Экономика

Кәсіпкер әйелдер көшін бастаған келіншек

Кәсіпкер әйелдер көшін бастаған келіншек

Ауылда да өмір бар. Өмір болғанда қандай! Қиындығы, қызығы, қызуы да мол қайнаған өмір. Ауылда тұрып та бизнесті өрістетуге, қызметте өсуге болады. Міне, мұны нақты істе дәлелдеумен жүрген қыз-келіншектеріміз қатарының жылдан-жылға көбеюі де қуантады. Каменка ауылына келін болып түскеніне ширек ғасырдан астам уақыт өткен кәсіпкер келіншек, қоғам белсендісі Эльмира Мырзагельдиева осынау шоғырдан ойып орын алғалы қаш-шан!

Түптің түбінде тағдырының түбегейлі өзгеретіні, ауыл адамдарымен етенелесе тірлік кешетіні Таразда туып-өсіп, сондағы №47 орта мектепті тәмамдаған қала қызының ойы түгілі түсіне де кірмеген. Алайда ол өзі келін болып түскен әулетке тез сіңісіп те кетті. Бүгінде қазақы салт-дәстүрлерге біркісідей жетік, ауыл-аймаққа сыйлы келін, екі баланың қамқор анасы, туған елінің нағыз патриоты, іскер әйел. Ауылға тіккен туын биікте желбіретумен отыр. Ал бұл ауылда туғанмен, қалада тұруға бүйрегі бұрып-ақ тұратын қайсыбір қаракөздеріміз үшін үлгі-өнеге әрі олардың намыс-жігерін жанитын ерлікпен пара-пар іс демей көріңіз. Оның қазір де ауылдан іргесін қозғалтқысы жоқ. «Ауыл – қазақтың алтын тамыры ғой. Оның гүлденіп, көркеюіне қадери-қалімше үлес қоса беретін боламын», – дейді оның өзі ағынан жарылып. Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі бері елімізде шағын және орта кәсіпкерлік ісінің дамытылуына айрықша қолдау көрсетілумен келеді емес пе? Міне, осы мемлекеттік қолдаулардың бақуаттылыққа бастайтынын жақсы ұғынған Эльмира Әленқызы өз бизнесін 2000 жылы күйеуі Ғабиден екеуі үй ауласына қазақы үй тігіп, қымызхана ашудан бастапты. Бұлардың әдемі бапталған бал қымызының кімдер дәмін татпады десеңізші! Биені сауып, қымызды бабына келтіретін де Эльмираның өзі. Бертінде ол жекеменшік тамақтандыру орнының ғимаратын іске қосқан. Э.Мырзагельдиеваның үлкен жолдың бойында орналасқан «Диана» дәмханасы келушілеріне қазір де мінсіз қызмет көрсетуде. Мұнда бес-алты ауыл азаматы жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер келіншек аудан орталығындағы үлкен бір мейрамхананың әкімшісі қызметін қоса атқаруда. Ол аудан мен облыс көлемінде өткізіліп жататын қоғамдық және қайырымдылық іс-шаралардың барлығына дерлік белсенді түрде атсалысады. Сондай-ақ өзінің кәсіби һәм саяси білімі мен біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруды да әсте ұмытпайды. Ол 2015 жылы Назарбаев университетінде «Жоғары менеджменттік басшылық» бағдарламасы бойынша білім алып, ЕҚЫҰ-ның семинар-тренингінде, команда құру және көшбасшылық ету, «Даму-Бизнес», «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-Бастау» бағдарламалары аясында арнайы курстарда біліктілігін жетілдірген. Бүгінде өңірді көгалдандыру жұмыстарына, сондай-ақ «жасыл экономиканың» дамуына өзіндік үлесін қосуда. 2015 жылдан бері «Атамекен» ҰКП жанындағы іскер әйелдер кеңесі аудандық филиалының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі басқармасының, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау комиссиясы жұмысшы тобының мүшесі ретінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асырумен келеді. Оның айтуынша, елдің дамуы мен экономикасындағы жаңғыруларға, жалпы халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға атсалысумен қатар, экономикалық еріктілікті қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл – адамдардың табысы мен тұрмыс сапасын көтеруге және жақсартуға мүмкіндік беретін үдеріс. Бақытты да бақуатты әйел – табысты мемлекет атануымыздың да кепілі. Айтпақшы, өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылғаны белгілі. Сарапшылар тобының атап өткеніндей, жобаға қатысушылар жеңімпаз атанбаса да, өз саласының кәсіби шебері әрі еліміздің айтулы азаматы болып қала бермек. Эльмира Әленқызы – осынау жобаға қатысушылардың да бірі. Ол үшін өткен жыл өзге де жетістіктерімен есте қалды. Атап айтқанда, Астанада өткен алғашқы ауыл әйелдері форумында үздік жетекші ретінде «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың қолынан Алғыс хат алғаны, сірә естен кетер ме?! Облыс орталығында алғаш ұйымдастырылған халықаралық әйелдер кәсіпкерлігі форумына қатысу мәртебесіне де ие болды. Мұның барлығы да қарапайым ғана ауыл әйелінің зиялы қауым өкілі, бизнесвумен ретінде қалыптасып, әріптестерін нәтижелі еңбек пен жаппай кәсіпкерлікке, берекелі іске жұмылдыру жолында жүзеге асырған ілкімді жұмыстарының жемісі екені анық. Ол жетекшілік ететін аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері былтырғы жылы ашылған «Дулат баба» кесенесі аумағын абаттандыру мақсатында 50 түп жеміс ағашы көшеттерін отырғызып, сондай-ақ республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында бірқатар тұрмысы төмен отбасы балаларының керек-жарағын түгендеп, мектеп формасын алып беруге демеушілік көмектер көрсеткен. «Кәсіпкерлік қоғамның нәзік сыңарлары үшін де жат емес. Қазірдің өзінде ауданда оннан астам іскер әйел тіркелген. Олар негізінен сауда, қоғамдық тамақтандыру, мейрамхана бизнесі, қызмет көрсету салаларында жұмыс жасайды. Біз негізінен ауыл әйелдерінің жеке кәсібін ашуы үшін кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйренуіне ықпал етеміз. Шеберлік сыныптарын да ұйымдастырамыз. Былтырдың өзінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша арнайы оқытылумен қамтылған 16 ауыл әйелі өздерінің бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шығып, тиісінше жеңілдетілген несиелер алып, жеке кәсіптерін бастады. Алдағы уақытта да қатарымыз толыға бермек», – дейді Эльмира. Жалпы, өмір, тіршілік, кәсіпкерлік ісі әйел-аналардың да иініне ауыр міндеттер жүктеуде. Э.Мырзагельдиева үшін де тағдыр сынақтары аз болмапты. Осыдан он жылдай бұрын ойда жоқта отағасынан, ересейіп қалған тұңғыш ұлынан айырылу оған ауыр соққы болып тиді. Жеке меншік иеліктеріндегі жиырма бес жылқының бір күнде қолды болып кетуі де қымызхана бизнесіне едәуір селкеуін түсірген. Алайда мұның барлығы да қайсар келіншекті мойыта алмады. Өзіне, еңбегіне сенген еңбекқор жан еш жасымай, қасара ілгері ұмтылумен келеді. Үлкен әулеттің бас иесі де өзі. Бүгінде ұлы Жалғас Алматыда, қызы Диана ТарМУ-да білімдерін жетілдіру үстінде. Диана да анасы секілді қайсар, қиындыққа шыдамды, мақсаткер тұлға болып қалыптасып, өмір майданында шар болаттай шыңдалудан өтуді ойлағандығынан болар, аталған оқу орнының әскери кафедрасында қосымша оқуды таңдаған екен. Эльмира күні ертең ұлы – әке, қызы – шеше орнын басып, ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға өзіндік үлестерін қосатынына нық сенімді.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Т. Рысқұлов ауданы.