Жас ақындардың жалыны байқалды
Жас ақындардың жалыны байқалды
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен жылы «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыстың өңірімізде дәстүрлі түрде өтуіне қолдау білдіргені белгілі. Өңір басшысы биыл бұл айтыстың ауқымын кеңейтіп, іріктеуді аудандық деңгейден бастап ұйымдастыруды жауапты азаматтарға тапсырған болатын. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жыр алыбы атындағы республикалық аламанға іріктеу Байзақ ауданынан бастау алды. Жыр аламанының лайықты өтуіне облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев сөз сөйлеп, тілек білдірген соң, байзақтық 6 жұп сөз сайысына кірісіп кетті. Әсіресе алты Алашқа әйгілі Алтынкүл Қасымбекова мен жас пері Дархан Әбдіманаттың айтысының шоқтығы биік болды. «Бойың сенің бір тұтам, ойың қандай?», деген Алтынкүл әпкесіне Дарханның: «Әлі талай қыздарды жалындырам, додада топ жаруға дайын тұрам. Аласа бойымен Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиаданы ұтты, келісесің бәрің бұған. Алтын әпке кішкентай бойымменен, үлкен-үлкен биікті бағындырам», деп әдемі жауап бере білді. Бақытжан Әкімбаев пен Ернұр Бейсенов те жақсы өнер көрсетті. Дода қорытындысында бас жүлде Дархан Әбдіманатқа, бірінші орын Рай Дөңбайға берілді. Алтынкүл Қасымбекова екінші жүлдені қанағат тұтса, Дидар Басықараев үшінші жүлдеге лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының төрағасы, Жамбыл атындағы облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков марапаттап, диплом және бағалы сыйлықтар тапсырды. * * * Іріктеу додасы Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Жыр додасының ашылуында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев айтыскерлерге сәттілік тілеп, 8 айтыскер ел алдында өнер көрсетті. Біз бұл жолы бірқатар жаңа есімдермен таныстық. Мәселен, жас айтыскерлер Елібек Нұрмаханбет пен Мақсат Сағынбаев сахнаға алғаш шыққанына қарамастан, қанағаттанарлық айтыс жасады. Мектеп оқушылары Мерейхан Райымбаев пен Нұргүл Бекетайдың да талабы таудай екен. Ал жастар айтысында біраз жылдан бері көрініп жүрген Бағнұр Нұрман мен Шапағат Сәбитқызы сахнаға төселіп, сөздері түзеліп қалғанын байқатты. Дегенмен көпшіліктің айызын қандырған айтыс республикалық айтыстардың жүлдегері Нұрлыбек Құрманов пен Айжан Сырымбетова арасында өтті. Екі ақын да тосын теңеу, әдемі жыр жолдарымен жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Әзілдері де жарасымды болды. Жыр аламанының қорытындысына сай бірінші жүлде Нұрлыбек Құрмановқа, екінші орын Айжан Сырымбетоваға бұйырды. Шапағат Сәбитқызы үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлерді айтыскер ақын, қазылар алқасының мүшесі Ербол Қамбатыров марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ, Жамбыл аудандары.