Білім

Балалар алаңсыз білім алсын деп...

Балалар алаңсыз білім алсын деп...

Кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншілік сезімі әркімнің жүрек түкпірінде жүрері анық. Патриотизм дегеннің өзі – осы. Оны кейбір азамат өз ісімен көрсетеді. Шынын айту керек, бұрын өзі туып-өскен ауылына келіп, елді мекенді көркейтуге үлес қосқандардың ісі елеусіз қалып жататын. Дегенмен бір адамның игі ісі өзгелерге ой саларлық жақсы бастама болуы да мүмкін ғой. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынуы да сондықтан. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, туған жер – әркімнің шыр етіп дүниеге келген, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Қайда жүрсек те туып-өскен жерді жүрегіміздің түбінде сақтап, ұмытпайтынымыз да содан. Ел дегенде емініп тұратын ерлер Қазақ ауылынан да көп шыққан. Солардың қатарында Досмырза Алашбаев, Серік Далибаев, Мадияр Қартабаев, Тойлан Тәшеновті атап өтуге болады. Олар «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде өткізілген «Мектепке – тағзым» қайырымдылық акциясына үн қосып, демеушілік жасады. Мектеп директоры Мәдина Сәрсенованың бастамасымен ұйымдастырылған шараға атсалысқан «Құлан-Мал дәрігер» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Серік Далибаев балалар алаңсыз білім алсын деп екі оқу кабинетінің еденін жаңартып берді. Ол алдағы уақытта мектептің спорт залына жөндеу жұмыстарын жасап беруді де жоспарлап отырғанын айтты. Ал ауыл азаматы Тойлан Тәшенов мектепте түрлі іс-шараларды ұйымдастыруы үшін ауылдас іні-қарындастарына музыкалық аппаратура сыйлады. Сонымен қатар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Досмырза Алашбаев, Серік Далибаев және «MEGATEL» орталығының басшысы Мадияр Қартабаев тұл жетім, аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсетіп, әр баланың арманын орындап, тілектеріне қарай ұялы телефон және киім-кешек әперді. Балаға көрсеткен қамқорлық – қайтымы бар игі іс. Аға буынның мейірімін сезініп өскен жас жеткіншектің мерейі өсіп, ертеңгі күнге сенімі артады. Осыны ескерген жеке кәсіпкерлер Батырқұл Аязбаев, Жеңіскүл Көбеева және Нұржанат Кабихджаева да қайырымдылық шарасынан шет қалған жоқ. Олар отызға жуық оқушыға сыйлық жасады.

Гүлсара РАХИМОВА, М. Әуезов атындағы тірек мектебінің әлеуметтік педагогі.

Т.Рысқұлов ауданы.