Сенат сайлауына 72 кандидат ұсынылды
Сенат сайлауына 72 кандидат ұсынылды
Ағымдағы жылдың 1 қазанында өтетін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға 72 кандидат ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды. «Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, 4 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына 72 кандидат ұсынылды. Олардың барлығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланды. Ұсынылғандардың ішінде 4-еуі әйел азаматшалары», - дейді ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Оның айтуынша, сайлау науқанының күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттарды ұсыну 31 тамызға дейін жалғасады. Сенатор ретінде кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсыну мүмкіндігі де бар. Ал кандидаттарды тіркеу облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларында 11 қыркүйекке дейін жүзеге асады.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz