Саясат

Үміткерлер қатаң сыннан өтеді

Үміткерлер қатаң сыннан өтеді

Енді «Нұр Отанның» партиялық кадрлық резервіндегі үміткерлерге қойылатын талаптар күшейе түспек. Бұл туралы Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен семинарда айтылды. Байзақ, Жамбыл, Жуалы ауданы мен Тараз қаласы филиалдарының кадрлық резервіне үміткерлермен өткен басқосуда алдағы бағыт-бағдар нақтыланып, қатысушыларға түсіндірілді. Жаңа талап бойынша әр саладан іріктелген азаматтар енді тек қана партия жұмысында ғана белсенді емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына айрықша үлесін қосуы тиіс. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовтың сөзіне сүйенсек, өткен жылы еліміздің барлық аймақтарында «Нұр Отан» партиясының партиялық кадрлық резервтерін жасақтау жұмыстары белсенді қолға алынған екен. Бұған «Сайлау туралы» жаңа Заңның қабылдануы түрткі болған. – Былтыр қабыл-данған Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» жаңа Заңның 103-бабы талаптарына сәйкес, алдағы барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы – саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер бойынша өтеді. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы өткен жылы арнайы Ереже қабылдады. Партиялық кадрлық резервті қалыптастыру мақсатында партияның аумақтық және аймақтық филиалдарында жұмыс топтары құрылды. Осылайша қазір облыстық, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттары мен партия филиалдары төрағасының бірінші орынбасарларына және орынбасарларына үміткер кандидаттардың алғашқы тізімі жасалып, талапқа сәйкес облыстық деңгейге іріктелген кандидаттар эссе жазып, сынақтан өтті. Ал қалалық және аудандық деңгейге іріктелген кандидаттар тест тапсырды. Сонымен қатар әрбір кандидатпен жұмыс топтары әңгімелесу өткізді. Міне осы негізгі талаптарды орындай отырып, партиялық кадрлық резервінің облыстық, қалалық және аудандық тізімдері қалыптастырылды және партиялық кадрлық резервке Тараз қаласынан, Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарынан ұсынылған кандидаттармен алғашқы кездесу жиынын өткізуді жөн деп таптық, – деген Ерқанат Нұрбапаұлы алдағы уақытта осындай кездесулер көшпелі түрде басқа да аудандарда ұйымдастырылатынын жеткізді. Өйткені мұндай іріктеу жүйесі еліміз бойынша тұңғыш рет енгізіліп отыр екен. Партиялық кадрлық резерв әрбір кандидатқа үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Себебі бұл жүйе – саяси және сайланбалы лауазымдарға жақсы даярланған белсенді партия мүшелерін тартудың бірден-бір жолы. Екіншіден, осы арқылы партия мүшелерінің мансаптық өсуінің бәсекеге қабілетті моделі қалыптастырылады. Үшіншіден, ашық партиялық кадрлық саясатын жүргізу арқылы азаматтардың партияға деген сенімін арттыруға негіз болмақ. Енді кандидаттардың саяси сауаттылығына назар аударылып, олардың көпке өнеге боларлық – кітап оқуға деген бейімділігі мен саламатты өмір салтын ұстану секілді өмірлік ұстанымдарына да мән берілетін болады. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы аясында жүргізіліп жүрген қайырымдылық акцияларына қатысу белсенділігі де ескерілмекші. Әрбір кандидаттың бойынан сараптау, ашық пікірталас жүргізу және қарым-қатынас дағдылары орныққан, саяси белсенді сияқты қасиеттер де табылуы қажет. Әрбір нұротандық тоқсан сайынғы есебін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап тұруы тиіс. Бұған қоса, мониторинг жүргізіліп, арнайы рейтингпен бағаланады. Ерқанат Нұрбапаұлы партиялық кадрлық резервті қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде осы нақты талаптар қатаң сақталатынын ескертті. Жиында партияның 20 жобасы қайта қолға алынатындығы да айтылды. Соның бірі – «Мектептегі асхана» жобасы. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қоғамдық көліктердегі кедергілер де бақылауда болады. Ал облыс бойынша 891 жалғызбасты қария «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қамқорлыққа алынады.

«Aq jol-Аqparat».