Қоғам

Жүйелі жұмыстар жалғасын таба береді

Жүйелі жұмыстар жалғасын таба береді

латын графикасына көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары қалай жүзеге асырылуда?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел руханиятының сақшысына айналғаны баршамызға мәлім. Ұлт дамуының басты бағдарларын айқындап берген мақаладағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірігейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы туралы айтылған құнды да құнарлы ойлар шын мәнінде де елдің рухани құндылықтармен кемелденуіне, ой-өрісінің артуына жол ашты деп айта аламыз. Талайлардың көкірегінде үміт отын жақты. Жұртшылықты кәдімгідей серпілтіп тастады. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Осы мақала арқылы Мемлекет басшысы біздің бірегей ұлт екенімізді төрткүл дүниеге айқындап берді деуге толық негіз бар. Елбасы дәл осы құнды құжатпен руханият саласының жоғын түгендеп, барын әрмен қарай үстемелей түсуді жүктейді. Баршамызға аса зор сенім артады. Шынтуайтында да еліміз үшін жаңаратын, жаңғыратын кезең келгені баршамызға түсінікті деп ойлаймын. Енді экономикамен қатар рухани қазынамызды қатар алып жүреміз. Елдің әлеуметтік жағдайы түзелгені талассыз.

Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ұлт руханиятының төлқұжатына айналған мақаласында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшудің маңыздылығы жан-жақты айтылды. Нақты тапсырмалар берілді. Оны күллі қазақстандықтар «бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай» бірлікпен талқылап, түрлі ойларын ортаға салғаны баршамызға аян. Нәтижесінде ел халқы Елбасының ойын бір кісідей құптады. Көп болып қолдау білдірді. Сол арқылы қазақ халқының мызғымас бірлігін көрсетті. Бұл қадам Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін айқындаса керек. Бірлескен істе береке болатыны сөзсіз. Президент тапсырмасына орай «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспарына» сәйкес облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол іс жұрт боолып жұмылуымыздың арқасында өз нәтижесін беріп келеді. Жүкетелген міндеттер мен тапсырмалардың аясында өңірімізде ауқымды жұмыстар лек-легімен атқарылды деп айта аламыз. Реформа атаулының барлығы әрқашанда асқан жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе әліпби реформасының жүгі ауыр екені айтпаса да түсінікті шығар. Сол себепті, латын графикасына негізделген қазақ жазуын түсіндіру, азаматтардың жаңа әліпбиді үйренулеріне мүмкіндіктер туындату мақсатында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тарапынан 4 әлеуметтік жоба қолға алынып, нәтижесінде 80-ге жуық әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Әліпби реформасын жұртшылыққа дұрыс жеткізе білу, түсіндіру – біздің баршамыздың ең басты мақсатымыз. Осынау зор жауапкершілікті бір сәтке де қаперімізден шығармайтынымыз анық. Өйткені міндетті абыроймен атқаруға ниеттіміз. Сондықтан жаңа қазақ әліпбиін өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіру, жүректеріне жеткізу үшін арнайы бейнеролик әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында пайдалану ниетімен тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Жалпы алғанда өңірімізде көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Атап айтар болсақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып, жұмыстарын жандандыра түсті. Атқарылған шаралар жеміссіз емес екенін айтып өткен жөн. Әлбетте, бұл бағыттағы шаруалар алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз. Облысымыздағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері арасында латын қарпінде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Латын әліпбиі тілімізге серпін береді» атты жаппай диктант жазу акциясы ұйымдастырылды. Осынау акцияға «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалы, «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы, телекоммуникациялар торабы, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бастаған барлығы мыңға жуық азаматтар қатысты. Диктант жазу акциясы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің технологиялық кешенінде өткізілді. Осылайша жұртшылық жаңа әліпби үлгісімен жазу арқылы эксперимент жасап көрді. Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы» тақырыбында, №5513 әскери бөлімінде «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты дөңгелек үстел отырыстары, жоғары оқу орындарындағы лингвист-ғалымдар мен тіл жанашырларының қатысуымен «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа бастар жол» атты семинар ұйымдастырылды. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа емле ережелері жобасын сараптау, талдау мақсатында өңірдегі жоғары оқу орындарының ғалымдарының және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография, терминология, пунктуация, әдістеме мәселелері» тақырыбында семинар кеңес өтті. Қай кезде де емле-ереженің жалпы халық үшін маңызы зор екені әлімсақтан аян ғой. Мұны тәжірибесі мен біліктілігі толысқан, көзі ашық, көкірегі ояу ғалымдар өте жақсы біледі. Семинар барысында лингвист-ғалымдар латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің жаңа емле ережелерін сараптап, нәтижесі бойынша ұсыныс-талдамаларды Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жолдады. Семинарда ұтымды ұсыныстар мен тың ойлар көптеп айтылған болатын. Қай жұмыста да әлеуметтің ойымен санасу, жұмысқа жаңа серпіліс әкелу қажет. Сол мақсатта басқарма басшылығының нақты тапсырысымен өңірдегі тіл саясатын насихаттауға, жұмысты жүйелі жүргізуге бағытталған «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарын, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіру жұмыстары ілкі сәтке де толастаған емес. Сол мақсатта барлық аудандар мен Тараз қаласында тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, өңір тұғындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар аудандар мен Тараз қаласында «Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби» атты латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған семинар-тренингтер өткізіліп, оған көптеген тұрғындар қатысты. Семинар-тренингтерді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының орфография бөлімінің басшысы Қ.Күдеринова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, Ұлттық комиссияның мүшесі Н.Әміржанова, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық комиссия мүшесі Қ.Молғаждаров, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Б.Мырзабаева қызықты етіп өткізе білгенін айта кеткен жөн. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Тіл саясаты басқармасының басшысы А.Қожабектің, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Д.Көшімнің және саясаттанушы Р.Жұмалының қатысуымен Талас, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы бойынша кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шараға аталмыш аудандардың тұрғындары мен тіл мамандары, мұғалімдер жұмылған жұдырықтай бірлікпен қатысты. Спикерлер өз кезегінде тұшымды ойларып сан түрлі деректермен тұздықтап жеткізіп, латын графикасының тиімділігі туралы толғана сыр шертті. Әліпби реформасына қатысты жұмыстар одан әрмен қарай да лайықты түрде жалғасты. Нақты айтар болсақ, «Жаңа қазақ тілі әліпбиін үйретудің онлайн курсы» әлеуметтік жобасы аясында жаңа әліпбидің құрамы мен оның дыбыстық ерекшеліктерін таныстыру, әріптердің баспа және жазба түрлерінің жазу технологиясын үйрету, дыбыстардың акустикасы мен артикуляциясын, перцепциясын меңгерту үшін онлайн бағдарлама әзірленді. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін кеңінен танымал ету және емле ережелерін түсіндіру мақсатында Тараз қаласында 500 адамның қатысуымен «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография және әдістеме мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілгенін тілге тиек ете кеткен ләзім. Облыстағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер арасында латын қарпінде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Латын әліпбиі тілімізге серпін береді» атты жаппай диктант жазу акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып отырды. Ағымдағы жылдың 5-12 қарашасы аралығында жалпыхалықтық диктант жазуды ұйымдастыру жөнінде облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы жанынан құрылған жұмысшы тобы аудандар мен Тараз қаласында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» түсіндіру мақсатында кездесулер өткізіп, семинар-тренингтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізген-ді. Осы жылдың 14 қарашасы күні барлық өңірде бір мезетте ұйымдастырылған жалпыхалықтық диктант жазуға облыс бойынша 127 636 адам қамтылды (34,9 пайызы – өте жақсы, 39 пайызы – жақсы, ал 26,1 пайызы – қанағаттанарлық). Жалпыхалықтық диктант нұсқаулығына сәйкес аудандар мен Тараз қаласы бойынша әлеуметтік желілерде тікелей репортаждар ұйымдастырылып, жергілікті басылымдарда мақалалар жарияланды. Есепті мерзімде мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында республикалық, облыстық, қалалық және аудандық басылымдарда 351 мақала жарық көрді. Оның 122-сі латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған болатын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – біздің басқарма қызметкерлерінің алдындағы бағдаршам. Маңызды құжатта айтылған міндеттерді жүзеге асыруға қашанда тастүйін дайынбыз. Өйткені ол біздің – мақсатымыз. Оны жан жүрегімізбен түсінеміз. Латын графикасы қазақ халқы үшін бейтаныс жазу үлгісі емес. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңір халқы мұны біршама жақсы түсінді деп ойлаймын. Латын жазуы – білім мен ғылымның, инновацияның өзегі. Мемлекеттің дамуы үшін жасалып отырған қадамға қазақстандықтардың қолдау білдіріп отырғаны көңілге қуаныш нұрын ұялатады. Әліпби реформасын жүзеге асыру жолында елімізді, оның ішінде облысымызды үлкен жұмыстар мен зор жауапкершіліктер тосып тұрғаны ақиқат. Ағымдағы жылы атқарылған іс-шаралар баянды бастамалардың басы ғана. Себебі, жаңа жазу үлгісіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіз Қазақстан бұл іске аса зор дайындықпен кірісіп отыр. Сондықтан алдағы жылы да латын графикасы бойынша жұмыстарды табысты жүргіземіз деген ойдамыз.

Мөлдір АХМЕТОВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы.