Су шаруашылығы нысандары нығайтылу үстінде
Су шаруашылығы нысандары нығайтылу үстінде
Мемлекет басшысының бұрнағы жылғы Жолдауында «Жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын бес жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Еліміз өңірлерінде соңғы екі жыл бойы бұл іс айрықша жандандырылу үстінде. Өйткені су – басты тіршілік нәрі. Бағзы кездері әрбір ауылдың дерлік іргесінен жасанды су қоймалары салынып, оған қажетті көлемде су иіріліп, жаз айларында шаруалар игілігіне жаратылып келді. Көпшілігі коммуналдық немесе жекеменшік иелігіне беріліп кеткен осындай су шаруашылығы нысандарының (су қоймалары, каналдар, суландыру жүйелері, тағы басқалары) соңғы жылдары жұмысы қожыраңқырап кеткені де жасырын емес. Осыған байланысты оларды республикалық меншікке қайтару ісі қолға алынғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстар біздің облысымызда да жүзеге асырылуда. Мұның ең алдымен ауылдық тауар өндірушілердің жаз айларында ағын судан тапшылық көрмеуіне, демек, егістіктер өнімділігі талапқа сай болуына септесетіні анық. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Ғаббасқызы Зәрубаевамен арадағы сұхбатымыз, міне, осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Жалпы, облыс аумағын-дағы су шаруашылығы нысандарының бүгінгі күнгі жай-күйі қандай? – Жасыратыны жоқ, олардың басым бөлігі сонау кеңестік кезеңде салынған. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, нақты қолданыстағы жүйелер іс жүзінде өз міндеттерін толыққанды атқара да алмауда. Сол себепті едәуір бөлігі қайта жаңғырту жұмыстарын қажет етеді. Облыста осыған байланысты бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономикамыздың драйвері» деп атап өткені баршаға мәлім. Бұл іске бүгінде мемлекет тарапынан қыруар қаражат жұмсалуда, олардан тиісінше қайтарым болуы қажет. Өңіріміздің жері негізінен аграрлық бағытта жұмыстар жүргізу үшін қолайлы. Сондықтан да суармалы алқаптар көлемін ұлғайту ісі облыс экономикасы өсуіне зор септігін тигізбек. Бүгінде облыстың суармалы жер көлемі 229,7 мың гектарды құрайды. Оның 88,842 мың гектары әлі игерілмеуде. Себебі ирригациялық суландыру жүйелері көп жылдар бұрын салынғандықтан, бүгінде әбден тозығы жеткен күйде. Осыған орай 2017-2021 жылдарға арналған еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы бүгінде өңірімізде айрықша қажеттілігі байқалып отырған мәселені – ең бір «жанды жерімізді» тап басуымен құнды болып отыр. Аталған бағдарлама аясында 487 нысанды қайта қалпына келтіріп, 88,842 мың гектар суармалы жерді іске қосу жоспарлануда. Бір айта кететін жағдай, бүгінгі таңда 487 нысанның тек 274-і ғана республикалық меншікте, ал қалған 213-і коммуналдық меншікте әрі иесіз қалып отыр. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін барлық нысанды республикалық меншікке алуымыз керек. – Ал бұл іс-шаралар қалай жүзеге асырылуда? – Аталған жұмыстар облыс әкімдігі бекіткен кестеге сай жүргізілу үстінде. Былтырғы жылдың соңына дейін 186 нысанды республикалық меншікке қабылдап алу жоспарланған еді, алайда кесте бойынша жоспарланған іс-шаралар уақтылы орындалмай қалды. Нақтырақ айтқанда, есепті кезеңде мемлекеттік меншікке Байзақ ауданында 13 нысан өтуі қажет болатын, бірақ бүгінгі таңда оның тек 7-еуі ғана дайындалуда. Жамбыл ауданында 28 нысан өтуі қажет болса, оның тек 12-сі ғана өткізіліп жатыр. Сарысу ауданында 3 нысанды қабылдап алу жоспарланған, бүгінгі күнгі мәлімет бойыншы оның тек 2-еуі ғана мемлекеттік меншікке өтпек. Ал Шу және Т.Рысқұлов аудандары бойынша жоспарланған су нысандары толығымен республикалық меншікке өтті. Қалған 3 ауданда – Қордай, Меркі, Талас аудандарында бүгінгі таңда ешқандай нысан мемлекеттік меншікке өткен жоқ. Қазіргі таңда Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі аудандары бойынша «Еуропа қайта құру және даму банкі» тарапынан суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру бағдарламасы аясында су нысандарын жобалау жұмыстары әзірленуде. Ал су нысандарының республикалық меншікке өтпеуі жұмыс жобаларын әзірлеуде кедергі тудыруы әбден мүмкін. – Осы бағдарлама аясында «Қазсушар» РМК облыстық филиалы жұмысына қандай жаңалықтар енгізіліп жатқанына да тоқтала кетсеңіз? – Жалпы филиалымызға қарасты Меркі, Қордай, Шу, Байзақ, Жуалы, Жамбыл және Талас аудандары аумағында 7 өндірістік бөлімше орналасқаны белгілі. Былтыр өндірістік қажеттілікке және каналдардың коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өтуіне байланысты Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарында бұған қосымша тағы да екі өндірістік бөлімше ашылды. Осы тұрғыда Мойынқұм ауданының әкімі М.Мұсаев пен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Қ.Құдайбергенұлының бірлескен бастамалары халыққа, ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай септігін тигізгелі отыр. Атап айтар болсақ, Мойынқұм ауданында кеңестік кезеңде салынған су шаруашылығы нысандарының қазіргі таңда 80-90 пайызы талан-таражға түсіп, істен шыққандықтан, су тұтынушылары үшін осы уақытқа дейін ағын су жеткізу қиынға түсіп келген еді. Өйткені каналдардың барлығы күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Ал алдағы уақытта Мойынқұм ауданының су шаруашылығы нысандарына толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аталған ауданның коммуналдық меншігіндегі 12 су шаруашылығы нысаны республикалық меншікке өтуіне байланысты өткен жылдың желтоқсан айында «Мойынқұм» өндірістік бөлімшесі ашылды. Биылдан бастап бұрындары суарылмаған егістік алқаптарына ағын су жеткізумен аталған өндірістік бөлімше айналысатын болады. Бұл Мойынқұм ауданының шаруа қожалықтары үшін үлкен көмек болғалы отыр. – Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ.
Тараз қаласы.