Электронды ақшаның жағдайы және болашағы
Электронды ақшаның жағдайы және болашағы
Ғасырлар бойы адамдардың ақшаға деген көзқарасы өзгеріп отырған, адам өміріндегі әлеуметтік-тұрмыстық өзгерістер есеп айырысудың жаңа және жетілдірілген түрлерінің туындауына ықпал етті. Жай ғана айырбастау әдісінен басталған сауда, өзінің эволюциялық даму кезеңдерінен өтіп, алғашында алтын, кейіннен қағаз түрінде болса, қазірде ол пластикке, тіптен одан өтіп, «электронды» түрде болып отыр. Әлемнің дамыған елдерінде электронды ақшаны қолдану кеңінен жайылған, сол ақшаның буы біздің елге де жетіп, бүгінде ол қоғамның әр саласына еніп, қанатын кең жая бастаған. Сонымен электронды ақша деген не? Қай уақытта пайда болды және мүмкіндіктері қандай?
Электронды ақша – бәріне үйреншікті ақшаның бір түрі және ол тек қана электронды түрде, яғни, арнайы электронды жүйедегі жазбалар түрінде кездесетін төлем құралы. Электронды ақшаның кәдімгі күнделікті пайдаланатын ақшадан айырмашылығы – оны қолмен ұстап, қалтаңызға сала алмайсыз және ол тек қана интернет желісінде қолданылады. Дегенмен, электронды ақшаға қалаған затты сатып алуға, түрлі қызметтер үшін есеп айырысуға, бір сөзбен айтқанда, кәдімгі ақша сияқты пайдалануға әбден болады. Электронды ақшаның тарихы сонау 1918 жылы АҚШ-тың Федералдық Резерв Банкі телеграф арқылы ақша жіберуінен бастау алған. Араға бірталай жылдар салып, 1993 жылы электронды ақшаның дамуы қайта жолға қойылып, содан бері дебет және кредит карталарын қолдану ғана емес, интернет арқылы сауда-саттық жасау да кеңінен тарала бастаған. Ал, отандық нарыққа электрондық ақша жүйесінің жаңа төлем құралы ретінде енуі 2011 жылғы 21 шілдеде «Электронды ақшалар сұрағы бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) қабылдануынан бастау алды. Қабылданған заң алғаш рет елімізде «электронды ақша» деген ұғымды енгізіп, оның құқықтық мәртебесін бекітті. Электронды ақшаны пайдалану қабылданған заңға сәйкес, басқа да төлем құралдары – төлем карточкалары, чектер, вексельдер, төлем тапсырмалары сияқты төлем жасау тәсілдеріне жатқызылды. Аталған заңға сәйкес, электронды ақшаны шығару құқығы екінші деңгейдегі банктерге берілді. Бұл, электронды ақшаны шығару қызметі жеке және заңды тұлғаларды тарту, сонымен қатар, бірқатар банктік операциялар жасаумен байланысты болуымен түсіндіріледі. Сонымен бірге, Заңмен жүйенің операторлары немесе агент-эмитенттері ретінде банктік емес жеке меншік ұйымдардың электронды ақша жүйелеріне (электронды ақша эмитенттерімен жасалған келісім-шарттың негізінде) қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жеке меншік ұйымдардың банк-эмитенттердің айналымға шығарылған электронды ақшаларын таратумен (сату және сатып алу) айналыса алатынын және оларды пайдалана отырып, операцияларға қызмет көрсете алатынын білдіреді. Эмитенттің электронды ақшаны шығаруы, электронды ақша иелерінен алдын ала алынған қаражат сомасының шегінде жүзеге асырылады. Бұл норма эмитенттердің қамтамасыз етілмеген электронды ақша шығару мүмкіндігін болдырмау мақсатында енгізілген. Электронды ақша айналымы, әдетте компьютер желілері, ғаламтор, электронды әмияндар арқылы жүзеге асады. Виртуалды ақшаның иесі атану үшін, ең алдымен электрондық ақшаның жүйесін таңдау қажет. Қазіргі таңда республика аумағында 4 қазақстандық электронды ақша жүйесі жұмыс істейді және 5 банк олардың эмитенттері болып табылады: 1. «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК электронды ақша жүйесі (http://www.ekzt.kz/). Эмитенттері – «Эксим банк» АҚ жəне «ТемiрБанк» АҚ. 2. «Woopay» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Евразиялық банк» АҚ. 3. «KZM» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «Альянс банк» АҚ. 4. «Visa Qiwi Wallet» электрондық ақша жүйесі. Эмитенті – «AsiaCredit Bank» АҚ. Электрондық ақша жүйелері, электрондық ақшаның көмегімен интернет желісі арқылы, тәулігіне 24 сағат, үздіксіз режимде коммуналдық төлемдер, мобильді байланыс, телевидение, салықтар, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұлдар және бюджетке басқа да төлемдер бойынша ақы төлеу, сонымен қатар, интернет-дүкеннен қалаған тауарыңызы сатып алуды үйден шықпай-ақ жүзеге асыру мүмкіндіктерін береді. Бүгінгі таңда Қазақстанның электрондық ақша нарығы өзінің дамуының бастапқы сатысында, дегенмен виртуалды әлем өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған заманда, технология мен экономиканың түйісуінен пайда болған осы бір жаңа төлем құралының аудиториясы мен сервистері біртіндеп кеңейіп келеді. Электронды ақша танымалдығының өсуі оның қарапайымдылығы, тиімділігі және қажетті тауарды аздаған минут ішінде табу мүмкіндігімен байланысты. Келешекте компьютер мен ғылымның дамуы Интернеттің одан əрі таралуына және тұтынушылар үшін Интернет арқылы мүмкін болатын қызмет көрсету түрлерінің өсуіне, ол өз кезегінде электронды ақшаның қолданыс аясының кеңеюіне әкелетіні сөзсіз.
Гүлсана МАЙМАҚОВА,
Қазақстан Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының колма-қол ақшамен жұмыс жүргізу және кассалық операциялар бөлімінің бас маман-экономисі.