Экономика

Тараздың тағылымы тереңде жатыр

Тараздың тағылымы тереңде жатыр

Тараз қаласының 2000 жылдығын осыдан біраз жыл бұрын дүрілдетіп тойлағанымыз белгілі. Ақпарат көздеріне сүйенсек, кейбір ғалымдар бұл шаһардың пайда болғанына 2100 жылдан асқан деген болжам айтады. Қалай болғанда да шежірелі Тараздың тарихы тым әріден тамыр тартады. Облыс орталығы саналатын осынау ғажайып қаланың кешегісі мен бүгінгісі өңірдің зиялы қауымы, мәдениет саласының қызметкерлері, ардагерлер, тарихшылар мен ғалымдар бас қосқан «Таразым – тарихы мол тал бесігім!» атты дөңгелек үстелде кеңінен қозғалды. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өткен шараны Тараз қалалық мемлеттік архиві мамандары ұйымдастырды. Жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол 1997 жылдың 8 қаңтарында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қарахан» кесенесінің жанына жиналған жұртшылықтың алдында бұрынғы Жамбыл қаласының атауын «Тараз қаласы» деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойғанын, Нұрсұлтан Әбішұлының Тараз қаласының тұңғыш Құрметті азаматы атанғанын айтып өтіп, сол жердегі мәрмәр тастың астына 2100-ші жылдардағы ұрпаққа арнап, аманат хатын қалдырғанына тоқталды. Басқарма басшысы Тараз атауы Қытайдың көне жазбаларында кездесетінін, есте жоқ ескі заманнан әлемге мәшһүр болған қала екенін, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының аясында да Тараздың өз орны бар екенін айта келіп, қонақтарды ашық әңгімеге шақырды. Ол Жамбыл өңірінің ғажайып, құнды жерлерінен түсірілген 5 мың дана фотосурет сақталып тұрғанын, алдағы уақытта альбом болып жарық көретінін, мұның өзі Ұлы Даладағы ұлағатты іс болатынын сөз етті. Мұнан соң архив ісінің ардагері, облыстық «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков Тараздың осы күнге дейінгі бірнеше атауына тоқталып, ертеректе қаланың биік дуалмен қоршаулы болғанын, сондықтан алты ай бойы жау шаһарға кіре алмағанын, Еуропа балшық кешіп жүргенде Таразда күрделі кәріз жүйесі болғанын мақтанышпен айтты. Сондай-ақ «Архив-2025» бағдарламасы іске асқанда өз жемісін беретінін тілге тиек етті. Бүгінге дейін бұл шаһар Тараз, Талас, Тәңірқұт, Яны, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл атауларын иеленген екен. С.Досымбеков Тараз жайлы әр ғалым, зерттеушілер әртүрлі деректер айтатынын, соны бір ізге түсіретін мезгіл жеткенін әңгімеледі. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қаланың тарихы терең екендігін айта келіп, кешегі ғана емес, бүгінгі Таразбен де мақтануымызға болатынына тоқталды. Орталық «Достық» алаңындағы Бәйдібек баба, ТарМУ-дың алдындағы Дулати баба ескерткіштерінің еңселі, тұғырлы екенін айтты. Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов Қытай жазбаларында Тараздың аты бар екеніне, кешегі тарихымен мақтанатынымызға тоқталып, бүгінгі Тараздың әсем жерлерін аралау үшін туристерге, қала тұрғындарына сенбі күндері тұрақты түрде арнайы автобус бөлінсе деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ еңбек ардагері Жаңабек Тоқсабаев, Білім беру ісінің үздігі Бәтес Егембердиева, денсаулық сақтау саласының үздігі Ғибадат Кемелбекова өз ойларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Тараздағы «Жеңіс» саябағы жөнделген кезде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, майданға қатысушылардың есімдері арнайы тақтаға жазылғанын, 105 мың майдангерді анықтаған облыстағы архив қызметкерлері қыруар жұмыс атқарғанын сөз етіп, зейнет жасына жеткен Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Бақыткүл Әбдікәрімованың ұзақ жылғы қажырлы еңбегіне алғысын білдірді. Жиын Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Бақыткүл Әбдікәрімова сөз сөйлеп, ой-пікірлері үшін барлық қонақтарға ризашылығын білдірді.  

Есет Досалы