Саясат

Жастар мәселелері тыңдалды

Жастар мәселелері тыңдалды

Ауданда «Жастар жылы – жаңа серпін бастауы» атты аудан әкімінің жастармен кездесуі өтті. Аудандағы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға аудан әкімі Қайрат Досаев, Шу қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Сейітұлы және ауыл әкімдері мен аудан жастары қатысты. «Жастар жылын» жастармен кездесуден бастаған аудан басшысы өз сөзінде өскелең ұрпақты жан-жақты қолдауға ағымдағы жылы ерекше мән берілетінін атап өтті. – Қай кезде болсын ел жастары қоғамның қозғаушы күші болып саналады. Бүгінгі күні елімізде төрт миллионнан аса жас болса, ауданда 14 пен 29 жас аралығында 22 мыңнан аса жас бар. Бұл жалпы аудан тұрғындарының 22,1 пайызын құрайды. Елбасы өткен жылы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Мемлекет басшысының ұсынысы қоғамда үлкен қолдауға ие болғанын сіз бен біз жақсы білеміз. Осыған байланысты аудан жастарымен пікір алмасып, олардың көкейіндегі түйткілді мәселелерді білу мақсатында «Жастар жылын» жастармен жүздесуден бастадық, – деді Қайрат Әскербекұлы. Аудан әкімінің айтуынша, биыл ауыл жастарының әлеуметтік мәселелерін шешуге барынша күш салып, жастар көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтары мен Шу қаласындағы екі бірдей саябақты ретке келтіру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Шу ауданы.