Михаил булгаковтың өгей әкесі
Михаил булгаковтың өгей әкесі
Таразда тұрғанын білесіз бе?
Осы мақаланы жазуыма ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған театртанушы Жаңагүл Сұлтанованың «Булгаковтың музей-үйі. «Қорқынышты пәтер» деген Мәскеуден жазған мақаласы себеп боды. Орыстың белгілі қаламгері Михаил Булгаков (1891-1940 жж.) көпшілікке «Иттің жүрегі» («Собачье сердце») «Шебер мен Маргарита», «Ақ гвардия» шығармалары және көптеген қызықты әңгімелері мен тартымды пьесалары, «Минин және Пожарский», «Қара теңіз» операларының либреттосының авторы ретінде кеңінен танымал. Жазушының біраз туындылары желісінде бірнеше көркем фильм түсірілген. Оның туған қаласы Киевте, кейін еңбек еткен Мәскеуде музей-үйлері ұйымдастырылған. Қаламгердің жазған дүниелері шет тілдеріне аударылып, көп тиражбен жарық көрген. Жазушының орыс әдебиетіне қосқан зор үлесін оқырмандар ұдайы айтып жатады. Сол Булгаковтың өгей әкесі – дәрігер Иван Павлович Воскресенский тағдыр тауқыметімен Киевтен Қазақстанға жер аударылып, қазіргі Тараз қаласында біраз жылдар еңбек еткені, оған киелі қазақ топырағының бұйырғаны жайлы біреу білсе, біреу білмес. Украина елінен шеттетіліп, тағдырдың сынағына кезіккен дәрігер И.П.Воскресенскийдің Әулиеата өңіріндегі тағдыры жайлы тірнектеп жинаған мәліметтерді көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік. Медицина саласының ардагерлері өткен жүзжылдықтың 40-60 жылары облыстық ауруханада Иван Воскресенский деген білікті дәрігер-терапевт болғанын еске алады. Ол бірер жыл учаскелік дәрігер болып тер төгіп, кейін зейнеткерлікке шыққанша терапия бөлімінің меңгерушісі болып, сол емдеу орнында абыроймен қызмет етіпті. Ол туралы естеліктерді «Жамбыл облысының медицинасы: кеше және бүгін» (Алматы, «Қазақпарат», 2009, 384-бет) деген кітап-монографияны дайындау барысында тірнектеп жинап, ғаламтор арқылы да біраз мәліметтер іздедік. Бірақ дәрігер И.Воскресенский жазушы М.Булгаковтың өгей әкесі екенін ол кезде білмедік. Бір жолы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының (қазір университет) профессоры, филолог Апутан Шуканов телефон шалып, біздің «Жамбыл облысының медицинасы» атты кітапта дәрігер Иван Павлович Воскресенскийдің есімі бірнеше жерде келтірілгені жайлы айта келе, ол әйгілі орыс жазушысы Михаил Булаговтың өгей әкесі екенінен хабардар етті. Міне, біз күтпеген қызық дерек! Сөйтіп Апутан ағамыз дәрігер И.Воскресенский жайлы тереңірек іздену керектігі жайлы ой қозғады. Тарихқа үңілсек, күтпеген оқиғаларды, тың мәліметтерді кездестіресің. Әулиеата өңірінде кезінде кім болмаған, кімдер тоқтамаған, кімдер еңбек етпеген?! Қазан революциясына дейін бұл қалада әлемге әйгілі ғалым-академик, гельминтология ғылымының негізін қалаған мал дәрігері, паразитолог, Социалистік Еңбек Ері К.Скрябин алғаш еңбек жолын бастап, зерттеу ісі мен ғылым жолына түскен. Белгілі әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері Михаил Фрунзенің әкесі Василий Меркіде медицина фельдшері болып еңбек етіп, елдің денсаулығын сақтауға атсалысып, сол жерде дүние салғаны, сол жердегі бейітте жерленгені белгілі. Көрнекті орыс жазушысы Галина Серебрякова және күміс көмей польяк әншісі Анна Герман 1943-1946 жылдары Таразда тұрған. Немістің белгілі суретшісі Брюммель де осында біраз жыл мекендеген. Болашақ жазушы Михаил Булгаков 1909 жылы Киев медицина университетіне оқуға түседі. Бірақ кенеттен басталған дүниежүзілік соғыс оны қысқа мерзімде 1916 жылы тәмамдауға мәжбүр етеді. Сондықтан сол жердегі қалалық әскери госпитальда еңбек жолын бастап, жарақаттанған әскерилерді емдеуге қолғабыс етеді. Бірер уақыттан кейін Смоленск губерниясының түкпіріндегі Никольск деревнясындағы шағын емханаға қызметке жіберіледі. Жас дәрігер Михаил Афанасьевич күн демей, түн демей тәжірибе жинаған. Кейінірек Вязьма қаласының ауруханасына ауысады. Осы жылдары ол дәрігерлікпен қатар газет-журналдарға мақалалар жазып, ел көзіне түсе бастайды. 1920 жылдан бастап дәрігерліктен мүлдем қол үзіп, алғашқы жылы Владикавказда, кейін Мәскеуге келіп таза шығармашылықпен айналысады. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Киевте тұратын Булгаковтар отбасының достары көп болатын. Солардың бірі – дәрігер Иван Павлович Воскресенский. Ол 1906 жылдан бастап отағасы Афанасий Ивановичтің емдеуші дәрігері бола жүріп, көп балалы Булгаковтар отбасының жақынына айналды, бірер жылдан соң мүлде сіңіп кетті. Тіпті жастық леппен морфийге әуестеніп, келе-келе оған тәуелді бола бастаған жас дәрігер Михаил Булгаковты 1917 жылы есірткі-нашақорлықтан емдеп, қатарға қосқан да И.П.Воскресенский болатын. «Дәрігер Иван Павлович Воскресенский, орыс дәрігерлері арасында сирек кездесетін жақсы қасиеттердің бірі – кедей отбасындағы науқасқа шақырумен келгенде ақша алудың орнына керекті дәрі-дәрмектерге өзі тиын-тебен беріп, қамқорлық жасайтын, бұрынырақ Маньчжурияда әскери дәрігер болған... Дәрігер Воскресенский жақын, өз адамымыз еді», – деп жазады зерттеуші Лидия Яновская дәрігер И.Воскресенский жайлы. Болашақ жазушының әкесі Афанасий қайтыс болғаннан кейін жеті баласы бар анасы Варвара Михаиловна біраз қиындықтарға ұшырап, 1918 жылы отыз жастағы Иван Павлович Воскресенскийге тұрмысқа шығады. «Иван Павлович өте сабырлы, парасатты кісі еді. Ол Варвара Михаиловнаны және бәрімізді сыйлайтын. Ол көп сөйлемейтін, кішіпейіл, жұмсақ мінезді, ішкі дүниесі бай, пейілі кең, сұңғақ бойлы, қағілез жан болатын. Науқас кісінің шағымын жинап, мән-жайды анықтап, тамағын зерттеп, өкпесін тыңдайтын. Өзімен бірге әрдайым ойыншық, конфеттер ала келетін. Ол кедейшілік, ашаршылық, басқа да қиындықтар мол жылдар еді. Біз оны жатырқамай, Чеховпен салыстыратынбыз», деп жазыпты Т.Кавецкая. Ал, И.Кончаковская: «Тұп-тура Чехов. Сондықтан да көпшілік оны «чеховский доктор», деп атайтын» деген дерек келтіреді. Булгаковтар отбасы өгей әкелеріне құрметпен қарайтын. Оған мысал келтірер болсақ, ағайындылардың бірі Николай Афанасьевич (жазушы Михаилдің туған інісі) Воскресенскийге 1922 жылы жазған хатында: «С Вашим образом у меня связаны самые лучшие, самые светлые воспоминания как о человеке, приносившем нашему семейству утешение и хорошие идеи доброго русского сердца и примеры безукоризненного воспитания. На словах мне трудно выразить мою глубокую благодарность за все то, что Вы сделали маме в нашей трудной жизни, нашей семье и мне на заре моей учебной жизни», – деп ағынан жарылады. Жазушының шешесі Варвара Михаиловна Булгакова-Воскресенская 1922 жылы сүзектен қайтыс болып, Киевте жерленеді. Киев қаласында дүниеге келіп, сонда біраз жыл дәрігер болып еңбек еткен Иван Павлович Воскресенскийді тағдыр қалай шалғай жатқан Қазақстанға, Әулиеата шаһарына айдап келгені, оған не себеп болғаны бізге беймәлім. Мүмкін сол кездегі кеңестік саясаттың құрбаны болғандардың бірі шығар. – Біз Ташкент медицина институтын бітіріп келген 1950 жылдардың басында қазіргі облыстық ауруханада Иван Павлович Воскресенский деген жасы біразға келген бойшаң, бет-келбеті келіскен, сымбатты дәрігер-терапевт еңбек етті. Қойған мұрт-сақалы өзіне жарасып, көркін ашып, тартымды, көрікті етіп көрсететін. Біраз жыл терапия бөлімшесін басқарды. Сырт пошымы, бет-бейнесі кітаптан көріп жүрген жазушы-дәрігер Антон Чеховқа қатты ұқсайтын. Оны көпшілік білгірлігіне қарап қатты сыйлайтын. Бір байқағаным, ол ашылып өзі туралы, саясат туралы әңгіме қозғамайтын. Әңгімесі сыпайы, салмақты, жалпы медицина тақырыбы, клиникалық тәжірибесі жайлы болатын. «Көп оқыған, білімі терең, өз ісінің шебер маманы», деп әріптестерім, науқастар сыртынан мақтап жүретін. Шын мәнінде ол таза аристократ еді. Зейнетке шыққаннан кейін де ол Жамбылда тұрды. Кейінірек қартайған шағында тоқпан жілік саркомасынмен (сүйек рагі) науқастанып, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алып жүрді. Тіпті бас дәрігеріміз үйіне барып ем жасайтын арнайы мейірбике тағайындағанын да білеміз. Ақыры сол обыр-рактан дүние салып, қалалық зиратқа жерленгені есімде. Бірақ қай жылы екені жадымда сақталмапты. Оның үстіне жасым да келіп қалды, – дейді облыстық ауруханада көп жыл еңбек еткен белгілі дәрігер-хирург, бұл күнде жасы тоқсаннан асқан еңбек ардагері, республикамыздың еңбек сіңірген дәрігері Евгения Константинова. – Облыстық «Знамя труда» (20.09.2014) газетінде жарияланған дәрігер Воскресенский туралы мақалаңызды оқып, риза болып қалдық, рахмет, доктор. Менің шешем Любовь Федоровна сіз зерттеп жүрген дәрігер И.Воскресенскийде ертеректе, 1960 жылдары емделіпті. Оны шешем «Бір өлімнен мені сақтап қалып еді» деп есіне түсіріп жатыр. Біздің есімізде қалғаны, 3-4 жастағы баламыз ғой, әлгі доктор бізге келгенде «Ленин ата келді» деп ерекше қуанып, жүгіріп алдынан шығатынбыз. Жылы шырайлы, мейірімді дәрігер біздің қолымызға бір-екі конфеттен ұстатып, шипалы алақанымен басымыздан сипайтын. Аурухана мұрағаттарында, музейде Михаил Булгаковтың әкесі – дәрігер И.Воскресенский жайлы материалдар жоқ па екен? Мүмкін, онымен бірге қызметтес болғандардың көзі тірі болар? Дәрігердің қай жерде жерленгенін білуге бола ма? – деп телефон шалды журналист Галина Выборнова (кейінірек республикалық «Время» газетінде оның дайындаған мақаласы жарияланды). Кейін менің орыс тілінде жазылған мақалам ғаламторда жарияланып, Киев қаласындағы жазушы М.Булгаковтың музей-үйінен интернет арқылы сұраныс түсті. Жерлес жазушының әр қадамын, әр атқарған ісін зерттеп, қадағалап, қолға іліккен материалдарды тірнектеп жиып жатқан елдің азаматтары қандай керемет, шіркін! Жүрегің жылып, еріксіз бас иесің... Біз И.Воскресенский туралы деректерді толықтыру мақсатында Тараз қаласындағы жұрт «Зеленый ковер» атап кеткен бейіттің басшысы Қадірхан Абдуллаев мырзаға телефон шалып, мүмкіндік болса дәрігердің қай жерде жерленгенін анықтауға көмектесуін өтіндік. Содан біраз жыл өте шықты. 2018 жылдың 28 қарашасы күні «Доктор Воскресенскийдің бейіті табылды» деген жағымды хабар жетті. Тілшілермен байланысып, 30 қараша күні қалалық зиратқа барып, оның қызметкерлерінің көмегімен И.Воскресенскийдің бейітінің басында болып, белгілі дәрігердің мәңгілік тыныштық тапқан мекені жанында оның рухына бас иіп, естеліктер айтып, басына қойылған белгі – ескерткіш тасты суретке түсірдік. Иван Павлович Воскресенский 1877 жылы Киевте дүниеге келіп, 1967 жылы 90 жасында Таразда дүние салыпты. Жанына Әулиеата өңірінде өткізген жылдарда өмірлік серік болған жары Софья Николаевна 1979 жылы жерленіпті. Қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Украинаның астанасы Киевте дүниеге келіп, еңбек жолын сол қалада бастаған дәрігер И.Воскресенский тағдыр тәлкегіне көніп, 30-жылдары орын алған жалпы қуғын-сүргін құрбанына айналып, айдауға түсіп, Қазақстанның Әулиеата шаһарына келгеніне не себеп болғаны біз үшін жұмбақ дүние. Жергілікті журналист Галина Выборнова жетекшілік ететін «Память» қоғамдық қоры алдағы уақытта И.Воскресенскийдің бейітін өз қамқорлығына алып, жан-жағын тәртіпке келтіруді жоспарлап отыр. Көрнекті орыс жазушысы Михаил Булгаковтың өгей әкесі – дәрігер Иван Павлович Воскресенский өмірінің соңғы кезеңі Әулиеатада өтіп, мәңгілік тыныштықты қазақ топырағынан тапқаны жайлы біз білетін сыр әзірше осындай.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы.