Әлеумет

Қайткенде адам қалады адам болып?

Қайткенде адам қалады адам болып?

Талантты жас боксшы Садриддин Ахмедовтің рингтегі жолбарысша жұлқынған сәттерін біраздан бері байқап жүрмін. Бірақ... оны өзге жұрттың өкілі деп өзгеше ойлап, өзгерек қызғанбаппын. Оның жекпе-жегін асыға күтіп жүрген жанкүйерлердің бірі ретінде салмақ өлшеу кезіндегі бейнебаянын парақшама салғанмын. Бірақ... ол туралы «осы баламның түбі кім?» деп өзіме-өзім одағай сұрақ қоймаппын. Қарсыласы мексикалық боксшының бойы Садриддиннен ұзындау екенін көріп, көңілім кәдімгідей қобалжыған. Бірақ... өзге жұрттың өкілі шығар деп немкеттілік көрсетіп, бейғамдық танытпаппын. Таңертеңмен «Вести.кз» сайтынан Садриддиннің нокаутпен жеңіске жеткен ролигін көріп, ФБ-ның бүкіл «халқынан» сүйінші сұрадым. Бірақ... ойымда «осының ұлты, ұлысы кім болды екен?» деген сияқты ұшқары ой болған жоқ. СОЛ ОЙМЕН... күні бойы шаруаларымды бітіріп, кешке таман ФБ-ға кірсем, өсітпесек пенде боламыз ба, әлемдік кәсіпқой бокс шыңына қарай төтелей тартып келе жатқан сүйікті ұлымызды біреулері «өзбек», екіншілері «қазақ» деп, «көкпар» тартып жатыр. Не деген сұмдық бұл? Қуанудың орнына мұнысы несі? Неге болмайтын нәрседен күдіктеніп, күмән тудырады? Қазағының қара сөзімен қасқайып тұрып «Бұл жеңісімді қазағыма арнаймын!» деген жас түлек туралы өзгеше ойлап, одағай сөз айтуға қалайша дәттері барады осы жұрттың? Ата-тегінің шежіресін, тіпті, үрім-бұтағына дейін сызып тұрып жазып кеткен Дінмұхамед Қонаевты да «татар» дегендермен сөз таластырдық-ау кезінде. Ендігіміз мынау, жасты кеудесінен итергендей ғып, «қазақ емес» деу қалып еді. Оңтүстіктегілердің бәрін сыпыра «өзбек» дейтін ағайындардың бар екенін білеміз. Өз кезегінде оңтүстіктегілер де олардан қалыспай, «Ой, әдіре қалғыр, өздерінің «орыс» боп кеткенімен істері жоқ» деп салады. Осыдан кейін «Адам қалай қалады адам болып?» деп күйзеле, күйіне ойланасың. Торығасың. ФБ деген алаңды ауызбірлікке, біртұтас ел болуға неге пайдаланбаймыз? «Айтақ!» дегендердің сөздеріне еріп, жалпылдап шаба бергенше, бір мезгіл ойланып, ақылға салып барып іс қылайық та, ағайын!

P.S. Жасөспірім кезімде оқыған кітаптарымның ішінде тәжік әдебиетінің классигі Садриддин Айнидің «Құлдар», «Дохунда» деген шығармалары бар еді. Содан бері Садриддин есімі маған етене жақын. Өйткені шығармасы арқылы авторын да құрмет тұтатын әдетім. Бірақ... боксшы балам Садриддинді не тәжік, не өзбек деп ойламаппын ғой. Аты-жөнін алғаш естігелі, оның оң қолын шекесіне апарып, халқына құрмет көрсетіп тұрған суретін көргелі бері қазақтың батыр ұланы деп келемін.

 

Көсемәлі Сәттібайұлы