Жаңа жүйенің тиімділігі көп
Жаңа жүйенің тиімділігі көп
2020 жылдан бастап сақтандыру пакеті пайдаланылады
Денсаулық сақтау саласындағы енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандырудың тиімділігі көп. Ең басты пайдасы бұл жүйе азаматтардың өз денсаулық жағдайына жауапкершілігін арттырады. Әйтеуір жыл бойы қорға жинаған қаржысына алатын медициналық көмек қолжетімді болатынына көзі жеткен соң, тұрғындардың бұрынғыдай ауруы асқынғанша дәрігерге қаралмай жүріп алмайтыны анық. Тағы бір артықшылығы – сақтандыру қоры «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептерге ақы төлейді. Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен жасасқан келісімшарттан түскен қаржы есебінен сатып алады. Негізінен сатып алу кезінде дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштерге қарайды. 2018 жылы Қор мен аталған серіктестік арасында 101,9 миллиард теңгеге келісімшарт бекітілген болатын. Ал «Медициналық сақтандыру қоры» былтыр кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткені белгілі. Осыған байланысты Қор өткен жылы дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептерге ғана ақы төлеуге көшті. Осы жүйе бойынша емделушілерге SMS хабарламалар жіберіліп, дәрі-дәрмектің қаншалықты қолжетімді болғаны нақтыланып отырды. Жаңа талап тегін дәрі-дәрмекпен қамту көрсеткішінің шынайы көрінісін ашып берді. Нәтижесінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық барын анықтады. Мониторинг нәтижесі өкілетті органдардың тиісті мекемелерге тексеру жүргізуіне түрткі болып отыр. Тексеруді Фармация комитеті мен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жүргізеді. Ал нәтижесі бойынша қабылданған шешімдер құқық қорғау органдарына жіберілмекші. Денсаулық сақтау министрлігі, «Міндетті сақтандыру қоры» мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп енгізген SMS-хабарлама жүйесі тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау мақсатында қолға алынған-ды. Оның алғашқы нәтижесі жаңа жобаның тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген емделушілерге телефондарына SMS-хабарлама жолданған болатын. Жіберілген 191 хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар шын мәнінде қолына тимегендер SMS-хабарламаға жауапты «0» цифрын жолдап немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-ның 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалып айтқан еді. Нәтижесінде Қорға 2 881 емделушіден жауап келген. Оның 441-інің рецепт бойынша дәрі-дәрмек алмағаны белгілі болды. Тағы 32 адам – диспансерлік есепте тұрмайтыны және ешқашан тегін дәрі алмағаны, 10 адамға дәрі-дәрмек ішінара берілгені анықталып отыр. Дәрі-дәрмек қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Атырау, Қызылорда, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары жолдаған. Бұл жоба мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді. Тізімде Шығыс Қазақстан облысындағы Защита темір жол ауруханасы, Өскемен қаласындағы №1 және №2 емханалар, Қарағанды қаласындағы №1 емхана, Түркістан облысы Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухана мен №23 емхана, Астанадағы «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы бар. «Міндетті сақтандыру қоры» – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық кепілдендірілген көмек пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор осы тегін көмек пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. Ал міндетті сақтандыру пакеті 2020 жылдан пайдаланыла бастайды.
Мавлюда Боқаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының басшысы.