Ұлт мүддесін биік қойған текті тұлға
Ұлт мүддесін биік қойған текті тұлға
ХХ ғасыр қазақ еліне барлық салада көрнекті қайраткерлерді сыйлады. Олардың басым көпшілігі қазақ халқының ұлттық және рухани тәуелсіздігі жолында кеңестік биліктің цензурасымен күрессе, кейбірі ұлтына, ата-баба салт-дәстүріне, дініне қарсы қару көтергені тарихтан аян. Себебі қазіргі таңда бұрынғы астыртын мекемелердің мұрағаттарындағы аса құпия мөр басылған құжаттардағы деректерге сүйенсек, қазақ ұлтының тумалары, сол кездегі кейбір аты шыққан саясаткерлер мен жауапты қызметтің және шығармашылық жолында жүрген тұлғалардың ұлттық мүддеге келгенде ауыз ашпай, керісінше ұлтым деген ер-азаматтардың балағынан тартып, артынан шам алып түскенін аңғарасың. Ал сол кеңес өкіметі тұсында тарихымыздың бұрмаланғаны соншалық, Ленин бастаған большевиктерден Сталин, Фрунзе, Тройскилер нағыз бұқара халықтың жоғын жоқтаушылар болып танылса, біздің Кенесары, Наурызбайымыз қарақшы, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Тұрар, Сұлтанбек, Сәкен, Смағұл «ұлтшыл», «халық жауы», «Отанын сатқандар» деп айтылып та, жазылып та келді. Енді еліміз тәуелсіздік алғалы бері халқымыздың тарихын өзіміз жазып, талай шындықтың куәсі болып келеміз. Сонда да тарих әлі толық зерттеуді қажет етеді. Талай тұлғаларымыз тарих сахнасына шыққанымен, олардың көбісі әлі сол кеңестік саясаттың көлеңкесінде қалып қоюда. XX ғасырдағы кеңестік биліктің қитұрқы саясаты қазақ халқының тағдырына қауіп төндіретінін алдын ала аңғарған ұлт зиялылары мен ұлтжанды саясаткерлер туған Отанының келешегі үшін басын тасқа да, тауға да соқты. Ақыры сол халқы мен туған жері үшін болған саяси тартыста кеңестік билік оларды қудалап абақтыға тоғытып, соңында ату жазасына кесті, кейбір көрнекті қайраткерлерді ұрпағымен қоса құртып жіберді. Олардың қатарында ХХ ғасырдың тауқыметін арқалаған қоғам қайраткері, көрнекті саясаткер, ұлттық мүдде үшін тер төккен қазақ халқының біртуар перзенті Тұрар Рысқұлов та бар. Тәуелсіздік жолында күрескен ұлтжанды арыстарымыздың өмір жолына кеңінен зер салып, олардың мұраларын зерттеп, өскелең ұрпаққа халық алдындағы ерліктерін насихаттау – біздің басты парызымыз. Алайда өткен дәуірдегі кеңестік цензура мен идеологияның кесірі мен жалған деректерінің салдарынан әлі күнге дейін тарихи тұлғаларымыздың өмір жолын жете білмей жатып, тіл тигізетіндер баршылық. Күні кеше ғана бір жиында 1937-38 жылдардың қанды қырғыны жайлы әңгіме өрбітіп отырған бір ағамыз: «Қазақ зиялыларының түбіне жеткен ел арасынан шыққан коммунистік шолақ белсенділер мен партия қайраткерлері және олардың арасында Тұрар Рысқұлов та бар» деп қойып қалды. Шамасы ағамыз Т.Рысқұловпен кеңес дәуіріндегі тарихшылардың еңбектері мен жазбалары арқылы таныс шығар деп шамаладым. Ол кезде қазақтың арасынан шыққан белсенділерді бір-біріне қарсы айдап салу большевиктердің ең қитұрқы саясаты болатын. Тіпті жазушылар мен тарихшылардың өзі кеңестік биліктің тасасындағы көлеңкеде күнкөрістің қамын ойлап, талай мәрте тарихты бұрмалады. Сол салғырттық 70 жыл бойы тұтас бір ұлттың санасын улап, жолынан адастыра жаздады. Жоғарыдағы ағамыз айтқан ой-пікірі де осы уланған сананың жемісі деп топшылаймын. Иә, Т.Рысқұловтың саяси қызметі ұзақ жылдар бойы партиялық тұрғыдан ғана бағаланып келді. Бұл көзқарас кеңестік тарих ғылымының негізгі принципі еді, ол бойынша Т. Рысқұлов «партияның көрнекті өкілі» болып шығатын. Ал осы көзқарасқа салсақ, қазіргі уақытқа дейін Т. Рысқұлов кейбір кісілердің түсінігінде большевиктердің сойылын соққан, кеңес өкіметін құру жолында тер төккен белсенді коммунист қатарында, жауапты қызмет басында отырған адам болған екен. Расында, Рысқұлов кім? Қандай тұлға? Нақты өмірдегі Т.Рысқұлов ең алдымен мемлекет қайраткері, күрескер болды. Жиырма жылдан аса уақытқа созылған саяси қызметінде ол бірде-бір рет партия аппаратында отырған емес. Ол басқарған «Мұсылман бюросы» партиялық ұйымнан гөрі мемлекеттік құрылымға жақын еді. Т.Рысқұловтың большевиктер партиясының жарғысына селқос қарауы да осы пікірдің дұрыстығын дәлелдей түседі. Мысалы, Түркістан Коммунистік партиясының Орталық тексеру комиссиясының төрағасы Бобруйко, хатшы Рябченко қол қойған 1923 жылғы 20 желтоқсандағы мәжілісінің №41 хатында былай деп жазылған: «ТКП 2-аудандық комитеті қаулы етеді: бүкіл жыл бойында партия жиналыстарына қатыспағаны және мүшелік жарна төлемегені үшін партия жарғысының 59-бабына сәйкес Рысқұлов жолдас ТКП мүшелігінен өзінен-өзі шығып қалды деп есептелсін». Бұл кезде Т. Рысқұлов Түркістан Республикасының (АКСР) Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы еді, бірақ солай болса да, ол үкімет басшысы ретінде республикалық партия ұйымының мәжілістеріне қатысуды міндеті деп санамаған әрі дер кезінде (бір жыл бойы) партия мүшесі ретінде жарна да төлеп отырмаған. Т.Рысқұлов 1920 жылы Түркістан Республикасы Кеңестерінің Орталық Атқару Комитетінің (Түрікатком) төрағасы болып тұрған кезінде де, 1922 жылы РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қызмет істеген шағында да партия жиналыстарына бірде-бір рет қатыспай, дер кезінде жарна төлемей, партия қатарынан өзінен-өзі талай рет шығып қалған. Бастауыш партия ұйымдары оның уақытының жоқтығын, жұмысбастылығын айтып жазған түсініктемелерінен соң ғана партия мүшелігін қайта қалпына келтіріп отырған. Тұрар партия қатарына қайта қабылдану мақсатымен өзінің өмірбаянын жазып, Сталинге де хат жолдауға мәжбүр болған. Ол кезде де партия мүшесі болмай, мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкін емес еді, ал партия билеті Т.Рысқұловқа осы мақсат үшін ғана қажет болған сияқты. Ал таптық принципті Т.Рысқұлов Алашорда мүшелері сияқты қабылдай алмағанын қазіргі кездегі ғалымдар мәлімдеп жүр. Демек, Т.Рысқұлов та Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты өз мүддесінен гөрі, ұлт мүддесін ойлаған тұлға екені даусыз. Түркістан Республикасына Мәскеуден келген эмиссардың бірі Фрунзе жергілікті жердегі саяси ахуалды баяндап, Ленинге жазған хатында жергілікті қайраткерлердің «ұлтшылдығын» көрсете келе, Т.Рысқұлов пен оның төңірегіндегі қайраткерлер туралы былай деп жазады: «Олар белгілі бір коммунистік емес элементтерден құралған және тек объективті жағдайдың ықпалымен ғана коммунистік туды көтеруге мәжбүр болған адамдар». Мұсылман коммунистерінің, оның ішінде түркі тілдес халықтар ортасынан шыққан коммунистерің «коммунизмге» жолай қосылғаны рас. Фрунзе, алайда Т.Рысқұловтың тума талант екенін теріске шығара алмай, аталған хатында оны «ақылымен қоса, зор ерік-жігері, салиқалы мінезі бар адам», деп бағалауға мәжбүр болған. Бұл құжаттар Т.Рысқұловтың партиялық принцип, іс барысында партиялық басшылық сияқты мәселелерге селқос қарағанын аңғартады. Сондықтан да Тұрар Рысқұловты «ірі партия қайраткері» етіп көрсетуге ұмтылу – орынсыз. Құпия мұрағаттарда Рысқұловтың алаш арыстарының үстінен көрсеткен арыз-шағымдарын, оларға араша түскен хаттарын көріп бір сәт ойға батамыз. Бірақ алаш арысы Міржақып Дулатұлы екеуі бір редакцияда қызмет етіп жүрген уақытта Міржақып туралы көрсетіндіні Мәскеуге жолдауынан әлі күнге дейін көрнекті саясаткердің неліктен мұндай қадамға барғанын түсінбедік. Біз оны олардың өз арасындағы қызмет төңірегіндегі пендешілік іс-әрекет деген оймен шектелдік. Дегенмен олардың саяси бағыттары екі бөлек болғанмен, ұлттық мүддеге келгенде ойлары бір жерде тоғысып отырған. Кейінгі жылдары бір-бірін кешіріп, қоян-қолтық араласып тұрған. Себебі олардың жақындасуына дәнекер болған жайт – халқының болашағына деген алаңдаушылық. Олар халқының тағдыры «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуін ойлап, «Шықсақ бір төбеде, құласақ бір шұңқырда болайық» деп ұрандап өтті. Мәселен, 1922 жылы Т.Рысқұловтың Түркістан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып келуін қазақ зиялылары бірауыздан қолдаған және дәл осы жылдың 14 қазанында Қарқаралыда алаштың ардақтысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлын кеңес өкіметі тұтқынға алғанда Рысқұлов пен Қожанов Сталинге хат жолдап, Әлиханды тұтқыннан босатуына ықпал етуін өтініп араша түскен. Сондай-ақ Рысқұлов ТКП-нің кезекті кеңесінде жергілікті халықты жаппай сауаттандыру, олардың арасында оқу-ағарту ісін жолға қою және мәдени шараларды жүргізу мәселелері төңірегіндегі баяндамасында: «Бізде, бүкіл Түркістанда жалғыз ғана жергілікті халықтан шыққан инженер бар, ол – М.Тынышпаев. Ал Тынышпаев болса өз ісін тамаша білетін инженер-құрылысшы, бізде түздік үлгідегі суландыру жүйелерін қалай тарту керек екенін одан артық білетін ешкім жоқ. Қазір ол керексіз, артық адам ретінде көшеде сандалып жүр, ал біз болсақ жергілікті халықтан шыққан жалғыз инженерді дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Болмаса мәдениет қайраткерлерінің жағдайын алайық. Біздің қазірдің өзінде біз үшін зоологияны (Х.Досмұхамедовты айтып отыр), қазақ тілінің грамматикасын (А.Байтұрсыновты айтып отыр) жазып берген ғалымдар бар, бірақ олар бір үзім нанға мұқтажбыз десе, біз оларды кеудеден итереміз. Керісінше, біз бұл адамдарға құрметпен қарап, бағалауымыз қажет емес пе?», – дейді. Рас, Т.Рысқұлов зиялыларды тапқа жіктеу әрекетіне қарсылық білдірді. Ол «Қоқан автономиясы», «Алашорда» басшылары мен олардың құрамында болған жергілікті ұлт зиялыларына аса құрметпен қарады. Рысқұловтың оқып білім алуына кезінде М.Тынышпаев зор көмек жасаған болса, кеңес өкіметі қуғын-сүргінге салған М.Тынышпаевты қорғауға Т.Рысқұлов бар мүмкіндігін, беделін жұмсады. Ал Байтұрсыновты өзіне ұстаз тұтып, құрметпен қарады. Енді жоғарыдағы көрсетілген деректерден кейін Рысқұловты «алашорда мүшелерінің түбіне жетті» деген жалған сөздің ақылға сыймайтыны анық деп ойлаймын. Сонымен нақты тарихи деректер мен құжаттарға сүйене отырып, кеңестік идеологияға бой ұрмай, біз Рысқұловты саяси қайраткер, ұлтын сүйген тарихи тұлға ретінде дәріптеуіміз керек, ағайын. Осы жылы Тұрардай асыл бабамыздың туғанына – 125 жыл, ал жазықсыз айып тағылып атылғанына 81 жыл толады. Бүкіл ғұмырын туған халқының болашағы жолындағы саяси жұмыстарға арнаған, қазақтан шыққан ұлы саясаткер, еліміздің азаттығы үшін құрбан болған, кеңес өкіметі қолдан жасаған 1930-32 жылдардағы ашаршылықтан қазақ ұлтын ғана емес, барлық түркі тілдес халықтарды сақтап қалған тұлғаның 125 жылдық мерейтойын ескерусіз қалдыру – қазіргі ұрпақ алдында үлкен сын. Қазіргі таңда облыс орталығында Т.Рысқұловтың мүсіні бар. Десе де тұлғаның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында еңселі ескерткіш бой көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мадияр ҚИСЫҚОВ, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері.
Тараз қаласы.