Бұқаралық спортты барынша жандандыру керек
Бұқаралық спортты барынша жандандыру керек
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында өңір спортының өткен жылғы табысы мен жетістіктері айтылды. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков саладағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Былтыр өңір спортшылары ресми жарыстарда барлығы 1 547 медаль жеңіп алған. Оның 560-ы алтын, 427-сі күміс, 560-ы қола. Айта кету керек, былтыр саңлақтарымыз XVIII жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 16 күміс, 4 қола, барлығы 22 медальға қол жеткізген. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш 2014 жылғы Азия ойындарында 11 медальді құраған. Төрт жыл бұрын медаль саны бойынша республика бойынша облыс төртінші орыннан көрінсе, былтыр үшінші сатыға жоғарылаған. Сондай-ақ 2017 жылы 203 спортшымыз ұлттық құрама сапына енсе, былтыр олардың саны 280-ге жетіпті. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыс аумағында барлығы 2 341 спорт нысаны бар десек, оның 1 933-і қолжетімді. Жиын барысында құрылысы сапасыз жүргізілген спорт алаңшаларының алаңдатарлық жай-күйі талқыға түсті. Асқар Исабекұлы бұқаралық спортты арттырудың тиімді тұстарын қарастыру керектігін баса айтты. Ол үшін спорт кешендері жоқ ауылдардағы мектеп спорт залдарын бос кезінде тұрғындарға пайдалануға беруді тапсырды. Алдағы уақытта соғылатын жаңа білім нысандарының құрылысын жобалауда осыны ескеруді, тиісінше қажетті құрал-жабдықтармен қамтуға да көңіл бөлуді тапсырды. Сонымен қатар қолданыстағы мектеп спорт залдарын да қажетінше ыңғайластыруға назар аудару керектігін ескертті. Өңір басшысы қолжетімді спорт нысандарын қайта нақтылауды ескертті. Сонымен қатар Жол картасына еніп, үш жылға жоспарланған қажетті нысандардың құрылыс жұмыстарының тиімді тетіктерін таба отырып, екі жылда аяқтауға күш салу қажеттігін айтты. Сонымен қатар футболдан облыс чемпионатын өткізіп, сол арқылы жас таланттарды анықтауға болатынын тілге тиек етті.