ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ - абыройлы парыз
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ - абыройлы парыз
Биыл арнайы құрылған механикалық отрядтың көмегімен 9000 мың гектар жер айналымға қосылады. Талай жылдан бері қараусыз қалған су арналары ашылып жатыр, демек, суармалы жер көлемі де ұлғаймақ. Бұдан бөлек, жуырда ғана құрылған жануарлар дүниесін және ормандарды қорғау жедел қызметінің де жұмысы өз нәтижесін беруде. Табиғат қаскөйлерінің жолы кесіліп, тиісті шаралар қолданылуда. Бүгін аймақ басшысы Асқар Мырзахметов табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жылдық қорытынды есебін тыңдап, атқарған жұмысын саралады.
Былтыр басқарма облыстық әкімдікпен арада 7 түйінді индикатор бойынша келісімшарт жасасқан болатын. Соның бірі тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жарату мәселесі. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Яғни бұл тірлікке кәсіпкерлерді тарту мен аудан бюджетінен қаржыландыру жағы өзекті. Өңірде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен айналысатын 15 мекеме бар. Былтыр олар 1700 тонна қалдықтарды сұрыптаған. Бірақ бұл қалдықтар Алматы және Павлодарға жөнелтілген. Себеп, бізде мұндай күл-қоқысты қайта өңдейтін зауыттар жоқ. Басқарма алдағы уақытта моноқалалары бар Сарысу, Талас және Шу аудандарында осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отырғанын айтады. Асқар Мырзахметов бұл жоспарды жеделдетіп жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер мен «атамекендіктерді», сондай-ақ жергілікті билікті тарту қажеттігін атап өтті. Нақтылы кезеңде аудандарда 178 кездейсоқ қоқыс орындары анықталған. Берілген тапсырмаға сай, олардың барлығы осы қаңтар айында жойылуы тиіс болатын. Сан сылтауды желеу еткен аудан басшылары бұл тапсырманы күні бүгінге дейін орындамай отыр. Ендігі меже наурыздың бірі болып белгіленді. Ал қоқыс тастайтын алаңы жоқ 57 елді мекеннің мәселесін бірінші тоқсанда шешуге жауаптылар сөз берді. Жиында қаралған келесі мәселе – өңірдегі су нысандарының жағдайы болды. Жамбыл облысында 93 су нысаны бар. Су қорғау аймақтарындағы белдеулерді анықтау үшін 77-сінің жобалық-сметалық құжаттарын дайындау керек, дейді басқарма басшысы. Бұл ретте облыс әкімі су қорғау аймақтарында белдеулерді анықтамайынша, ауыл әкімдіктері ешқандай шешім шығармау қажеттігін тапсырды. Өңірде қараусыз қалған су қоймаларының барлығы мемлекет меншігіне алынған. Ендігі міндет – барлық су қоймаларын толыққанды іске қосқан жағдайда, қанша жердің қайта айналымға қосылатындығы жөніндегі есеп-қисап жүргізу. Жамбылда су жеткілікті. Бірақ біз оны тиімді пайдаланып отырған жоқпыз, деді әкім. Мәселен, «Тасөткел» су қоймасындағы судың бір бөлігі ғана игілікке жұмсалады, қалғаны далаға кетеді екен. Сондықтан су қорларын толығымен іске жарату жағын ойластыру тапсырылды. Биыл мехотрядтың көмегімен 9000 мың гектар жер айналымға қосылады. Асқар Мырзахметов мұнда өнімнің көлеміне әсер ететін дақылдарды қарау керектігін айтты. Жиында сондай-ақ өңірдің экологиялық мәселесі де қарастырылды. Ауаны зиянды қалдықтармен ластап, талай адамды улап жатқан зауыттарға қатысты басқарма шара қолданбақ. Тиісті индикаторлардың ішінен орындалмағаны дала өртінің алдын алу шаралары болып отыр. Бізде өрт бола қалған жағдайда, жеделдік жетіспейді. Әрекет етемін дегенше, қызыл жалын біраз жерді жалмап кетеді. Былтыр орман шаруашылығында 39 өрт оқиғасы тіркеліп, 140900 гектар жер жанып кеткен. Маңызды мәселенің бірі – облыстағы орманмен көмкерілген жерлердің көлемін арттыру. Облыс әкімі қаланың төрт бұрышынан жасыл аумақ құруды тапсырған болатын. Аталған мәселе де толығымен шешімін таппаған. Жамбыл және Байзақ ауданы мен Тараз қаласының әкімдеріне осы мақсатқа жер анықтап, ұсыныс енгізу тапсырылды. Қорытынды жиында жуырда ғана құрылған жануарлар дүниесін және ормандарды қорғау жедел қызметінің жұмысы туралы есебі тыңдалды.