Газдандыру өңірде оң шешімін табуда
Газдандыру өңірде оң шешімін табуда
Еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы мен тұрғындардың бақуатты өмір сүруі – мәңгілік мұратымыз. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты былтырғы қазан айындағы Жолдауында, міне, осы тұрғыдағы басымдыққа ие бағыттар және бір екшеліп, айқындалып көрсетілді. Алға үлкен мақсаттар қойылып отыр. Бұл еліміздің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасы деңгейін одан әрі арттыра түседі деген сенімдеміз.
Бүгінгі күні өңірлерде жүзеге асырылып жатқан «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту екені белгілі. Соның ішінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» өз кезегінде өңірлерді дамытуға тигізер ықпалы да айрықша. Аты айтып тұрғандай, бес бастамада әлеуметтік саланы дамыту көзделген, оның бірі – елді газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыруға саяды. Елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артты. Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында бұл іс әрі қарай да өрістей түсетіндігін қадап айтты. Қазіргі уақытта ел тұрғындарының 50 пайызға жуығы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш одан әрі де ұлғайтыла бермек. Елімізде «Қараөзек-Астана» газ магистралін салу жобасының жүзеге асырылуы тек 2,7 миллион адамды ғана жұмыспен қамтып қоймай, шағын және орта бизнес үшін жаңа өндірістік нысандар ашылуына да мүмкіндік беретін болады. Бүгінде экологиялық мәселелер де өте өзекті екені белгілі. Мысалы, газға көшу бір ғана Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтпақ. Шындығына келсек, соңғы жылдары ауа райының күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі, қоршаған ортаға антропогендік жағдайлар айрықша әсер етуде. Табиғи газ, бұл – көмір сутектерінен тұратын экологиялық ең таза отын. Ал Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан Президенттің бастамалары біз үшін тікелей тапсырма ғана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар болып табылады. Жалпы облыста газдандыру мәселесі тәуелсіздіктің барлық кезеңінде де басымдыққа ие болып келеді. Өңірдегі газ құбырларының жалпы ұзындығы 4 667 шақырымнан астам болса, оның 1499 шақырымы Тараз қаласына тиесілі. Негізінен аймақтағы 10 ауданның 8-і газдандырылған аудандар болып табылады. Сондай-ақ өңірде 103 газ реттеу, 942 шкафтық тарату, 22 646 жеке шкафтық пунктері бар. Бүгінде 187 478 тұтыну нысаны (тұрғын үйлер мен пәтерлер), 5 268 коммуналдық мекеме, 320 өнеркәсіп өндірісі газбен қамтылған. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының алдағы уақыттағы жоспарына келетін болсақ, ауыз толтырып айтарлық жұмыстар бар. Бүгінде 2011 жылы басталған Тараз қаласының газ тарату желілерін жаңғырту жобасын жүзеге асыру ісі одан әрі жалғасуда. Бұл тұрғыдағы негізгі мақсат – тұтынушыларды газбен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін газ желілері мен жабдықтарды жаңарту болып табылады. Жалпы шаһарды газдандыру жарты ғасырдан астам уақыт бұрын басталған. Газ құбырлары мен жабдықтарының тозу деңгейі жалпы желілер ұзындығының 66 пайызын құрап отыр. Жаңғырту жұмыстары ескірген құбырлар мен жабдықтарды ғана емес, қаладағы газ құбырларының барлық жүйесін ауыстыруды талап етеді. Төмен қысымды газ құбырларын орташа қысымды жерасты газ құбырларына ауыстырумен қатар жеке шкафтық пунктер қою туралы шешім қабылданған. Бүгінгі күні жерасты газ құбыр жүйелерін жүргізудің нақты көлемі 862 шақырымды құрап, 19 545 жеке шкафтық пунктер орнатылды. Жаңартуға байланысты барлық жұмыстар «ҚазТрансГаз» АҚ-ның меншікті және несие қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Аудандар бойынша айтатын болсақ, мемлекеттік бюджет есебінен 2017-2019 жылдар аралығында Сарысу ауданының 4 және Талас ауданының 5 елді мекеніне жеткізілетін газ құбырының желісін салу жоспарланған. Қазіргі таңда оның құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Бұл жұмыстарды бас мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС жүргізуде. Бүгінде салынған газ құбырларын сынақтан өткізу ісі жүзеге асырылып, орындау-техникалық құжаттамалар рәсімделуде. Бұдан тыс Сарысу ауданының жоғарыда аталған елді мекендеріне газ құбырларын тарту бойынша құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Талас ауданының бес елді мекенінде жобалық-сметалық құжаттамалар таратушы желілер бойынша әзірленуде. Үстіміздегі жылы Жамбыл ауданының 13 елді мекеніне (Рахат, Қаракемер, Құмтиын, Пионер, Шайдана, Тастөбе, Еңбек, Өрнек, Жұма, Ерназар, Қызылтаң, Қаратау), Шу ауданының 18 елді мекеніне (Абай, Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет, Ақтөбе, Ақтасты, Бөлтірік, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар стансасы, Тасөткел, Аспара, Ақсу, Оразалы, Жайсан су қоймасы), Жуалы ауданының 15 елді мекеніне жеткізілетін газ құбыры желілерінің, сонымен қатар «ЕуроХим-Қаратау» химиялық кешені мен Жаңатас қаласына магистральды газ желісін жүргізу жоспарлануда. Міне, осы жұмыстардың барлығын да Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында жүзеге асыру үстіндеміз. Өңірдің өркендеуі еліміздің де әлеуетін еселей түспек. Болашақта әлемдегі дамушы мемлекеттер қатарынан көрінетінімізге де бек сенімдіміз.
Сәкен ИСМАЙЛОВ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры.
Тараз қаласы.