Мектеп асханаларының тамағы қүнарлы ма?
Мектеп асханаларының тамағы қүнарлы ма?
«Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасы өз жұмысын бастады. Бұл орайда біздің өңірдің де белсенділігі жоғары. Аталған партияның облыстық филиалының ұйымдастыруымен ведомстволық сарапшы топ құрылды. Олар «Білім ошақтарындағы асханаларда оқушы қалай тамақтанып жүр? Ол жердегі ыстық тағам мен жеміс-жидек, көкөністің құнарлылығы, әр балаға жеткілікті мөлшері, сапасы қандай?» деген сауалдарға жауап іздеді.
Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған ведомстволық сарапшы топ мүшелері және БАҚ өкілдері Тараз қаласының бірқатар мектептерін аралады. Аталған ведомстволық сарапшы
топтың төрайымы облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова болса, құрамында облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кеңесшісі Азамат Байтішев бар екенін айта кеткен жөн.
Аталған зерделеу тобы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепке атбасын бұрды. Мектеп директоры Зәуре Дүзенова мұнда 485 бала білім алатынын, олардың барлығы үзілісте, түскі мезгілде асханадан тамақтанатынын, оқушыларға берілетін ыстық тамақ Білім және ғылым министрлігі бекіткен талапқа сәйкес екенін атап өтті. Көбінесе оқушыларға тәтті шай, қайнатылған жұмыртқа, түрлі ыстық тамақ, йогурт, балық етінен жасалған котлет берілетінінен хабардар болдық.
Біз барған келесі мекеме - ерекше дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектеп-интернаты. Мектеп- интернат басшысы Назира Шілтаеваның айтуынша, мұнда балалар 5 мезгіл тамақтанады. Осында 325 оқушы болса, асхана - 130 орындық. Аға аспаз Галина Мотовилова балаларға берілетін ыстық тамақ пен тағамдардың грамына дейін айтып берді. Төрт аспаз бір сәтке де қолдары босамай, қарбаласып жатты. Дегенмен сарапшы топ мүшелері: «Балалар үш топқа бөлініп ас ішеді дейсіздер. Сол уақытта ішіп үлгере ме? «Асығып ішкен ас болмайды» деген де бар?» деп сұрады. «Бәріне үлгереді, балалардың жақсы тамақтануы назарымызда», деді директор Назира Дүйсенбекқызы.
№44 орта мектепте 1100 бала білім алады. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыдан шыққан 207 бала тегін тамақтанса, тағы 100 бала ақылы түрде ас ішеді. Асхана қабырғаларына баланы тәртіпті болуға шақыратын қанатты сөздер жазылыпты. Екі тоңазытқыш, бірнеше қажетті заттар жаңадан сатып алынған. Дегенмен тәтті тоқаш астындағы табақшалардың ескі екендігі, қол жуу бөлмесінде арнайы кептіргіштердің жоқтығы сарапшылардың назарынан тыс қалған жоқ. Мектеп басшысы Б.Жақсыбеков ондай олқылықтар жақын арада түзелетінін, тиісті тарапқа ұсыныс айтатынын жеткізді.
№7 орта мектепте 1413 бала білім алса, асханасы 120 оқушыға арналған. 150 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Директордың орынбасары Гүлмира Райқұлова тегін ыстық тамақ үшін әр балаға 250 теңге бөлінетінін, ал ақылы түрде ішетін әр бала 200 теңге төлейтінін айтып өтті. Аға аспазшы Гүлжанат Қасымованың еңбек өтілі - 13 жыл. Бұл мектепте де табақшалардың ескілігі, қол жуу бөлмесінде кептіргіштердің жоқтығы жауаптыларға ескертілді.
№53 орта мектепте 2100 бала білім алады. Мектеп директоры Эльмира Қойлыбаеваның айтуынша, 234 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған, асхана 150 оқушыға арналған. Бұл мектепте ыстық тамақтың құрамы, мөлшері талапқа сай екен, қол жуу бөлмесі де кептіргіштермен қамтылған.
Мектептерге жүргізілген зерделеу соңында ведомстволық сарапшы топтың мүшесі Сембек Сейдәзімов БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат беріп, мектеп асханаларының жұмысы негізінен қанағаттанарлық екенін, байқалған кейбір кемшіліктердің де түзелуі назарда болатынын айтты. Бас партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдарының ұйымдастыруымен мұндай зерделеу жұмыстары қаланың өзге мектептерінде және аудандар мен ауылдарда жалғасын табатын болады.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.