Атқарылған жұмыс көп, алда тұрған шаруа да аз емес
Атқарылған жұмыс көп, алда тұрған шаруа да аз емес
Мектепке күрделі жөндеу қажет пе?
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Сарысу ауданына іссапармен барды. Ол алдымен Жаңаарық ауылдық округіндегі Ақтоғай орта мектебіне келіп, мектеп ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі және жылу қазандығын сыртқа шығару мәселелері бойынша білім ордасының жағдайымен танысып шықты. Мектеп 2003 жылы пайдалануға берілген, мектеп ғимараты екі қабатты, 18 оқу бөлмесі бар, заман талабына сай жабдықталған. Онда 178 оқушыға 33 оқытушы екі ауысымда сабақ беріп келеді. Мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары дайындалған, 2017 жылдың 2 қарашасында сараптама қорытындысы шығып, сметалық құны 152030,4 мың теңгені құраған. Жобалық-сметалық құжатына оңтайландыру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жобалаушы архитекторлармен келісім жүргізіліп, 2018 жылдың 27 сәуірінде сараптау қорытындысы шығып, сметалық құны 111943,56 мың теңгеге өзгерген. Білім ордасының жағдайымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Берген Омарбек мектептің пайдалануға берілген жылдан бастап, күрделі жөндеуден өтпегенін, есік-терезесі, едені, шатыры түгел ауыстыруды қажет ететіндігін және спорт зал еденінің тозғандығын да айтып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары спорт залға ағаш еден үстінен арнайы жасалған ленолеум төсеу керек екендігін ескертіп, оның тиімділігін жеткізді. Мұнан соң Е.Дауылбаев мектеп сыртынан жапсарлас салынған жылу қазандығын көріп, оны бөлек шығарудың қажеті жоқтығын еске салып, ол газбен жылытылмағандықтан қауіптілігі аз екендігін ескертті.
Қоныс тойын тойлаудың ауылы алыс емес
Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, аталған бағдарламаға сәйкес Жаңатас қаласындағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жаңарған Жаңатаста 1900 азамат пәтер кезегінде тұр. 2012-2018 жылдар аралығында 8 үйдің құрылысы аяқталып, 720 азамат қоныс тойын тойлаған болатын. Ал қазіргі таңда 1-шағын аудандағы №5 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. №5 үйдің құрылысы «Бер-Нұр-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншісінде. Үйдің сметалық құны – 254,3 миллион теңге. Бұл үй 60 пәтерлі, 1 бөлмелі 5 пәтер, 2 бөлмелі 35 пәтер, 3 бөлмелі 20 пәтер бар. Заманауи үлгімен толықтай жабдықталған. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан Еркебұлан Дауылбаев бастаған топ бас мердігермен жолығып, көп қабатты үйдің пәтерлеріне жеке-жеке кіріп, сапасын байқап, құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді.
Орталық аурухананың жұмысы да назардан тыс қалмады
Ауданға атбасын тіреген Еркебұлан Әбілханұлы аудандық орталық аурухананың тыныс-тіршілігімен де танысты. Мемлекет басшысы халыққа арнаған кезекті Жолдауында цифрлық технологиялар арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. Соның нәтижесінде, ауданда бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға келетін халықтың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы жағдай жасалып жатқандығын, бүгінде үйде отырып-ақ баратын дәрігеріңе тіркеліп, бүкіл емдік, медициналық қызметті алуға болатындығын, осыған қатысты аудандық орталық ауруханада 2018 жылы «Мемлекеттік электрондық ақпараттық жүйе» (АИС, КМИС және Egov) онлайн режімде жұмыс істейтін терминал іске қосылғандығы туралы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегманова айтып берді. Бұл жаңа аппараттар бойынша облыс әкімінің орынбасары күніне қанша адам келетінін, 2018 жылы қанша адам осы жаңа жүйемен емделгендігін сұрап, аталмыш аппаратты келушілер үшін қолжетімді жерге қою қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар аурухананың электронды денсаулық паспортына көшу (Elsimed) жайын да сұрады. Емхана бөліміндегі барлық дәрігерлердің кабинеттерін аралап, жаңа УЗИ аппаратын көрді. «LOGIQ P9/P7» атты аппаратпен бүгінде жүкті әйелдер мен келген емделушілердің іш құрылысын түсіріп жатқандығымен танысты. Еркебұлан Әбілханұлы «жалпы емхана бөлімінде қанша дәрігер бар? Біліктілігін арттыру бойынша оқуға барған қанша дәрігердің жалақыларын көтергелі жатырсыз? Жас мамандарға әкімдік тарапынан қандай көмектер көрсетіліп жатыр? Бүгінгі күнге тапшы дәрігер мамандары бар ма?» деген сұрақтар қойды. Ол бойынша ауданның бас дәрігері тиісті жауаптар берді. Сонымен қатар аурухана ғимараттарының су құбыр жүйелері бойынша да сұрады. Бұл бойынша аудан басшысы Балабек Нарбаев орталық ауруханадағы ауызсу мәселесі толық шешіліп, емделушілер таза ауызсу қолданып жатқандығын, биылғы жылдың жоспарында бұрынғы құбыр жүйесінің тозығы жетуіне байланысты барлығы жаңартылатындығын айтты. Сол сияқты қабылдау, жансақтау, перзентхана бөлімшелерін аралап, халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмек түрлерін көзбен көріп, шұғыл келген науқастарды сұрыптау мен емдеуге жатқызу кезегіндегі әрекеттер алгоритмімен танысты. Одан кейін жансақтау бөлімшесіндегі көрсетіліп жатқан медициналық көмекті көріп, жаңа жүйедегі технологияларды қарап шықты. Перзентхана бөлімшесіндегі бала мен анаға көрсетілетін көмектер туралы сұралды. Ондағы жаңа жүйедегі технологиялар туралы перзентхана бөлімінің дәрігер-неонатологі Айнұр Тұяқбайқызы айтып берді. Ол Германия мемлекетінде жасалған «CPAP ACURONIC» жаңа туылған нәрестеге жасанды дем беретін жасанды желдеткіш аппараты өткен жылы қолдануға беріліп, онымен 6 жаңа туылған нәрестеге көмек көрсетілгендігін сөз етті. Сондай-ақ Жапония мемлекетінде жасалған «Radel incnl» инкубатор аппараты жаңа туылған нәрестеге бірінші кезеңдегі жағдай жасайтынын әңгімеледі. Дания елінде шығарылған «Accuscreen ABR TE Civotometrics A/S» туылған нәрестенің құлақ есту қабілетін бақылайтын, тексеретін аппаратпен, Жапония елінен шығарылған «Infa Warmeri» әлсіз жаңа туылған балаларға алғашқы жансақтау шараларын көрсеткенде жылу беретін аппаратпен, Америка Құрама Штатында дайындалған «Drager» мониторы жаңа туылған баланың жүрек соғуын ЭКГ өлшейді, қандағы кислородтың көлемін анықтайтын аппарат пен сол сияқты салмақ өлшейтін тағы да басқа жаңа аппараттарды көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары бөлім меңгерушісінен жалпы аналардың денсаулығы жайында ақпарат алды. Е.Дауылбаев 1973 жылы пайдалануға беріліп, бүгінде босап қалған «Үш алып» тұрғын жай кешенінде болып, оны қайта жаңғырту жұмыстары жайлы кеңесті. Сондай-ақ ол қаладағы «Айгүл» балабақшасының тыныс-тіршілігімен танысты. Аудандағы білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемесін және жөндеу жұмысы жүріп жатқан көп қабатты тұрғын үйдің жұмысымен танысып қайтқан облыс әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев аудан әкімдігінің мәжіліс залында қорытынды жиын өткізді. Аудан әкімдігінде құрылыс, сәулет және қала құрылысы, денсаулық сақтау, автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалы мәселелері бойынша өзекті мәселелер және хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы облыс әкімдігінің басқарма басшыларының сараптама баяндамалары тыңдалып, ол бойынша облыс әкімінің орынбасары аудан әкімінің орынбасары Б.Омарбекке айтылған мәселелер бойынша сын-ескертпелер айтып, оның орындалу жолдарын түсіндіріп, көптеген жаңа ұсыныстарды жеткізді.
Гүлнара БАЙБОСЫНОВА, журналист.
Сарысу ауданы.