Саясат

Сыбайластықпен күрес саябырсымайды

Сыбайластықпен күрес саябырсымайды

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін басқа өңірлерге тарату керектігін атап көрсеткені мәлім. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мен облыс әкімі «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойған болатын. Азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттырудың бір жолы – осындай жең ұшынан жалғасатын сыбайластыққа тосқауыл қоюды көздеген жобаны жүзеге асыру. Қоғамдық санаға қозғау салатын жоба арқылы жемқорлықтың жолын кесуге болады. Облыс әкімінің орынбасары Мұратқан Шүкеевтің төрағалығымен өткен жиында жобаны жүзеге асыруға жауапты тараптар осындай пікірді алға тартты. Жоғарыдағы құжатқа байланысты өңірімізде «Жамбыл – адалдық алаңы» кеңсесі құрылған болатын. Бұл жаңалық «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасын іске асыру мәселесі қаралған жиында айтылып, оны іске асыру жолдары талқыланды. Жиында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Дәурен Қаипов жобаның мақсаты мен бағытына тоқталып өтті. – Жобалық кеңсе үш сала бойынша жұмыс істейді. Олар: тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Алғашқы бағыт білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, мемлекеттік кіріс, сот және құқық қорғау органдары, сонымен қатар бірінші басшылардың жеке жауапкершілігіне қатысты мәселелерді қамтиды. Осы аталған салалар мен бағыттар бойынша тиісті жұмысты жобалық топ қамтамасыз ететін болады, – деген Дәурен Айтасұлы тиісті салалар бойынша жобаның қалай жүзеге асырылатынын да түсіндіріп өтті.

Камила Борашова