- Advertisement -

Қыршын ғұмыр

227

- Advertisement -

Аумағы ат шаптырымнан асатын осы қала о баста шағын ғана ауыл-тұғын. Кен табылған соң бертін келе шаһарға айналды да кетті. Тау қопарылып, тас жонылған жерге содан бері қоныс аударғандар саны аз емес. Солардың бірі – қалалық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторында үш күннен бері қамақта отырған Бекжан атты «қара баланың» отбасы.

Қала шетіндегі азық-түлік дүкеніне ұрлыққа түсіп, енді торғайдай боп торда отырған оның осы ісімен ең алғашқы күнінен бері айналысып жүрген инспектор Жасұлан Бәкиев өзі жинақтаған құжаттарды қайта парақтап, қарап шықты. Бәрі түгел сияқты. Ендігі бір жетіспейтіні – айғақты затты алу хаттамасы. Мамандандырылған тілмен айтар болсақ «вешдок». Ол да кешікпей дайын болмақ.
Әртүрлі тауар толы дүкенді кәнігі тіс қаққан баукеспелер үптегенде, қайтер еді бұл? Қылмыстың бетін аша алмай, сең соққандай сенделіп кетпес пе еді? Жоқ, оның бұл жолы асығы алшысынан түскендей. Қылмыс жолының бұралаң соқпағына алғаш қадам жасаған тәжірибесіз жасөспірімнің мойындауы тез болған-ды.
Он жетіден енді асқан оған о бастан-ақ күдік тудырып, ұстап әкетуге алғаш рет үйіне барғаны ойына түсті. Шеткі тамның жұпыны бөлмесінде дімкәс шешесіне шай кұйып беріп отырған оның бұған үрейлене де үрпие қарағаны, жиналып шығар кездегі шешесінің зарлы үні құлағынан кетпейді. Ащы запырандай ағытылған түйдек-түйдек қарғыстың баршасы болмаса да, біразы көршілес отырған дүкеншіге бағытталып жатты.
Қылмысты істерді тексеру және қылмыскерлерді іздестіру бөлімінің инспекторы қала прокурорына телефон шалып, баланы тілхатпен босататынын мәлімдеді. «Осылай да, осылай» дей келіп, «Тауарларды тыққан жерінен өзі тауып беретін болды. Қазір сонда аттанып кетеміз, тергеушіні күтіп отырмын», деп нықтады ол.
Өзен жағасындағы қалың нуға ішкі істер органының қызметкерлерін өзі бастап барған бала бұлақ басына келіп тоқтады. «Осы арада» дегендей инспекторға қарады. Тергеуші қалам-қағаздарын сайлап алды да «алып шық» деп бұйырды.
Бұта түбіндегі тұтаса өскен қалың шөп арасынан орта қапшықты суырып шығарған жасөспірім оны жерге қопарды. Арзитындай ештеңе жоқ, майда-шүйде бірдеңелер әйтеуір.
– Бары осы ма?
– Иә, – деді бала. – Сосын, сосын… үйдегі ашылған бір пәшке үнді шайы және туған күнге деп апарған екі қорап шоколад, бір бөтелке шампан. Басқасына тиген жоқпын.
– Бірталай тауар ұрланды деп жазғаныңыз бекер-ау, ағасы, – деді тергеуші дүкен меңгерушісі Қозыкеевке.
Куә ретінде қатыстырып отырған екі кісі мырс ете қалды. Беті быжырайған етжеңді дүкеншінің жүзі бірден күреңітіп кетті. Ыза қысқан ол:
– Әй, шырағым, мен қате айтатын адам емеспін. Осыдан екі-үш ай бұрын ревизия жасатқам. Қорытындысы – оқтай. Мемлекет мүлкіне қол сұғатын мен емес. Алты жәшік арақты қыр астындағы қайныма асырып жіберді деп тұрсыңдар ма, түге?!
– Қыр асырмасаңыз да, күні кеше жұртты қыра мас қылған сүндет тойына жұмсап жіберген шығарсыз, – деп қалды бала осы кезде.
– Ей, итарқасы қияннан қаңғып келген бұралқы қаншықтың жуындыға жарымаған күшігі, не оттап тұрсың? Қопарылған кен астында қалып, арам өлген әкеңнің артынан жаныңды жаһаннамға жіберейін бе осы? – деп қапелімде жуан жұдырығымен баланы жақтан салып жібергенде балауса қалпақтай ұшты.
– Неге ұрасыз, бұл үшін жауап бересіз, – деп өре түрегелген милиция қызметкерлерінен дүкенші титтей де қыңбады. Көзін сығырайтып, ызаланған ол:
– Камерада сендер де адамды ұрып-соғасыңдар. Білеміз оны… Менің жоқтан күйіп-пісіп тұрғаным – қорамдағы жекеменшік мал емес, қоғам мүлкі. Түсіндіңдер ме? Оданда алдыңдағы қағазыңды жөндеп толтыр, әйтпесе…
– Құдайға шүкір, іздеп-сұрарым бар жанмын мен, – деп сызданды ол.
Қылмыстың аты – қылмыс. Тергеу жүріп жатты. Бірақ… Жас тергеуші облысқа ауысты да орнына басқасы келді. Кәсіби білімі төмендеу, ақыл-есі білегіне сыймай жүретін әпербақан жігіт еді. Дүкен меңгерушісінің жел сөзіне ілесіп, жеңіл-желпі бітіп қалған іске кодекстің қосымша және бір-екі баптарын ендірмекші болды ол. Әшейін-ақ жүзеге асыратын осы ісіне үлкен «мән» берген тергеуші қаладан аяқ аттап кетпеуге тілхат берген жасөспірімді дереу қамаққа алды. Өз құзырын пайдалана отырып, үш күн мерзімге қамау арқылы әлдекімдерге жақсы атанбақшы-ақ еді. Алайда дәл осы үш күн аралығында күтпеген жағдай туындады. Баланың шешесі кенеттен қайтыс болған. Көрші үйдің құдығынан жарты шелек суды әкелген дімкас жан табалдырығынан аса құлапты. Қан қысымы өте жоғары екен, жарты шелек салмақтың өзі ауырлық етсе керек байғұсқа.
Қала прокуроры Т.Салжанов баланы тез арада босатуға нұсқау берді. Ол келгенде көрші-қолаң қой сойып, қазан-ошақ көтеріп дегендей, тиісті қам-қарекет жасап жатқан-ды.
Әпербақан тергеуші оны жауап үшін шақырған болатын. Дәл осы сәтте кезекші бөлімге суық хабар келіп түсті. Дүкен меңгерушісін бала мылтықпен атып өлтіріпті. Жедел топ келгенде, ол «Жигулидің» ішінде қанға бөгіп жатыр екен. Күзетшінің айтуынша, жеңіл автокөлік дүкен алдында тоқтар-тоқтамас қалтарыстан жетіп келген бала дәл жүректен көздеп бір-ақ атыпты.
Оқиға орнына қала прокуроры аса ызалы келді. Кімге тиісерін білмей ширықты ол. Осы кезде ескі сары мотоциклін дырылдатып, учаскелік инспектор да келіп жеткен. Жақын ауылда тұратын жуастау жігіт еді. Оқиғаны ести сала жеткен түрі осы.
– Сен ай қарап жүрсің бе? Аядай аумағыңда алты айда осымен үш ауыр қылмыс тіркелді. Погоныңмен енді қоштаса бер, – деп зекіді оған.
Бәрі үнсіз тұрған. Прокурордың ашуы әлі басылар емес.
– Атылған адамның кім екенін біліп тұрсыңдар… Қалалық парткомның екінші хатшысы жеке назарына алды бізді. Бюроға түсетін жай жоқ, бес күнге жеткізбей ұстайсыңдар оны, – деп бес саусағын бірдей шошайтты.
– Ол ешқайда кете алмайды, ұстаймыз, – деді қылмыстық істерді тексеру және қылмыскерлерді іздестіру бөлімінің бастығы байсалды үнмен.
Осы бір ауыр қызметті бір орында тапжылмастан ешбір үзіліссіз жиырма бес жыл атқарған аса тәжірибелі әрі өте әккі жан-тұғын. Прокурордың ашуы басылайын деді. Ауыр қызметі қажытып, ерте қартая бастаған ақ шашты капитанға сенді.
– Ұстайтыныңды білемін ғой мен. Тек қалалық партком жанды қоя ма, түге, – деді ол «Уазигіне» отырып жатып.
Шынында да, капитанның баланы ұстауға сенімі мол еді. Ол кенді қаланың бұрыш-бұрышын бүге-шүгесіне дейін жатқа білетін, адамдарын жақсы түстеп танитын жергілікті тұрғын болатын. Оған қажетті жағдайда мәлімет жеткізіп тұратын сенімді адамдарының («ДЛ») кімдер екенін бірге жұмыс істейтін жақын серіктері де жөнді білмейтін. Жан баласына мұны тіс жарып айтпайтын ол.
Мереке қарсаңы болатын. Инспектор кезекшілікке тұрды. Сол күнгі жедел әрекет ету тобына жетекшілік ету капитан Өрісқали Бименшиннің үлесіне тиді. Ол түннің бір уағына дейін бөлімнен кетпей, жүріп алды. Әлдебір жақтан хабар күткендей еді. Ақыры қажыды-ау, таңғы сағат төрттерде үйіне қайтты.
Инспекторды да ұйқы қысты. Қалғып-мүлгіп отырды. Осы кезде телефон шылдыр қақты. «Кезекшілігім тыныш өтсе екен» деп Құдайдан тілеп отырған бұл трубканы күдікпен көтерді. Ар жақтағы адам «угро» бастығын сұрады. Бұл оның үйіне кеткенін айтқан. Телефон байланысы бірден үзілді. Лейтенант баланы ұстау үшін құрылған «көрінбес торларының» бірінен құнды мәлімет жеткенін жақсы түсінді.
Тағы да телефон безілдеді. «Тез маған кезекші машинаны жібер, старшинаны оят, қарулансын! Өзің де шық», деді капитан асығыс үн қатып.
Бұлар мінген автомашина қалаға кіреберіс айналмалы жолға жетті.
– Осы арадан түсіп, жаяу барамыз, машина дыбысын сезсе, ол қашып құтылады, – деді «угро» бастығы.
Техникум маңы. Лейтенант сезді. Бала туған күніне шоколад пен шампан апаратын қыздың оқу орнына жақынырақ келген екен ғой. Азаннан жолығып, алысқа қашпақшы ма екен? Қайда барады сонда?
Елең-алаң еді. Жерде қырбық қар бар. Тұнық ауадан аңдушыны анық сезіп қалған бала қираған шахта үйінен секіріп шығып, қояндай орғып бара жатты. «Тоқта» деген бұйрыққа мойынсұнбады.
Кейінгі кезде демікпе дерті меңдеген капитан көш кейін қалып қойды. Кезінде спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет еткен старшина оқбойы озып кетті. Ол тапаншамен ауаға үш рет «ескерту» оғын атты. Қашқын мұны өзіне ту сыртынан дәлдеп атылған оқ екен деп ұқты. Не де болса, жастығын ала кетуді ойлағандай. Күртешесіндегі «обрезді» суырып алды да старшинаға бағыттап атып жіберді. Оқ старшинаға дарымады. Екінші оқты шолақ мылтық ұңғысына сүңгітуге үлгермейтінін ұққан бала қалың жыңғылды бетке алып, тағы қашты. Ортада жүгіріп келе жатқан инспектордың «атпа» деген сөзін жел старшинаға жеткізбеді. Ол енді қашқынды көздеп атуға тиіс еді.
Бұлар ентігіп жеткенде, ол екі қолын жайып жіберіп, шалқасынан жатыр екен. Инспектордың «жараланған шығар» деген үміті ақталмады. Қос қанатын жайып жіберген кептердей, аппақ қар бетінде жансыз жатыр ол. Көкке қадалып қалған қарақат көзі жақсылық көрмеген мына қысқа ғұмырына лағнет айтып жатқандай.
Үшеуі де жансыз денеге үнсіз қарап тұрды. Капитан қалтасындағы шағын рациямен кезекші бөлімдегілерге болған істі қалалық прокурорға жедел түрде мәлімдеуді тапсырып жатты. Атқаны аң емес, адам ғой. Ентігін баса алмаған старшина дел-құлы күй кешсе, мұның жүрегі қан жылады.
Ешкім де жаза тартқан жоқ, бюрода да қаралған жан болмады. Бәрі де заң аясындағы тәртіпке сайма-сай атқарылды деген тұжырым жасалды. Шынында да бәрі заңға сай сияқты. Өлген дүкенші өзінің емес, мемлекет меншігін көздің қарашығындай қорғаймын деп шыр-пыры шыққан кейіпте, сол үшін де орган қызметкерлерімен жүз шайысуға барды ғой. Әйтпесе, марқұмның дәулеті де, сәулеті де жетерлік болатын. Қарулы қылмыскерге оқ атқан милиция қызметкерінің құқы одан да жоғары тұр. Оқ атпаса «құтқарып жібердің» деп, сол сәтте жазалар еді оны. Сайып келгенде, мұндағы іс-әрекет жазалауға жатпай қалды сонда.
Инспектордың балалық шағы тау бөктеріндегі ауылда өткен-ді. Ол кезде кеңшар негізінен суармалы дақылдар өсірумен шұғылданатын. Сонау шатқалдардан ағып жеткен арынды су жазықтағы тоғанда толығып, жинақталған соң бетон науалармен егістікке ағызылады. Әлбетте, «Судың да сұрауы бар» демекші, бұрандалы темір шлюздерден мөлшер-мөлшерімен күні-түні ылғал босатылады. Жүйектердің бәрі суарылып біткенде, шлюздер қайта жабылады. Тоғаннан тартылған науаларда тобыққа жетпейтін су ғана сылдырап жатады.
Түнде жіберілген мол сумен науаның егістікке тірелер тұсына дейін ағып жеткен майда балықтардың басына күн туатын сәт те осы тұс. Су тартылғанда, олар шүпірлеп өрге жүзеді. Алда – тоған, яғни олар үшін өмір бар. Соған жетпекке өрге қарай жүзген шабақтардың тар науадан тайқып кетерліктей, жолы және жоқ. Тек алға… Тіршілік үшін алға жүзу керек. Бірақ тоғанға тұмсықтары тірелгенде, ары қарай өте алмай сорлайды ғой сонда.
– Болмашы су сыздықтап ағып жатқан темір қақпақтың астына шүпірлей бас сұққанымен, саңлау таппаған майда-шүйде балықтар бала-шағаның ермегі де.
Сол қанды оқиға мен осынау табиғи көріністің арасында сәйкестік бардай сезіледі де тұрады. Әйтеуір, есік пен терезелері тақтаймен шегеленіп, қаңырап бос қалған шеткі барақтағы бала да тар науадағы ұсақ балықтардай күй кешкендей көрінеді бұған. Сөйтіп жүргенде қызметтік мерзімі жеткен капитан кенеттен отставкаға кетуге рапорт берді. Басшылардың әлі де болса біраз жыл еңбектенуін сұранғанына көнбеді ол. Енді, міне, бұлар дәмхананың оңаша бұрышында ресми түрде емес, шынайы адами тұрғыда шүйіркелесіп, рөмке соғыстырып отырды. Алайда ішті қыздырарлық ішімдік бұлардың көңілін көтерудің орнына, құлазытып отырғандай еді. «Енді немен айналысасыз?» деген инспектордың сұрағына бірден жауап қатпаған тәлімгері бірғауым сәттен соң:
– Өз өңіріме қоныс аударатын шығармын… ел-жұрттан жырақ кеткелі қаш-а-ан! Айтпақшы, старшинаның тарихи отанына қоныс аударуында да сыр бар. Әлгі жасөспірімнің қазасында жанама түрде болса да күнәсі барын сезініп, бұл арадан жырақ кетуді ойлаған шығар…
– Қызмет бабындағы қәсіби антына адалдық та күнәға жатқаны ғой, – деп қарсы уәж айтқан инспекторға:
– Иә, солайы солай-ау, алайда ар алдындағы адами сезім мәңгілік мазалайды ғой, – деп күрсінді отставкаға шыққан капитан…

Жамбылбек ШОҚЫБАС.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support