Адамдық биігін аласартпай өткен тұлға

38

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев бүгінгі қоғамға, халыққа қажет мәселелерді көтерген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында көп қырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керектігін атап көрсетті. Бұл қайраткер тұлғалардың ерлік және еңбек өнегелері негізінде жас ұрпақ бойына елінің тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатуға, оларға отансүйгіштік тәрбие беруге үлес қосып келе жатқан қоғамдық қорлар алдына жаңа міндеттер жүктейді. Осыны айқын түсіне отырып, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі де мақалада айтылған жобаларды іске асыруға өз үлестерін қосатын болады. Соңғы жылдар бедерінде қор бөлімшесі ұлтымыздың ұлы перзенті, кемеңгер басшы болған, халқымыздың жарқын болашағы үшін өлшеусіз еңбек сіңірген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өнегелі өмірі мен қызметін насихаттаудағы игілікті істерімен танылды. Бұған ел басқарған кезінде Қазақстанның өзге өңірлері сияқты біздің облысымыздың да үлкен жетістіктерге жетуіне көмегін аямаған дара да дана тұлғаның рухына деген Әулиеата жұртшылығының ықылас-құрметі өте жоғары екендігі көмектесуде. Қандай шара болмасын ардагерлердің, облыс жұртшылығы өкілдерінің кеңінен қатысуымен өтіп келеді. Атқарушы биліктің тарапынан да көмек көрсетілуде. Айталық, қор бөлімшесі атынан жасалған ұсынысымызға облыс әкімдігінің білім басқармасы қолдау танытты. Қонаев мұражайына мектеп оқушыларының тегін экскурсияларын ұйымдастыру жолға қойылды. Мұнымен қатар қорымызға мүше ардагерлер білім беру мекемелеріне барып, кездесулер өткізіп отырады. Қор бөлімшесі құрылған жиырма жылда тұңғыш рет жастарға арналған «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» деген атпен өмір тарихы, қызмет жолы қысқаша қамтылған шағын кітапша шығарылды. Оны мұражаймен танысуға келгендерге тегін беріп келеміз.

Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – сондай біртуар болмыс иесі.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың
Д.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен.

Қор бөлімшесімен бір аумақта орналасқан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Д.Қонаев есімін беру туралы ұсыныс көптен айтылып келе жатқан еді. Ол мәселе де оң шешімін тапты. Қазақстан Үкіметінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі №236 қаулысымен облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Қонаев есімі берілді.
Қор мүшелерінің 2016 жылдың 27 шілдесінде өткен жиналысында атқарылған жұмыстар туралы есеп бере келе, Димаш Ахметұлының республика үкіметі басшысының орынбасары болған 1942 жылдан бастап, 1992 жылға дейін біздің облысымызда сан мәрте болғандығы, елмен жүздескендігі туралы баяндайтын естеліктер кітабын шығару туралы ойымды ортаға салған едім. Менің ұсынысым қор мүшелері тарапынан қолдау тапты. Арада небәрі төрт ай өткен соң, 2016 жылдың желтоқсанында Д.Қонаевты көзі көрген, сұхбаттасқан ардагерлердің естеліктерінен және отбасылық мұрағаттарда қастерленіп сақталған фотосуреттерден тұратын «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» атты кітап «Сенім» баспа орталығынан қор қаржысына шығарылды.
Қор бөлімшесінің ұйымдастыруымен 2017 жылы Д.Қонаевтың туғанына – 105 жыл, оның атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің құрылғанына 20 жыл толуы аталып өтті. Осы жылғы 12 қаңтар – Д.Қонаевтың туған күні Тараз қаласындағы Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімі ауқымды өтіп, оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары және қоғам белсенділері көптеп қатысты.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң оған қатысқан жұрт облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында қор бөлімшесі мен аталмыш кітапхана бірлесіп ұйымдастырған, 8 бөлімнен тұратын кең көлемді, «Ғасырдың дара перзенті» атты кітап көрмесі мен «Шын аты оның Тазалық пен Тектілік» атты электронды презентацияны тамашалады. Кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова, орынбасары Жанар Айтжанова басқаратын ұжымға алғыс айтушы ардагерлер көп болды.
Қор бөлімшесі облыс тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып, Д.Қонаевқа арналған мүшәйрада оған қатысқан ақындардың өлең-жырларын «Заманның заңғар тұлғасы» деген атпен кітапша етіп шығарды. Бұл істе Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов демеушілік жасады. Әулиеаталық жас талап иелерін қолдауымыз мұнымен шектеліп қалған жоқ. Алматының «Эдельвейс» баспа үйінен шыққан «Жастар таныған Димаш ата» кітабына жамбылдық жауқазын қалам иелерінің де жазғандары енулеріне қолғабыс еттік.
Димекеңнің 105 жылдығын атап өту бойынша 2017 жылдың өне бойында әртүрлі шаралар ұйымдастырылды. Солардың ірі-ірілерін айта кетелік. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының аясында халықарлық Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің басқарма мүшелері мен жастардың ерекше форматтағы кездесуі өтті. Осы жоғары оқу орнының сол кездегі ректоры Дария Қожамжарова мерейтойға арналған тағы бір тағылымды шараның өтуіне жағдай туғызды. «Дінмұхамед Қонаев – дәуіріміздің ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары арнайы жинақ болып шығып, көпшіліктің игілігіне айналды.
Жаңа жыл қарсаңында «Сенім» баспа орталығынан «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата» деген атпен қайраткер туралы естеліктердің екінші кітабы жарыққа шықты. Кітапқа демеуші болған – Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.
Бүгінде Дінмұхамед Ахметұлын көрген, сұхбаттасқан адамдардың қатары сиреп барады. Керісінше оның халқына жасаған шапағат-көмегін зерттеушілер, елмен жүздесулері туралы аңызға бергісіз әңгімелерді жазып алып, жариялаушылар қатары артып келеді. Осыдан да екінші кітаптың жеке тарауы Димекеңнің Әулиеата өңірінде, адамдардың жүрегінде қалдырған ізі туралы зерттеу мақалаларынан, арнау өлеңдерден құралып отыр. Кітапқа жазғандары енген авторлар арасында Димекеңнің үзеңгілес серігі болған танымал мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, көрнекті ғалымдар, академиктер Оразалы Сабден, Мәмбет Қойгелдиев және басқалар бар.
Соңғы жылдары демеушілердің көмегімен тындырылған істер де едәуір. Айталық, қор бөлімшесінің қазіргі тыныс-тіршілігін бейнелейтін бейнетаспа түсірілді. Сондай-ақ қор басқармасы ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Туристер қаламызға көп келетіні ескеріліп қор кеңсесінің маңдайша жазуы жаңартылды, ғимараттың көше жақ қабырғасына Дінмұхамед Ахметұлының қысқаша өмірбаяны қазақша, орысша, ағылшынша – үш тілде жазылып ілінді.
Қалыптасқан дәстүрге сай Д.Қонаевты еске алуға арналған ардагерлер арасында бильярдтан, жастар арасында футболдан жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұларға қолдан келгенше қаржылай көмек көрсетудеміз.
Жас ұрпақты халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз Д.Қонаевтың және оның үзеңгілес серіктерінің өмірі мен өнегесі үлгісінде тәрбиелеуде насихат жұмыстарын өрістетіп, тағылымды шаралар ұйымдастырып, көптеген жоба-жоспарларымызды іске асырмақшымыз.
«Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтық жол да осы» деген даналық сөзіне ісі сай болған, соған орай зор құрметке бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қадірлейтін халық бізден, қор мүшелерінен алда да жақсы істерді жалғастыруды күтеді.

Аманкелді КӘРЕНТАЕВ,
Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы.

Comments are closed.