Экономика

Сенім серпіліске бастайды

Сенім серпіліске бастайды

Тәуелсіз еліміздің қоғамдық-саяси өмірі мен әлеуметтік экономикалық дамуы барысында жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызы айрықша елеулі. Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары, әсіресе «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары еліміздің даму барысы мен жарқын болашағын айқындап берген тарихи құжаттар болды. Бүгінде аудан еңбеккерлері Елбасының былтырғы жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау бойынша жүйелі жұмыстарды жүзеге асыру үстінде.

Жолдаудағы басымдыққа ие бағыттар мемлекетіміздің өркендеп дамып, болашағымыздың бүгінгіден де нұрлы бола түсуіне кең жол ашатыны анық. Атап айтқанда, онда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін 6 негізгі міндетті жүзеге асыру арқылы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған рухани жаңғыру бағытындағы іс-шараларды іскерлікпен, үйлесімді түрде жүргізу міндеті алға қойылған. Жуалылықтар, міне, осы тұрғыдағы Елбасы бастамалары мен тапсырмаларын нақты іс жүзіне асыруда айрықша құлшыныс танытуда. Аудан халқы ежелден бері мал және егін шаруашылығымен айналысады. Қазір де ауыл шаруашылығы өндірісіне айрықша басымдық берілуде. Бұл салада 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 өндірістік кооператив, 9 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2151 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Дихандар өткен жылы барлығы 33 723 гектар алқапта өсірілген масақты және дәнді дақылдар өнімін дер кезінде жинап алды. Өнімділік ақ егістен орташа есеппен гектарына 23,8 центнерден айналды. Аудан экономикасы өткен жылмен салыстырғанда, барлық салалар бойынша біршама ілгерілегені байқалып отыр. Негізгі қорға салынған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 19 миллиард 083,5 миллион теңгені құрады, ал мұның алдындағы жылы бұл көрсеткіш 16 миллиард 027,9 миллион теңге көлемінде болған. Сондай-ақ есепті кезеңде жалпы сала бойынша 25 миллиард 273,0 миллион теңгенің өнімі өндірілуіне қол жеткізілді. Ал кәсіпкерлік саласында 7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 107,2 пайызды құрады. Жалпы, ауданда бюджеттік болжам сомасы барлық сала бойынша асыра орындалды. Аудан аумағында бүгінде 4498 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеуде, оның 3-еуі ірі, 11-і орта, 327-сі шағын кәсіпорын, 1 454-і жеке кәсіпкер. Аталған шаруашылықтарда барлығы 9022 адам еңбек етуде. Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылу үлесі жылдан-жылға артып отыр. Басым бөлігі лизинг арқылы алынуда. Мәселен, соңғы үш жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 60-қа тарта «МТЗ-82» тракторы, 17 комбайн және 21 трактор тіркемесі пайдалануға берілсе, өткен жылы шаруалардың күшімен 24 дана «МТЗ-82» тракторы, 23 ауыл шаруашылығы тіркемесі, 1 комбайн сатып алынған. Міне, осындай қарқынмен жылма-жыл жаңартып отыратын болсақ, ауыл шаруашылығы техникаларының таяу жылдар ішінде толықтай жаңартылуына қол жеткізетін боламыз. Ауылдық тауар өндірушілер мал санын көбейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды да тиімді пайдалануға күш салуда. Соның нәтижесінде соңғы жылдары төрт түлік малдың басы айтарлықтай өсті. Бүгінде ауданда қой-ешкі 5,2, мүйізді ірі қара 9,4, жылқы 12,5, үй құстары 2,3 пайызға көбейді. Өткен жылға дейін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары аясында аудан шаруашылықтары қомақты сома құрайтын несиелерге қол жеткізіп, мал басын көбейтуге мүмкіндік алды. Кейінгі кезде ауданда сүт өңдеумен шұғылданатын шағын кәсіпорындар катары көбейіп келеді. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «СМТС» ЖШС және «Зағира Мешелова» жеке кәсіпорны жергілікті тұрғындардан сүт қабылдап, одан алуан өнімдер шығаруда. «Гамбург» ЖШС сүттен кілегей өндіруді дұрыс жолға қойды. «СМТС» ЖШС сүт өнімдерімен қатар, алкогольсіз сусындардың алуан түрін, шұжық өнімдерін де шығарады. Кезінде дәмі тіл үйіретін сары майымен, кілегейімен бүкіл кеңестер одағына танылған Бурный ірімшік зауыты өндірістік қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуіне байланысты біраз жылдай жабылып қалған еді. Енді, міне, инвестиция тартудың арқасында өндіріс ісі қайта жандандыруда. Бүгінде кәсіпорын күнделікті 50-60 тоннаға дейін сүт қабылдап, өңделген өнімдерді республиканың оңтүстік, батыс және орталық аймақтарына өткеруде, біразы Ресей мемлекетіне экспортқа да шығарылады. Мәселен, өткен жылы зауыт ауыл шаруашылығы кооперативтерінен қабылданған 9208,1 тонна сүтті ұқсатып, өңдеудің нәтижесінде Ресейге құны 364,0 миллион теңгені құрайтын 280 тонна ірімшік жөнелткен. Ал «Агроазықтүлікнанмен жабдықтау» ЖШС өткен жылы экспортқа Қытай мемлекетіне 89,6 миллион теңгенің 1080 тонна тазаланған мақсары өнімін және Бельгия мемлекетіне 18092 миллион теңгенің 40 тонна өсімдік майын экспортқа шығарды. «Гамбург» ЖШС инфрақұрылым жобасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несие алып, 800 мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасын салып, сүт өңдейтін цех ашуды көздеп отыр. Оған тартылған инвестиция көлемі 1,2 миллиард теңге көлемінде. Су үнемдеу технологиясы бойынша Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС мен «Зылиха» ШҚ 1 мың гектар егістік және картоп алқаптарын суару үшін заманауи үлгідегі жаңбырлатып суару қондырғысын пайдалануда. Жуалының бір кезде даңқын аспандатқан картоп дақылын өсіру бірнеше жылдан бері қайта қолға алынған еді. Былтыр «екінші нан» алқабының көлемі 2 150 гектарға жеткізілді. Гектарынан орташа түсім 226 центнерден айналды. Бізде картоп өсіруге арналған техникалар да жеткілікті. Шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылған. «Зылиха» шаруа қожалығы жыл сайын Қарағанды облысынан элиталы картоп тұқымын әкеліп, егіп өсіріп, оның әр гектарынан жоғары өнім жинауда. Тағы бір айта кетерлік жайт, ауданның күнгей бөлігіндегі дихандардың жазғы суару маусымында «бас ауруына» айналған ағын су мәселесі де шешімін тапты. Осы алқаптарды суландыратын Көксай арнасы бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Үш ауылдық округтегі шаруа қожалықтары мен тұрғындар Үкіметтің тікелей қолдауымен салынған құны 5,2 миллиард теңге тұратын бірегей жобаның игілігін көруде. Ауданда аграрлық саланы әртараптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып отыр. Жаңашылдыққа негізделген тың бастамалар да баршылық. Әсіресе өзінің кәсіпкерлік ісін ашқысы келетін азаматтар қатары да жылдан-жылға артуда. Тек олардың көпшілігі үшін қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрғаны болмаса. Өйткені оларға екінші деңгейдегі банктер кепілсіз несие бермейді. Сондықтан да қаражатқа қол жеткізе алмай таулары шағылады. Дегенмен аудан әкімдігі тарапынан кәсібін алғаш бастап отырған мұндай азаматтардың бизнес-жоспар жасауына және жер телімдерін алуына қолдау көрсетілуде. Жалпы аудандағы шаруашылықтардың бүгінгі беталысы жаман емес. Бірі егіншілікке бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдап отыр. Мұның бәрі Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткен табыстар. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Нұрлыкент, Қызыларық, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына ауызсу құбыры тартылып, тұрғындардың сапалы ауызсуға қолдары жетті. Елді мекендерге табиғи газ жеткізу жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында қолға алынған болатын. Соның арқасында аудан орталығы мен іргелес бірнеше ауыл газдандырылды. Нарықтық қатынастарға көшкен тұста тоқтап қалған бұл жұмыс соңғы жеті-сегіз жылда қайта жанданып, ауданның оннан астам елді мекеніне газ кіргізілді. Енді 2019-2020 жылдары тағы да 15 ауылды газдандыру межеленуде. Бұл жұмыстар да түптеп келгенде, ауыл халқының тұрмысы мен әл-ауқатын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық деп ұққан жөн. Соңғы кездері ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары да артып келеді. Жеке тұрғын үй салушылардың өз қаражаттар есебінен өткен жылы жалпы алаңы 10572 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер аула құрылыстарымен бірге қабылданды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 116,0 пайызға асыра орындалып отыр. Сондай-ақ жалпы жүргізілген құрылыс жұмыстарының сомасы 3 миллиард 905,0 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 213,0 екі есеге асыра орындалып, облыста бұл тұрғыда бірінші орынды иеленді. Елімізді Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 2015 жылы Нұрлыкент ауылында «Бурное солар – 1» компаниясы ТМД кеңістігінде теңдесі жоқ, қуаттылығы 50 мегаватты кұрайтын 23,5 миллиард теңгенің күн электр стансасы салынып, іске қосылған-ды. Өткен жылы Индустрия күнінде Елбасының қатысуымен өткен тікелей ұлттық телекөпір барысында қуаттылығы 50 мВт-ты, құны 25 миллиард теңгені құрайтын «Бурное солар-2» күн электр стансасының екінші кезеңі ашылды. Бүгінде 100 мВт-ты құрайтын бұл станса 80 мың тұрғын үйді электр қуатымен қамтып отыр. Ауданда жаңа мектеп, балабақшалар, емдеу ұйымдарының ғимараттары салынып пайдалануға берілуде. Туристік саланың дамытылуы да айрықша назарда ұсталынып отыр. Қай салада болсын өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Жуалының аты сондай азаматтармен айбынды әрі асқақ. Елбасының былтырғы халыққа Жолдауында халықтың табысы мен тұрмыс сапасының арттырылуына айрықша мән беріліп, осыған байланысты шаралардың бірқатары жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап нақты іс жүзіне асырыла бастағаны да көңілге мол сенім ұялатады. Ал сенімнің әркезде де серпіліске бастайтыны, жаңа жетістіктерге жігерлендіретіні айтпаса да түсінікті.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ, аудан әкімі.

Жуалы ауданы.