Таразда талдарды тамырымен қопарып...
Таразда талдарды тамырымен қопарып...
Орнына жанар-жағар май стансасын салып жатыр
Тараз қашанда халықты жасыл желегімен сүйсіндіріп келе жатқан қала. Соңғы жиырма жыл ішінде ол жанар-жағар май құю стансасын жапа-тармағай салумен ерекшеленіп, тұрғындардың өкпе-ренішін туғызумен де атағы шыға бастады. Бұл аз дегендей, облыс орталығындағы «Зербұлақ» көлінің маңына орналасқан «Жасыл сквер» аталатын аумақтағы тал-дарақ оталып, орнына тағы бір май құю стансасын салу қолға алынды. Мұны қала тұрғындарының мұқтажы үшін аса қажеттіліктен туған жоба деп айтуға ауыз бармас.
«Талас» мөлтек ауданына жақын жасыл баудың қала ауасын тазартуға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқаны кімге артық көрінді екен? Баудай түскен қайран талдардың түбіртектерін ауыр техника түбірімен қопарып, орнын тегістеп жатыр. Ұзақ жылдар бойы тамырын тереңге жіберген, бұтақтарының өзі жуандап жапырақ жайған ағаштардың аяусыз жойылуы жүрегіңді ауыртады. «Обалы кімге?» деп ойладық. Бұл келеңсіз көрініске сол маңдағы тұрғындар да қатты қапалы. Бірақ, күресерге дәрмендері жоқ.
«Тұрғын үйлердің және жақында осы жерден пайдалануға берілетін балалар бақшасының қауіпсіздігі ескерілмей салынғалы жатқан жанар-жағар май құю стансасының адамға да, айналаға да зияны көп. Онсыз да қала ішіндегі сапырылысқан автокөліктерден шыққан улы түтінмен тыныстап жүргеніміз аз емес. Енді жап-жасыл бауды қолдан құртып, табиғат тартуына таршылық етуіміз қалай?» – дейді тұрғындар. Тұрғындар бекерден-бекер айтпайды. Д. Қонаев көшесімен қиылысқан С. Сейфуллин көшесінің оң жақ бұрышында «RТS» жанар-жағар май стансасы көп жылдан бері жұмыс істеп тұр. Енді ол аз болғандай сол көшенің қарсы бетінен тура сондай жаңа станса бой көтермек. Екі нысанның арасын жол ғана бөліп жатыр. Сондықтан «Бұл жерге май құю стансасын салу аса қажет пе еді?» деген халықтың сұрағы заңды. Жұртшылықты мазалаған бұл сұраққа кім орнықты жауап берер екен? Жанар-жағар май құю стансасының құрылысын жүргізу үшін бүгінге дейін жасыл бақтың 33 түп ағашын қырқып тастапты. Жылда көктем, күзде көгеріштендіру жұмысымен айналысып, ағаш көшеттерін өсіруге әрекеттеніп жүргенде, жайқалып тұрған тал-дарақтардан қарадай айырылып отырмыз. Біз Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықовты осы мәселеге орай сөзге тарттық. – Жанар-жағар май құю стансасы жасыл желек өскен жекеменшіктегі жерге салынуда, – деп мойындады ол. – Қалайша, ол жасыл бау аймағы емес пе? – Иә, сол аймақтағы жер 2004 жылы аукцион арқылы жекеменшікке сатылған екен. Сондықтан жер иесі кесілген тал-дарақтың шығынын төлеп, орнына тиісті нысанын салуды көздепті. – Бұрын бір талды кесу немесе кеспеуді облыстық экология департаменті шешуші еді... – Қазір кәсіпкерлердің жұмысын қиындатпау үшін рұқсат құжатын алу жайы да жеңілдетілген. Қысқасы, бар мәселені шешу қала әкімдігінің құзырында. – Тура осы ну тал-дарақтың екінші жағында да балабақша құрылысы жүргізілуде. – Иә, ол да жекеменшіктегі жер. Кезінде аукционмен сатып алғандықтан, заңды құжаты бар. Міне, мәселенің мәнісі қайда?! Кезінде жүйесіз жүргізілген «жер сату» саясатының «жемісі» осылай болып отыр. Қазір «Бином водстрой» ЖШС аталған май құю стансасының құрылысын жүргізуге кірісіп те кетті. Мердігердің міндеті тапсырыс берушінің тапсырмасын мінсіз орындау ғана. Ал, алаң көңіл тұрғындардың жанайқайын кім тыңдар екен?.. Кәсіпкер кімдер? Халықпен неге кездеспейді? Сол жерде қарапайым адамдар сұраса, «аулақ жүр, бұл жасыл желекке оранған аймақ, есің дұрыс па?» деп, иттерісін басына қаптап, кеңсесінен шығарып жіберетін шенеуніктер бұл кәсіпкерлерге келгенде неге жомарт бола қалды екен?
Лесбек Сайлаубек,
«Ақ жол».
Тараз қаласы.