Әлеумет

Оқушының бос уақыты тиімді ұйымдастырылса

Оқушының бос уақыты тиімді ұйымдастырылса

Оқушының бос уақыты... олардың бос уақыттарын, әсіресе, жазғы, қысқы кани­кул­­дарын мейлінше тиімді әрі көңілді өткізулері үшін не істеуге болады? Мұндайда бір көмегі болады-ау деген мектептен тыс жұмыстар және шығармашылық орталықтар қалада, ауылда болсын жеткіншектердің бойында бар әр алуан қабілеттерін шыңдау ісімен ғана шектеліп отыр бүгінде. Олардың анау айтқандай техникалық-кәсіптік ауқымды жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті де, қаржылық жағдайлары да жете қоймайды. Мысалы, кеңестік кезең тұсында аудан орталықтарының барлығында дерлік «Жас техниктер» клубтары жұмыс жасаған-ды. Материалдық-техникалық базалары айта қаларлықтай әлеуетті болғанын білетіндер жоққа шығара қоймас. Осындай орталықтарда жас ұландар қолдан ұшақ жасап, оған мотор орнатып, пульттің көмегімен «ұшырып-қондырып» та жататын. Небір «жүрек жұтқан» жеткіншектердің бір-бір картингті атша мініп, атшаптырым алаңда арлы-берлі желдей жүйткитіні де есімізден шыға қойған жоқ. Ал, қазіргі ұландар әрі кетсе жоғарыдағыдай орталықтарда ағаштан жонып, пластилиннен «илеп» қолөнер бұйымдарын жасаумен ғана шектелінетінін көзіміз көріп жүр. Өңірімізде «Жас техниктер» клубтары саусақпен санарлықтай, болмаса мүлде жоқ. Облыстық мектептен тыс жұмыстар және пән олимпиадаларын ұйымдастырып, өткізу жөніндегі орталықтың директоры Шариякүл Кашкинова өздерінде техникалық құрал-жабдықтар баршылық, алайда арнайы техникалық білімі бар білікті мамандарға зәру екендіктерін айтады. «Мұндай кадрлар табылып жатса, жас техниктер клубтары жұмысын жолға қоюға мүмкіндігіміз бар» дейді ол бұл тұрғыда. Қырық екі жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген аталмыш мекеменің ғимараты биыл ғана қаражат бөлініп, жөндеуден өткізілгелі жатыр екен. Дегенмен, мекеменің жалақы қоры тақыл-тұқыл. Мысалы, мұндағы психологтың айлығы 30 мың теңге ғана. Облыстық деңгейдегі мекеменің жай-күйі мынадай болғанда, қала, аудандардағы оның құрылымдық бөлімшелері жайлы пәлен деп бірдеңе айтудың өзі қиын-ау. Дегенмен, оқушының бос уақытын соншалықты көп қаржы шығармай да тиімді ұйымдастыруға болады, біздіңше. Әсіресе, ауылды жерлерде. Бұл іс, әлбетте, білім беру ұйымдары басшыларының, жеке пән мұғалімдерінің бастамашылдық танытуына, белсенділіктеріне де байланысты. Мысалы, Байзақ ауданындағы М.  Әуезов мектебінің биологы Жұртжан Кекіловтің осы орайда тындырған тірліктерін жер­лестері әлі күнге ілтипатпен еске алып отырады. Ол сексенінші жылдары жаз бойы еңбектеніп, оқушылар көмегімен мектеп жанындағы 75 гектар тәжірибелік телімінде дәнді дақыл, мақта, жоңышқа, көкөніс, бақша дақылдарын егіп өсіруді үрдіске енгізіп еді. Мұның өзі оқушылардың бос уақыттарында, жазғы демалыстарында тиімді іспен айналысуыларына мүмкіндік туғызды. Тәлімгер ұстаз оқушыларды қыста да пайдалы еңбекке баулу мақсатымен он сегіз шаршыметрлік жылыжай және көкөніс сақтау қоймасын салып, іске қосуды ойластырып жүргенінде беймезгіл дүниеден озды. Оның бір өзі мектеп оқушыларын түгел дерлік жұмыспен қамтып, еңбекке баулыған үлгісін неге жаңғыртпасқа? Бұл істі одан әрі жалғастырып жатқан да ешкім жоқ бүгінде. Оқушыларымыз қайда, қалай демалып, бос уақыттарын қандай пайдалы тірліктерге жұмсауда? Ойланарлық-ақ мәселе. Бұл туралы сұрағымызға облыс әкімдігі білім беру басқармасының маманы Гүлзира Дәрібаева біраз мәліметтер берді. Оның айтуынша, оқушылардың жазғы демалыстарында кезең-кезеңімен пайдалы жұмыстармен қамтылуы, не істеп, қойып жүргендіктері білім мекемелері бақылауында болады. Оқушыларды еңбекке тәрбиелеу мақсатымен мектептер жанында жаз бойы жұмыс істейтін арнайы бригадалар құрамына, түрлі үйірмелерге тарту ісі кезең-кезеңімен жүргізіле де бермек. «Дейтұрғанмен, жұмыс берушілер балаларды уақытша ақылы жеңіл жұмыстарға қабылдап, еңбекке тәрбиелеуге аса қызығушылық таныта қоймайды» дейді ол. Әзірге... балаларға шаһарымыздың әр тұсынан ашылған ондаған су айдындары (бассейндер) біраз «жұбаныш» болып тұр. Бұрындары су бұрқақтар маңын «шомылу орнына» айналдырған балалардың көбін осы маңнан табасың енді. Мұндай демалыс нысандарының бассейні бар аумағына кіру ақысының өзі 600-1000 теңге аралығында, қалтаны ұрып-ақ тұр. Ал, саябақтарда әткеншек тебу, паровоз, машиналарға міну, батутта ойнау дегендерің удай қымбат, он-он бес минуттық қана мерзімде қалтаңызды қағып береді. Оның өзінде ойын түрлерін ұсынатындар бүгін бар, ертең жоқ көшпелі «топтар», адам қарасы мол жерде табан астынан шыға келгендей шатырларын тігіп, жапатармағай өз қызметтерін ұсынуда. Олардың мұнысы былай қарасаң «көз алдау», жоқтан бар жасау секілді көрінеді. Тиісті мүдделі мекеме басшылары, кәсіпкерлер тарапынан облыста ойын индустриясы өркениеттік талапқа сай дамытылуына жанашыр көзқарас қалыптастырылуы қажет-ақ. Аз айт, көп айт, қалтаңыз қалың болғаны жөн. Бәлкім, ата-аналар ұл-қыздарының жазғы демалысының жайын оқу басталған сәттен бастап ойлап, қам жасап, қаржы жинақтай бастауы қажет болатын шығар, ендігі жерде. Болашағымыз – балаларымыз үшін ештеңені де аяп қалмауға тиіспіз.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».