Білім

Ардагер ізденісі

Ардагер ізденісі

Тараз қаласындағы «Ғибрат» (Gibrat) орталығында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен облыстың Құрметті азаматы Саттар Жанәбілұлының «Тағдырыма ризамын» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп ашып, С.Жанәбілұлының биыл 80 жасқа толып отырғанын айтып, оның ғибратты ғұмыр жолына кеңінен тоқталды. Мұнан соң жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы жаңа кітаптың құндылығы туралы ой толғап, өмірі өнегелі ардагердің мұндай ғұмырнамалық естелік кітабынан да жас ұрпақ тағылым алатынын, бұл еңбек талай қилы сәттерді автордың басынан өткеріп жазуымен және үш бірдей қиссаның енуімен де әсерлі екенін айтып өтті. Тарқатып айтатын болсақ, кітапқа бұрын ешқандай басылымда немесе кітапта жарияланбаған «Мақалбай мен Саудаешен», «Шікір – Шәкірат», «Жолдас жайлы» қиссаларын Саттар Жанәбілұлының өзі зерттеп, жинақтап, жарыққа шығарып отыр. Саттар Жанәбілұлы өңіріміздің бірқатар аудандарында партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінде партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып еңбек еткен. Кейіннен Саттар Жанәбілұлы сөз сөйлеп, қонақтарға және жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен жазушы Несіпбек Дәутайұлы кітаптың тұсауын кесіп, лентасын қиды. Соңынан өңір ардагерлерінен құралған «Асыл ана» және «Красная гвоздика» ансамбльдері көпшілік алдында өз өнерлерін көрсетті.

Е. Жаңабайұлы.

Тараз қаласы.