқапты электрмен қамтамасыз ету, Абай даңғылы бойындағы жылу магистралін қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары іске асырылды. Бұл жерде атап өтетін жайт, қазір «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабына баратын су тартқыштың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал «Барысхан» алқабында мұндай жұмыс биыл басталып, 2021 жылы іске қосылатын болады. Су құбырының жалпы ұзындығы 10,1 шақырымды құрайды, – дей келе, Ғалымжан Райылұлы Қант зауыты алқабының 8 көшесіне сервистік су құбыры салынып, толығымен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгенін атап айтты. – Тараз қаласы дамуының басты бағыттарының бірі – тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, тазалық және автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстау, сыртқы жарықтандыру, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі. Тұрғындардың жайлы және қолайлы өмір сүруі осы мәселелердің жылдам әрі уақтылы шешілуіне байланысты. 2019 жылы Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейін сквер, жаяу жүргіншілер (Арбат) аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағында абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ «Көне Тараз» кешенінің маңында «Сағат» стеласы орнатылатын болады. Ал Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» аллеясын абаттандыру жұмыстары Наурыз мейрамына дейін аяқталатын болады. Аталған нысанның атауы, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұсынысымен «Жастар аллеясы» болып өзгертіледі. Бұл – Жастар жылындағы елеулі іс болары анық, – деп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өткен қала әкімі барлық сала бойынша қол жеткізген жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерге де жеке тоқталды. Білім, денсаулық сақтау салаларындағы түйткілдер де назардан тыс қалған жоқ. Жұмыспен қамтудың жай-күйі, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту жолдары да сөз болды. Тұрғындарды да толғандыратын жайт – осындай түйткілдердің шешімі екені мәлім. Жиында әкімге сұрақ қойған Рано Кенжеханова Рысбек батыр көшесіндегі №9 жатақхананың шатыры жаңартылса деген өтініш айтса, Пернебек Сырғалиев Төрткүл аумағындағы Ы.Сүлейменов көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер жолын салу, жылу магистралін жаңғырту кезінде ойқы-шойқысы шыққан жолды қалпына келтіру, Сұлтанбаев көшесіне жарық бағаналарын орнату туралы мәселе көтерді. Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенттері Жанерке Дүйсен мен Айдана Сәрсенбай жастар мәселесін қозғап, Жастар жылында қандай шаралар қолға алынатынын сұрады.

Тұрғындар пікірі

Абрахман Зайнутдинов, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелері Тараздағы барлық іс-шараларды өткізуге атсалысып отырады. Біз Қала күнін мерекелеу кезінде шаһардағы оң істерді көріп-таныстық. Мен туған қаламның өзгергенін көріп қуанамын. Мемлекет басшысы алға қойған бағдарламалық міндеттерді табысты іске асыру жолында облыстық және қалалық әкімдіктер дұрыс бағытта және тиісті деңгейде жұмыс істейтінін көрсетіп отыр.

Алдияр Түсіпов, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі: – Өткен жылы қаланы көріктендіру, саябақтарды көркейтуге баса назар аударылды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасау, мерейтойларымен құттықтау, тиісінше көмек көрсетуді қала басшылығы еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан ардагерлер ұйымы, оның белсенді мүшелері қаламызды өркендету жолында барлық жігер-күшін, өмірлік тәжірибесін арнауға әзір.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Тараз қаласы.