Саясат

Талант ты жастардың талабы таудай

Талант ты жастардың талабы таудай

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған еді. Кеше Астана қаласының «ЭКСПО – 2017» көрме кешені аумағында орналасқан «Нұр Әлем» павильонында Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп, Президент жыл ішінде қолға алынуы тиіс ауқымды бастамаларды атап көрсетті. Жас буынды Жастар жылының басталуымен құттықтады.

«ауыл-ел бесігі»

Онлайн режімде көрсетілген «Жастар жылының» ашылу салтанатын көріп, Елбасы сөзін тыңдау үшін жамбылдық белсенді жастар Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде бас қосты. Еліміздегі табысты, талантты жастар жиналған жиында экономиканың әр саласында еңбек етіп, сапалы білім алып жүрген тәуелсіздіктің ұландары өз жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін білдірді. Олардың бірі – кәсіпкер, екіншісі – фермер, аударма маманы, өнертапқыш, металлург, ғалым, сарбаз, ерікті, ақын, спортшы. Әрқайсысының айтқан сөзі өңір жастарына серпін беріп, ертеңге деген сенімін арттырды. Сондай-ақ Ұлт Көшбасшысы алдында сөз сөйлегендердің ішінде 12 жасында Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті атанған Абзалдың алғырлығына таңданбаған жандар кемде-кем. Робот жасау, аударма саласын жеңілдететін жүйе ойлап тапқан вундеркинд қазір де екі жоба бойынша ізденіп жатқандығын жеткізді. Болашағынан зор үміт күттіретін 2-курс студенті білімін тереңдете түсіп, компьютерлік техника, нанотехнология мен роботтар құрастырып, оларды өзімізде шығаратын кәсіпорын ашқысы келетіндігін жасырмады. Бүгінде 5 миллионға жуық қандасымыз шетелдерде өмір сүріп жатыр. Ата жұртты бір көруді армандап жүргендері қаншама. Соның бірі – Моңғолиядан келген атақты бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы. Қаршадайынан 18 метр қиядан бүркіт алуды үйренген ол 13 жасында 79 бүркітші қатысқан сайыста 5 секундта қыранын қолына қондырып, рекорд жаңартқан екен. Сол жас құсбегінің арманы мемлекет қолдауының арқасында орындалды. Қазір Астана қаласында білім алып жатқан Айшолпан Елбасы алдында сөз сөйлеп, моңғол елінде қалған туыс-бауырының тілегін жеткізді. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Елбасы көкейде жүрген көп жайтты жастардың өзі айтып өткеніне тоқталып, Жастар жылы аясында атқарылатын ауқымды шараларға, қолға алынатын, қайта жандандырылатын жобаларға тоқталды. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі». Алдағы уақытта осы жоба аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуеті күшейтілмек. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаның тізімін кеңейтуді ұсынды. Ауылға көшіп барғаны үшін жастардың жәрдемақысы 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеруді тапсырды. «Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2,8 миллион жоғары білімді маман даярланған. Егер 1991 жылы жоғары білімі бар адамдардың саны 42 мың болса, 2018 жылы – 151 мың адам. Айырмашылығын көріп отырсыздар ма? Бірақ жоғары білім алу дипломды қалтаға салу емес. Сапалы білім болуы керек. Әйтпесе мұндай дипломның ешкімге керегі жоқ. Әсіресе жұмысқа орналасқанда, бір айдан кейін сенің кім екенің көрініп тұрады», – деген Елбасы жастарға қатысты қадау-қадау тапсырма беріп, өскелең ұрпақты «Жастар жылының» басталуымен құттықтады.

«Нұр Отанға» қоғамдық бақылаушы міндеті жүктелді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде жариялаған Жастар жылының ашылу салтанатын көру үшін өңіріміздегі «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы мен мүшелері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері облыс әкімдігінің мәжіліс залына жиналды. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Президент елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыру жаңаша жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ қойылған міндеттерді іске асыруда «Нұр Отан» партиясы ерекше рөлге ие екендігін атап өтті. Елбасы партияға мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалауды тапсырып, нұротандықтарға қоғамдық бақылау жүргізу міндетін жүктеді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек Елбасы қатысқан форумнан алған әсерін жеткізіп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. – Елбасының «Жастар кәсіпкерлігі» деген бағдарламаны қолға алу туралы бастамасына тоқтала кетсем. Шыны керек, бізде қазір жас кәсіпкер деген түсінік жоқ. Шағын кәсіпкерлік экономиканың қозғаушы күші екені белгілі. Бізде өз кәсібін бастап, ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан жастар көп. Алайда оларды қаржылай қолдау жағы кемшін. Міне, сол жастарға осы жыл көп мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Елбасының еріктілер туралы айтқан пікірін толық қолдаймын. Жасыратыны жоқ, біздің елімізде еріктілер ұйымы ашылып, артынша жабылып жатады. Бұл мәселе біздің облыста да бар. Елбасы айтқандай, республика бойынша еріктілер ұйымын дамытуымыз қажет. Жастар жылы аясында «Дипломмен ауылға», «Студент құрылыс жасағы», «Жасыл Ел» деген бағдарламалар өзгеше бағытта жүзеге асатынын естідік. «Жас Отан» жастар қанаты Елбасы ұсынған жобаларды іске асыруға өз үлесін қосатын болады. Өз деңгейінде орындалмай жатқан бағдарламалар туралы сын-пікірімізді жеткізіп, шешу жолдарын ұсынамыз. Біз жастар үшін арнайы алаң да аштық. Әр аптаның бейсенбісінде Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханадағы коворкинг орталығында бас қосып, жастардың мәселелерін талдап, оларды шешу үшін жұмыла жұмыс жүргізіп келеміз. Осы орталықта Елбасы айтқан жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту жолдарын қарастыратын боламыз, – деді У.Болатбек.

Көшбасшы оқу орны атану – ТарМПУ жастарының арманы

Жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыру – бүгінгі заман талабы. Олардың табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екенін Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында нақты атап көрсеткен болатын. Астанада өткен «Жастар жылының» ашылу салтанатында Президент енді әр өңірде бір оқу ордасы көшбасшы болуы тиіс деп маман даярлауға ерекше мән берілетінін тағы баса айтты. Бұл – алдағы уақытта жоғары білім беру ісінде талап күшейе түседі деген сөз. Педагог мамандарын даярлайтын, алыс және жақын шетелдердің 28 университеті және зерттеу орталықтарымен әріптестік байланыс орнатып, жоғары білікті мамандарымен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастары мен оқытушы-профессорлар құрамы Елбасы атап көрсеткен өңірдегі көшбасшы оқу орны атану үшін барымызды саламыз дейді. Ол үшін білім сапасын арттырып, шетелдегі озық оқу орындарымен орнатқан қарым-қатынасты нығайта түспек. «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатын онлайн режімде көріп, Елбасы сөзін тыңдаған ТарМПУ ұжымы мен студенттері бұл шарадан үлкен ой түйіп, алға осындай ортақ мақсат-міндет арқалап қайтты. Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы өңірдегі көшбасшы оқу орны атану үшін білім беру және басқару ісін барынша жетілдіруге күш салатынын айтты. Кез келген жоғары оқу орнының негізгі жетістігі түлектер табысы екені белгілі. Сондықтан Жастар жылында басқа білім ордалары сияқты ТарМПУ-да берілген мүмкіндіктерді толық пайдаланып, студенттердің шығармашылығын дамытып, ғылым-білімге деген ынтасын арттырып, өскелең ұрпақтың интелектуалды әлеуетін, инновациялық идеяларын жүзеге асыруға ұмтылары сөзсіз. Сонда Елбасы «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында атап өткендей, жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыруға жол ашылары анық.

Кешенді шаралар жүзеге асырылады

Жастар жылының ашылу салтанатын тамашалау үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері аталған оқу орнының бас ғимаратындағы мәжіліс залына жиналды. Залда бос орын қалмағанына қарап, жастардың осы жылдан үлкен үміт күтетінін байқадық. Олардың арасында жас ғалымдар мен зерттеушілер, өнерпаздар мен спортшылар, жас технологтар да бар. Әрқайсысы «Жастар жылында» қолға алған жаңа жобасының жүзеге асқанын қалайды. Соған қолдау көрсетілсе деп армандайды. Содан болар ел Президентінің сөзін университет ұжымы зор ынтамен тыңдады. Елбасы «Жастар жылында» жас ғалымдарды ынталандыруға гранттардың көп бөлінетінін, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да көтерме жәрдемақының көлемі артатынын, еріктілерге де баса назар аударылатынын, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін атап өтті. Көпшіліктің де күткені – осы еді. Сондықтан бұл жаңалық ТарМУ жастарына серпілткені анық. Бастысы студенттер өздеріне жасалған қолдауды және артылған жауапкершілікті терең сезінсе болғаны. Тікелей көрсетілім аяқталған соң университет ректоры Махметғали Сарыбеков оқытушылар мен студенттерге осы жылы жастарға қолға алған пайдалы ісін жүзеге асыруға мол мүмкіндік туып отырғанына тоқталып, Жастар жылына орай өзі басқаратын оқу орнында да бірнеше бағыт бойынша кешенді іс-шаралар өткізудің арнайы жоспары жасалатынын айтты.

Талай талапты жасты танытатын күн жақын

Тек жастар ғана емес, жалпы қазақстандықтардың «Жастар жылынан» күтері көп-ақ. Міне сондықтан да көпшілік Астана қаласындағы «ЭКСПО – 2017» көрмесі алаңындағы «Нұр Әлем» павильонында өткен «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімін тікелей эфирде көруге асықты. Бұл шараға еліміздің 175 жоғары оқу орны мен 479 колледжі онлайн жүйесінде қатысуға мүмкіндік алды. Соның ішінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттері де бар. Олар оқу орнының мәжіліс залында Елбасы қатысып, сөз сөйлеген салтанатты рәсімді қызыға тамашалады. Жиында «Жастар жылында» бастау алатын ауқымды шаралар туралы сөз болды. Соның бірі – жас ғалымдарға гранттар бөлінетіні. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушысы Бауыржан Жаңатілеу бұл шешім – ғылымға ден қойған жастар үшін үлкен қолдау екенін айтады. «Елбасы айтып өткендей, бізге революция емес, эволюциялық даму қажет. Ол үшін ғылымды дамытуға жол ашуға тиіспіз. Президент жас ғалымдардың талпынысын жоғары бағалап, оларды ынталандыру тетіктерін қарастыруды тапсырды. Осы қадам талай талапты жасты танытатынына күмән жоқ», – дейді ол.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы: Альмира Омарова, Есен Өтеулиев, Камила Борашова, Есет Досалы, Марат Құлибаев.