Экономика

«Қазфосфаттың» Жамбыл облысындағы кәсіпорны тоқтамайтын болды

«Қазфосфаттың» Жамбыл облысындағы кәсіпорны тоқтамайтын болды

«Қазфосфат» ЖШС Жамбыл облысындағы кәсіпорнын тоқтатпайтын болды, деп хабарлады кәсіпорын дирекциясынан. Бұған дейін «KEGOC» АҚ-ның Солтүстік-Оңтүстік Шу-Фрунзе бағытындағы желіні тамыздың 4-12-і аралығында жөндеу жұмыстарына жүргізуді жоспарлауына байлынсты  Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» химиялық кәсіпорнының жұмысы толықтай тоқтайтыны айтылған болатын. «Қазфосфат» ЖШС-ның Бас директоры Мұқаш Ескендір бұл мәселенің оң шешілгенін хабарлады. Енді, «KEGOC» АҚ белгіленген мерзімде Солтүстік-Оңтүстік желісін уақытша қиғанына қарамастан, Жамбыл облысының химиялық кәсіпорны бұрынғы қалыпта өз жұмысын жалғастырады. «Бұл түйткілді мәселе Үкіметтің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің жан жақты ойластырған сауатты әрекеттерінің арқасында шешілді», - деді М.Ескендір. «Қырғыз тарабымен келіссөздер жүргізілді, 1 қазанға дейін қайтарыммен электр энергиясы мен судың қажетті көлемі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», - деді «Қазфосфат» бас директоры. Айта кетейік, «Қазфосфат» ЖШС 1999 жылы құрылған. Химия кәсіпорындарында 6 мың адам жұмыс істейді. 13 жылда компания 397 млрд. теңгеге өнім шығарып, сала көшбасшысына айналды. «Қазфосфат» ЖШС - Жамбыл облысының ең ірі компаниясы. «Қазфосфат» ЖШС - сары фосфор, триполифосфат натрий, минералдық тыңайтқыштар, азықтық фосфат және т.б. сияқты фосфоры бар өнімдердің 20 түрін шығаратын негізгі қазақстандық өндіріс орны. Оның өнімі әлемнің 27 еліне жеткізіледі.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz