Саясат

«ИНВАТАКСИ КЕШКЕ ДЕ ТАСЫМАЛДАСА»

«ИНВАТАКСИ КЕШКЕ ДЕ ТАСЫМАЛДАСА»

мүмкіндігі шектеулі жандардың тілегі қашан орындалады?

Азаматтық орталықта «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық көліктердің және инватакси қызметінің қолжетімділігі жайлы қозғалған жиын өтті. Басқосуда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов бұл бағыттағы атқарылатын шаралар «Нұр Отанның» назарында болатынын айтты. – Партияның доктринасына сәйкес, жоғары өмір сүру стандарты бойынша халыққа барлық әлеуметтік қызметтер қолжетімді болу қажет. Бұл – мемлекеттің, азаматтардың және жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігі. 2015 жылы 20 ақпанда Елбасы «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялау» туралы Заңға қол қойғаннан кейін мемлекет пен қоғам алдына мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын дамытуға және қорғауға арналған қосымша кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қойды. Елбасы – Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050» Стратегиясы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына байланысты «Нұр Отан» мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру және оларға кедергісіз орта қалыптастыру үшін нақты шараларды қолға алды. Партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасындағы бастаманың бірі халықтың ең мұқтаж топтарына қолдау көрсетуге бағытталған. Осы мақсатта біз мемлекеттік уәкілетті органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыра отырып, жұмыс жүргізудеміз, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Мүмкіндігі шектеулілерге қолайлы орта қалыптастыру мәселесі бақылауға алынғанымен, қоғамдық көліктерде оларға тиісті жағдай жасалмай келеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаевтың айтуынша, 2013 жылдан бері мүгедектерді жолаушылар автокөліктерімен тасымалдауда әлі күнге шешімін таппай отырған түйткіл бар екен. Өйткені І топ мүгедектеріне ғана қызмет көрсететін инватакси күндізгі уақытқа арналған және тек белгіленген нысандар бойынша қатынайтын көрінеді. Ал кездесуге келгендер: «Біздің де кешке шаруаларымыз шығып қалады, серуендеп, бір жаққа қыдырғымыз келеді», – дейді. Бірақ Ермек Бықыбайұлы өңірде бірде-бір автобус, аялдама, автобекет пен темір жол бекеті осы санаттағы кісілерге бейімделмегенін ашып айтты. Әсіресе қоғамдық көліктер арнайы жабдықталмаған. Тіпті аялдамаларда кембағал жандардың автобустарға мініп-түсуі үшін жасалған пандустардың өзі стандартқа сай емес. Ол тұрмақ, қарапайым ақпараттық-дабылдық және байланыс құралы сияқты ұсақ-түйектердің өзі жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан инватаксидің қызмет көрсету уақыты ұзарса дейді мүмкіндігі шектеулі жандар. Айта кетейік, облыста 44813 мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 11522-сі – тірек-қимыл аппараттары бұзылған. 2361-і – кресло-арбаға таңылған және 967-сі зағип екен. Аталған санаттағы кісілердің І тобына жататындары үшін 2011 жылдан бастап инватакси қызметі жұмыс істеп келеді. Бұл Тараздан өзге 10 ауданда да бар және былтыр 1203 кембағал азаматқа осы қызмет ұсынылған. Ал биыл олардың саны – 1401. Демек, биылғы жоспар бойынша, инватаксиді мүмкіндігі шектеулі осынша жан пайдаланады деген сөз. Ал олардың ешқайсысының кешке қарай шаруасы шықпайды деу қиын-ақ...

 

Альмира Омарова Тараз қаласы.