Саясат

Ветеринария саласындағы жұмыстар көңіл көншіте ме?

Ветеринария саласындағы жұмыстар көңіл көншіте ме?

Сондай-ақ бұл күні облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының да өткен жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Басқарма басшысы Оспан Бердияровтың айтуынша ветеринария саласы бойынша жүктелген облыс әкімінің 17 хаттамалық тапсырмасы толығымен орындалған. Сонымен қатар ол, 2018 жылы эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге республикалық бюджеттен 1,334 миллиард теңге бекітіліп, тікелей аудандық бюджеттерге берілгенін жеткізді. Жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралардың барысында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жануарлардың созылмалы бруцеллез ауруына шалдығуы жылдан жылға төмендеуде. Аталған аурудың жануарлар арасында кемуі адамдар арасында да бұл аурудың төмендеуіне оң әсерін тигізген. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды зерделеу барысында облыс тұрғындары арасында бруцеллезге шалдығу жағдайлары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 адамға кемігені анықталған. Сондай-ақ облыс аумағында энзоотиялық ауруларға қарсы күресті жүргізу мақсатында 374 миллион 924 мың теңге бөлініп, мүйізді ірі қара малының тейлериоз ауруына, жылқының сақауына және ауыл шаруашылығы малдарының сальмонеллез ауруына қарсы егілетін вакциналары алынып, алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Облыс бойынша ветеринариялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін былтыр 233 жеке тұлғаға 6 541 600 теңге, 23 жеке кәсіпкерге 1 443 000 теңге және 1 заңды тұлғаға 60 125 теңге жалпы сомасы 8 044 725 мың теңге болатын айыппұл салынған. Оның 6 842 325 теңгесі яғни 85 пайызы өндірілген. Сонымен қатар заңды және жеке тұлғаларға ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау үшін 1181 нұсқама берілген. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы егілетін вакцинаның сапасы, мал сою алаңдарының жұмысы, қаңғыбас иттерді ату шараларындағы мәселелерді тілге тиек етіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Өңір басшысы нәтижені тек қағаз күйінде ғана жақсартып қоймай, шынайы көрсеткіштермен жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.