Еліміздегі үш автожол ақылы болады
Еліміздегі үш автожол ақылы болады
2019 жылдың 26 қаңтарында «Астана – Теміртау» (134 км), «Алматы – Қапшағай» (42 км), «Алматы-Қорғас» (295 км) автожолдарына төлем жүйесі іске қосылды.
Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігінің хабарламасында осылай деп мәлімделіп отыр. Аталған ақылы автожол телімдеріне енгізілген төлем алу жүйесінің жұмыс істеуі республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсартуға, жол апатын төмендетуге, логистикалық дәліздерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Көлік инфрақұрылымын дамыту жалпы ішкі өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді, автожолдарды жөндеуге, жаңартуға және күтіп-ұстауға қаражат салуды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұл жөнінде ақылы автожол телімдерін қамтитын аумақтардың тұрғындарына алдын ала ақпарат беріліп, арнайы кездесу, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ендігі жерде автожолдардың жеңіл көліктер үшін алдын ала төлем мөлшері «Астана – Теміртау» бағытында – 200, «Алматы – Қапшағай» бағытында – 100, «Алматы –Қорғас» бағытында – 300 теңге көлемінде белгіленіп отыр. Ал қолма-қол төлем мөлшері бұған қарағанда екі еседей жоғары. Төлемақыны телімнің шыға беріс аумағындағы арнайы бекеттерге төлеуге болады. Жеңіл көліктер үшін төлемді алдын ала төлем ақысы бекеттердегі бағадан екі есе төмен болады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізушілерге төлем алу бекеттерінде кезекте тұрмау үшін қолма-қол ақшасыз төлеу әдісін ұсынуда. Төлем төлеуден босатылатын жүргізушілердің бірқатар санаттары үшін жеңілдіктер де қарастырылған. Айта кету керек, 2018 жылғы қыркүйектен бастап «Астана – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» автожол телімдерінде ақы алу жүйесі сынап көру режімінде жүзеге асырылған еді. «Aq jol-Aqparat».