Қоғамдық көліктер электронды билет тендіру жүйесіне көшеді
Қоғамдық көліктер электронды билет тендіру жүйесіне көшеді
Облыстағы тұрғындарының саны 100-ден асатын 355 елді мекеннің барлығы қоғамдық көлікпен қамтылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Басқарма басшысы алдымен 2018 жылы жол саласында атқарылған жұмыстар туралы тоқталып өтті. Былтыр бұл бағытта 12,1 миллиард теңге бөлінсе, оның 1,8 миллиард теңгесі республикалық, 10,3 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Бұл қаржыға барлығы 532,6 шақырым жол күрделі, орташа жөндеулерден өтіп, шағалды жол салу жұмыстары атқарылды. Оның 145,4 шақырымы облыстық, 211 шақырымы аудандық маңызы бар автожолдар болса, 187,4 шақырымы – елді мекен көшелері. Сондай-ақ 1 көпірдің құрылысы жүргізіліп, 2 жол өткелі қайта жаңғыртылған. Ал «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3,1 миллиард теңгеге 7 жоба іске асқан. Нақтылай айтсақ, 1 нысан жаңа көпір құрылысы, 1 нысан күрделі жөндеу және 5 нысан орташа жөндеуден өтуі жоспарланған. Оның 3-еуі былтыр пайдалануға берілсе, 4-еуі осы жылға өтпелі болып табылған. Есепті жиында көлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Атап өтсек, елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту мәселесі толығымен шешілген. Облыста салынуы көзделген 5 автостанса тізімге енгізіліп, белгіленген межеге қол жеткізілген. Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында интеллектуалды көлік жүйесінің жобаларын іске асыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасында қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесін енгізу бойынша тиісті шаралар ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қолға алынбақшы. Басқосуда оң нәтижелермен бірге өзекті мәселелер де айтылып, талқыға түсті. Өткен жылы тұрғындар тарапынан түскен 78 арыз-шағымның 56-сы Тараз қаласына тиесілі болған. Оның 44-і жолаушылар көлігіне, 34-і автомобиль жолдарына қатысты. Асқар Исабекұлы түскен арыз-шағымдармен жүйелі жұмыс жасау керектігін баса айтып, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» автожолының бойындағы тазалық, жолаушыларға жайлы жағдай жасау жұмыстарының әлсіздігін сынға алды. Өңір басшысы жол белгілерін тиісінше орнату, жөнделген жолдың сапалылығы, бекітілген іс-шара бойынша жұмыстар жүргізу керектігін де тілге тиек етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.