Саясат

Жамбыл жұрты ынтымағымен үлгі

Жамбыл жұрты ынтымағымен үлгі

Өтіп бара жатқан 2018 жыл облыстық ассамблея үшін табысты жыл болды. Осы жылы біз жаңа жобаларды жүзеге асырып, ойға алған мақсаттарымызға қол жеткіздік. Хатшылық жанынан құрылған кеңестерде барлығы екі мыңға жуық мәселе қарадық. Оның ішінде тұрғындар әлеуметтік жағдайына қатысты, қоғамдық бақылау, шиеленісті жағдайды шешу, қайырымдылық, ақпараттық түсіндіру жұмыстары тағы да басқа түйткілдер бар. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, балаларға, мүгедектерге, қарттарға көмектер көрсетіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ тегін білім беруге (оқу орындарының гранттары), тегін медициналық емдеуге жолдамалар беруге ықпал еткенімізді де айта кеткен жөн. «Туған жер» жобасы аясында көптеген ел игілігіне арналған ауқымды жұмыстар атқарылды. Тағылым мен тарих тұнған Тараз қаласын, киелі Әулиеата жерін мекендеген әр ұлт пен ұлыстың бірлігі бекем. Ынтымағы нығая түскен сайын ырысы да артып келеді. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз айтқан «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген дана сөздің мәнін жамбылдықтар жақсы түсінеді. Шындығында, еліміздегі бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай кезең бірлігіміз бен берекеміз жарасып, бір елдің баласындай, бір жеңнің сағасындай жұмыла жұмыс істей білгеніміздің арқасында туып отыр. Осы бейбіт аспанның астында сыйластығымыз бен ынтымағымыз жарасымдылығын таба берсін демекпін. Келер жылы да ел экономикасы артып, мерейі еселене берсін. Барша Жамбыл жұртшылығын күні ертең табалдырығымыздан аттағалы отырған Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жылда жаңа белестерді бағындырып, биік асулардан аса беріңіздер! Лайым баршамыздың ойға алған арман-тілектеріміз орындалатын құтты жыл болсын! Әр отбасыға бақыт пен шаттық, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Маржан ҚОЖАЕВА, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі.