Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай?
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай?
Статистика арнайы ғылым ретінде қоғамдық құбылыстарды, олардың сапалық мазмұнымен тығыз байланыста қарастырылатын сандық қатынастардың қалыптасу және өзгеру заңдылықтарын зерделейтіні әмбеге аян. Оның ішінде экономикалық статистика – экономиканың даму үйлесімділіктерін, үрдістері мен заңдылықтарын анықтау мақсатымен материалдық өндіріс саласындағы қоғамдық құбылыстар мен үдерістерді сандық тұрғыдан қарастырады. Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне қарағанда, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты. Мысалы, өнеркәсіп кәсіпорындары (шағын кәсіпорындарды, қосалқы өндіріс және үй шаруашылықтарын қоса алғанда) 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында қолданыстағы бағалармен 396253,1 миллион теңгенің өнімін өндірген. Заттай көрсеткіштер динамикасы бойынша есептелген өнеркәсіптік өндіріс индексі 2018 жылғы қарашада – 128,2; 2017 жылғы желтоқсанда – 106,4; 2017 жылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 102,6 пайызды құрапты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі Тараз қаласында – 101,1; ал облыстың 9 ауданында – Таласта – 6,3; Шуда – 6,1; Жуалыда – 5,1; Мойынқұмда – 4,9; Қордайда – 4; Байзақта – 3,7; Т.Рысқұловта – 3,2; Сарысуда – 2,1; Жамбылда 1 пайызға өскені тіркелген. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім бар. Атап айтқанда, ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы сомасы 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 266112,6 миллион теңгені, яғни көрсеткіштің орындалуы 106,1 пайызды құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 120160,2 миллион немесе 104,5 пайыз, өсімдік шаруашылығы – 143805,4 миллион теңге немесе 107,6 пайыз, көрсетілген қызметтер 856,8 миллион теңге немесе 100 пайыз көлемінде қалыптасты. 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында мұның алдындағы жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малының саны – 36,9 мың басқа (10,3 пайызға), жылқы – 11,2 мың басқа (9,5 пайызға), қой мен ешкі – 177,9 мың басқа (6,8 пайызға), түйе – 441 басқа (7,2 пайызға) көбейген. Мал басының өсуіне негізінен жеке тұрғындар мен фермерлік шаруашылықтардың есебінен қол жетіп отыр. Мүйізді ірі қара малы санының жоғары өсімі Талас, Шу, Меркі, Байзақ, жылқы санының өсімі Талас, Байзақ, Жуалы, Меркі, қой мен ешкі санының өсімі Байзақ, Шу, түйе санының өсімі Жамбыл, Талас аудандарында тіркелген. Сондай-ақ былтыр ет өндіру көлемі де 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, 5,1 пайызға артты. Байзақ, Меркі аудандарының шаруашылықтары ет өнімін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айлары аралығында негізгі қорға салынған инвестициялар көлемі бағалау есебімен 255004 миллион теңгені немесе 108,4 пайызды құрағанын да атап өту жөн. Тараз қаласында, сондай-ақ Шудан басқа барлық ауданда инвестицияның өскені байқалуда.
«Aq jol-Aqparat».