Жаңалықтар

Бізге армандауға болмайды ма

Бізге армандауға болмайды ма

– Бай мемлекетте тұрып кедейдің күнін кешкеніміз жетер, – деп, таң атпай жекірген əйелімнің ащы айқайынан оянып кеттім.Түнде басын диванға соғып алған шығар. Болмаса қайдағы байлықты айтып тұр? Əлде, ішінде бірдеңесі оянды ма екен? Жын қағып кетпесе жарар еді... – Біз бүгінен бастап бай боламыз.Жалақымыз енді бәленбай мың теңге болады, – деді. Мұны естіп балалар қуанғаннан құлынша секірді. – Қалай? – дедім. Жақсы тұрмысты кім жек көреді? Мүмкін тəуір түс көрген болар. – Армандаймыз, – деп əйелім əңгіменің нүктесін қойды. Үй іші ойланып қалды. Бір ойлаған мақсатқа жету үшін аңсаған арман да керек қой. Бірақ неден бастаймыз? – Балам, ауладағы «Джипті» жуып тасташы, – деп мен бастадым. – Ой, əке, менің қолым тимей жатыр, үй қызметшісіне айтшы, – дейді балам. Əкем: – Дубайға барып демалып қайтайық. Шешем: – Америка тұрғанда Дубайды қайтесің. – Түскі асқа қызыл балық пісіріп берейін бе? Əлде, мейрамханадан барып тамақтанамыз ба? Айтпақшы, менің бриллиант сақиналарым айнаның алдында тұр еді. Көрдіңдер ме? Бұл – біздің əйелдің арманы. Үлкен ұлым: – Əке, бір миллион теңге бере тұршы киноға барып келейін. Ауызбен армандаған рахат екен. Кəдімгідей байып қалдық. Сөйтіп армандап жүргенде үйге біреу телефон соқты. – Сəлеметсіздер ме? Бұл қаржы бақылау мекемесінен ғой. Сіздер байып кетіпсіздер деп естідік. Дүние-мүліктеріңізді тіркеңіздер. Əйтпесе айыппұл төлейсіздер. – Кешіріңіз, оны кім айтты? – Көршілеріңіз... – Біз байыған жоқпыз. Əншейін үйде армандап жүрміз. – Армандауға болмайды. – Неге? – Заңға қайшы келеді, – деп байланысты үзді. – Ойпырмай, енді үйде отырып армандауға болмай ма? Көшеге шығып армандасақ бір жөн, – деп əйелім быт-шыт болды. Өтірік армандауды осылайша ұмытып кеттік. Бір күні базардан лотерея билетін сатып алдым. – Əйел, мына билеттен ақшалай ұтыс шықса қайтеміз? – Мə, қанша? – Мысалы, елу миллион ұтсақ... – Қымбат көлік сатып аламын, – деді əйел. Қайтадан армандап кетті. Өткендегі ескерту есінде жоқ. – Сен көлік жүргізу білмейсің, бірінші бағанаға барып соғасың, – дедім. – Онда итальянский диван аламыз. – Жоқ, французский диван аламыз. – Жоқ, итальянский, – деп əйелім қояр емес. – Италияның диванына соншама неге жабысып қалдың? – Итальянский сықырламайды, – дейді. Жатып көргендей. Тап осы кезде біздің есік сықыр етті. – Бұл кім? – Полиция – Жайшылық па? – Сіздер көп ақшаны қайдан алдыңыздар? – Қандай ақша? – деп əйелім зың-зың етті. – Елу миллион, – дейді əлгі полиция міз қақпастан. – Айналайын, бұл – лотерея билеті, əлі ұтқан жоқпыз, – дедім. – Жарайды, ұтып алсаңыздар хабарын беріңіздер, – деп əлгі полиция бетімізге жымиып қарап тұр. Бұлар үйдегі сыбырды қайдан естиді?... Полиция кеткее соң қайтадан ақырын армандай бастадық. Үйде екеумізден басқа ешкім жоқ. Əке-шешемді көрші үй «шекеге» шақырып кетті. Болашақ байдың екі ұлы мектептен əлі келе қойған жоқ. Өткенде олар біз байдың баласымыз, – деп айтып, мұғалімдерінен басым пəлеге қалды. «Мектепке демеуші бол» деп ақша сұрап, əрең құтылдық. Содан қашпаған қашардың əңгімесін əрі қарай өрбіттік. – Қасқа-ау, жындының сандырағы келеді деген шынымен ұтыс шықса қайтеміз? – дейді əйел. – Байдың əйелі болып шыға келесің, – деймін мен. – Ең болмаса он миллион ұтсақ неміз кетеді? Үйге жөндеу жүргіземіз. Мойнымызға сүлікше жабысқан несиелерден құтыламыз. Ой, шіркін-ай... Есікті тағы біреу соқты. – Кім екен? – деп əйелім дауыстады. Ешкім үндемейді. – Есікті ашпа, бандиттер болып, тонап кетер. – Бізде алатын ештеңе жоқ, – деп əйелім есікті ашып кеп жіберді. Үйге бетіне қара бетперде киген қарақшы кіріп келді. Қолында пышағы бар. – Ойбай, – деп қатын тұра қашты. Мен бір орнымда қатып қалдым. – Елу миллион қайда? – Біз əлі ұтқан жоқпыз. – Қашан ұтасыңдар? – Оны бір Құдай біледі. – Үйде алтын бар ма? – Қайдан болсын? Аяғының ұшымен əйелім жақындады. – Шырағым, қарақшыжан, біз тек армандап жатырмыз. Күнімізді əрең көріп жүрген бізді қайтесің?-деп жалынды. – Лотерея билеті қайда? – Міне, – деп қарақшының қолына ұстаттым. – Ұтыс шықпаса мойныңды жұламын, – деп шығып кетті. Зəреміз қалмады. Тыныш жүрмей, армандап неміз бар еді?..

 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

Ақтөбе қаласы.