Саясат

Басты талап – жер ресурстарын тиімді пайдалану

Басты талап – жер ресурстарын тиімді пайдалану

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен жер қатынастары саласындағы бірқатар мәселелер бойынша кеңес өтті.  Онда өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ететін 3 жоба қарауға ұсынылды. Атап айтар болсақ,  жер мониторингін  жүргізуде жерді қашықтықтан зондтау тәсілін және облыстың жер ресурстарының интерактивтік картасын қолданысқа енгізу  туралы және облыстың жер ресурстарын басқару картасының жобалары қаралды.

Өңірде жерді қашықтықтан зондтау тәсілін қолданысқа енгізу «Қазақстан Ғарыш Сапары Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп 2016 жылдан бері қолға алынған. Нәтижесінде осы тәсіл 2017 жылы Шу ауданында қанатқақты жоба ретінде өндіріске енгізіліп, ауыл шаруашылығы жерлері мониторингі жүргізілуде. Бүгінде оның мобильдік қосымшасы қолданысқа енгізіліп, көптеген уақытты талап ететін далалық зерттеулерсіз жер мониторингін жүргізуге қол жеткізіп отыр. Асқар Исабекұлы бұл тәжірибені барлық аудандарға енгізуді тапсырған болатын.  Ол бойынша түсіндірме-ұйымдастыру шаралары қолға алынып, ұлттық компания өкілдерімен бірлесіп үш мәрте семинар-тренинг өткен. Бұл туралы облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Молдабай мәлімдеді.

Геопорталмен жұмыс істейтін кадрларды дайындау мақсатында 12 маман орталықта арнайы курстан өтіп, сертификаттарын алды. Нәтижесінде барлық аудан Ғарыш орталықтарымен келісімшартқа отырып, жердің космостық мониторингін жүргізу толығымен қолданысқа енгізілді.

Айта кету керек, космо мониторингпен ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 42 мың гектардан астам егістік жерлердің игерілмегені анықталып отыр. Ал статистикалық есеп бойынша ол көрсеткіш бар-жоғы 15 мың гектарды құраған болатын.

Асқар Исабекұлы бұл бағыттағы көптеген жүйесіз жұмыстарды ретке келтіруде салалық басқармаларға серпіліс керектігін баса айтты. Сондай-ақ геопортал бойынша өтетін конкурстардың құжаттарын тиянақтау керектігін жеткізді. Өңір басшысы игерілген немесе игерілмеген жер аумақтарын нақтылы анықтауда аудан әкімінің тиісті орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдеріне жүктелетін міндеттемелердің көп екендігін ескертіп, өзекті мәселелерге жүрдім-бардым қарамауға шақырды. Жиында жер ресурстарының интерактивтік және басқару картасының жобалары да жан-жақты талқыланды.