Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мақсатымен
Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мақсатымен
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="93089,93090,93091"]
Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі барлық мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камераларын орнату мен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Бұл тапсырманың Талас ауданындағы орындалу деңгейі қандай?
Жуырда облыстың бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кезекті баспасөз туры барысында бұған көз жеткізіп те қайтты. Жалпы, ауданда апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешімін тапқан. Елді мекендер тұрғындары да кезең-кезеңімен ауызсумен және газбен қамтылуда.Журналистер тобы ең алдымен күре жолдан сәл қиыстау жатқан Қасқабұлақ ауылына атбасын бұрды. Елді мекеннің негізгі күнкөріс көзі – мал. Жеке шаруа қожалықтары масақты, дәнді дақылдар өсірумен де айналысады. Бүгінде ауылда 22375 қой, 573 мүйізді ірі қара малы және 44 жылқы бар. Ауылдық округтің әкімі Сулхадин Мұстафаевтың айтуынша, өткен жыл олар үшін табысты болған. Айта кету керек, 1938 жылы салынған ескі мектеп ғимаратының орнына былтыр жаңасы салынып, пайдалануға беріліпті. Білім ұясы заманауи жабдықтармен және жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Мектептің үлкен асханасы, кітапханасы, жаттығу залы, компьютерлік сыныптары бар. Қазір мұнда 144 бала оқиды. – 9, 10, 11-сыныптардан басқа барлық сыныптар Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту жүйесіне ауыстырылған. Шәкірттерге дәріс беретін 24 мұғалімнің 18-і жоғары білімді, – дейді мектеп директоры Хамза Мұстафаев. Ауылдағы медициналық пункте ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндігі бар. Дертіне шипа іздегендерге бөлімше медбикесі мен акушер қызмет көрсетеді. Аптасына төрт рет басқа ауылдан аға дәрігер келіп тұрады екен. – Өткен жылы акушерлік пункт пен ауылдық клуб қалпына келтірілді. Тәуелсіздік күніне орай саябақ, үш ойын алаңы, спорт кешені ашылды, – деген ауылдық округ әкімі Сулхадин Мұстафаев қазіргі таңда мұнда балабақша салудың да өте қажет екенін алға тартты. Өйткені, ауылда алты жасқа дейінгі 148 бала тіркелген. Ал балабақшаның қашан салынатыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ Қасқабұлақ ауылынан аудан орталығына дейінгі жол күрделі жөндеуді талап ететіні көзге ұрып тұрды. «Оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Келесі жылы жол құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», – дейді бұл тұрғыда аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев. Аудандағы Қаратау ауылдық округіне қарасты Есейхан және Қараой ауылдарында тұратын 1589 тұрғынның да өмір сүру сапасы жылдан-жылға жақсару үстінде екен. – 2016 жылы Есейхан ауылында орналасқан апатты жағдайдағы мектеп ғимаратының орнына жаңасы салынды. Онда 195 оқушы оқиды. Мектепте сапалы білім алуға қажетті барлық мүмкіндік бар. Ал Қараой ауылында былтыр 50 орындық мектеп пен медициналық пункт пайдалануға берілді. Есейхан ауылында да 50 балаға арналған балабақша, медициналық пункт, мәдениет орталығы жұмыс істейді. Ауылдық округте 75 шаруа қожалығы бар. Ағымдағы жылы 1242 гектар ақ егістен тиісінше өнім жиналып алынды, – дейді Қаратау ауылдық округінің әкімі Қанат Шыныбеков. Есейхан ауылында «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғындарды сапалы ауызсумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы сорғы стансасының құрылысы басталыпты. Бұл жұмыстарды мердігерлік мекеме «Монолит-Дизайн-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. – Сорғы стансаларының көмегімен су осындағы екі қоймаға жинақталады да, су-құбыр жүйелері арқылы жеке үйлерге жеткізіледі, – дейді « Монолит-Дизайн-2030 » ЖШС бас инженері Бақтияр Әлиев. Сорғы стансасы ағымдағы жылғы ақпан айының соңына қарай дайын болады. Бірақ сумен қамтамасыз ету желілері тек екі көшеге ғана тартылмақ. Аталған желілерді де серіктестіктің қызметкерлері жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына дейін толықтай аяқталуы тиіс. Жобаның жалпы құны 650 миллион теңгені құрайды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаевтың айтуынша, жалпы аудандағы 23 елді мекеннің 12-сі су-құбыр желісіне қосылған. Өткен жылы Қызыләуіт ауылының тұрғындары да ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Тораптық су-құбыр желілерін салуды «КИБ» ЖШС жүзеге асырған. Жобаның жалпы құны 436 миллион 49 мың теңгені құрайды. Биыл Майтөбе, Қасқабұлақ ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын бастау жоспарлануда. Қазіргі уақытта қалған жеті ауылға ауызсу жеткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осылайша 2020 жылдың соңына дейін ауданның барлық елді мекендері ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі деп күтіліп отыр. Ауданды газдандыру жұмыстарында да айтарлықтай жетістіктер бар екен. – Газ құбыры желісі тоғыз елді мекенге жеткізілді. Аталған ауылдарда 1563 үй бар, олардың 1554-і газбен қамтамасыз етілген. Бұл 97 пайызды құрайды. Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр ауылдарының тұрғындары көп ұзамай «көгілдір отынның» игілігін көретін болады. Құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы 4 миллиард 893 миллион теңгені құрады, – дейді Серік Дадабаев.
Есен ӨТЕУЛИЕВ