Саясат

ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП

ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП

Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында өткен ауыл әкімінің есепті кездесуіне тұрғындар көп жиналды. Былтыр ғана мұнда жаңа мектеп салынып, соғандықтардың тілегі орындалған болатын. Одан бөлек елді мекенде бірқатар шаруалар атқарылған екен. Ал биылғы жоспарланған жұмыстарды ауыл әкімі Талғат Үрістемов айтып берді. Жиынға аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық жұмыс бөлімшесінің бас инспекторы Аслан Таубалдиев қатысты. Бір ғана мектеп мәселесі емес, ауылда бұдан басқа да түйткілдер көп екен. Соның бірін есепті кездесуде ауыл тұрғыны М.Дүйсебаев көтерді. «Соғанды – Бетқайнар» автожолы мен ауылішілік көшелерінің қашан жөнделетінін сұраған азаматқа ауыл әкімі нақты жауап берді. Оның айтуынша, екі ауылды жалғап жатқан жолдың 3 шақырымын жөндеуге ведомстволық сараптама жасалып, облыстық құрылыс басқармасына қаржы бөлуге өтінім жіберіліпті. Егер қолдау тапса, аталған мәселе көп ұзамай шешілмекші. Сонымен қатар тұрғындар мектеп маңы ретке келтіріліп, сондағы арықтарға лотоктар қойылса деген өтініштерін жеткізді. Соғандыда өзеннен өтетін көпір қазір жарамсыз күйде. Көпшілікті алаңдатып отырған мәселелердің ішінде өзектісі – осы. Дегенмен бұл жайтты ауыл әкімі назарда ұстап отырған көрінеді. Өткелді жөндеу жұмыстарына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізуге жіберіліпті. Қаражат бөлінсе, көпір жөнге келтірілетіні сөзсіз. Сондай-ақ көпшілік ауылдық амбулаторияға дәрі-дәрмек уақтылы жеткізілсе дейді. Ұялы байланыстың нашарлығы да ауылдағы ағайынға қолбайлау болып жүр екен. Әкім осы жайттар назарға алынып, дәрі-дәрмек бойынша аудандық орталық ауруханаға хат жолдайтынын, ал байланысқа қатысты мәселені тиісті орындарға жеткізетінін айтты. Байқағанымыздай, 400-ге жуық тұрғыны бар ауылда шешімін күткен келелі мәселелер жетерлік. Дейтұрғанмен аудан және ауылдық округ әкімдігінің бірлесе атқарған жұмысының арқасында соңғы жылдары соның біразы шешімін тапқан. Жиынға қатысқан тұрғындар соны жеткізді. Соңында соғандықтар ауыл әкімінің жұмысына оң деген бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Еркін Қатбеков, журналист.

Қордай ауданы.