Сан емес, сапа маңызды
Сан емес, сапа маңызды
Кеше өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен баяндама жасады. Ол жастар саясаты өңірде «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқандығын тілге тиек етті. Үстіміздегі жылы облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 574,6 миллион теңге қаржы қаралған. Ал 2019 жылға жалпы 638,7 миллион теңге қаржы жоспарланған. Бұл орайда Тараз қаласы мен аудандық ресурстық орталықтардың жұмыс жоспары басқарма жоспарымен байланыстырылды. Жамбыл облысын 2016-2020 жылға дейін дамыту бағдарламасында жастар саясатына қатысты 2 индикаторлық көрсеткіш белгіленген. Бірінші көрсеткіш «Жастардың жалпы санындағы еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс жасамайтын NEET жастар көрсеткішінің облыстық жылдық жоспарын 8,5 пайызға азайту. Ағымдағы жылдың ІIІ тоқсанындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 8,1 пайызды құраған. Ал «Өңір жастарының мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі» 2018 жылғы жоспарлы 73 пайыздық меже болса, әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша ол 77,8 пайызды көрсеткен. Облыс басшысы жастар саясатын жүргізуді тек индикаторлық көрсеткішті орындаумен шектеуге болмайтынын баса айтты. Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, олардың өз кәсіптерін ашуға қолдау шараларын жүйелі түрде жүргізу керектігін ескертті. Сондай-ақ саны бар сапасыз жиындардың орнына аз да болса, мазмұнды іс-шаралар өткізудің тиімділігін айтып, аудандық жастар ресурстық орталықтарының жұмыс-тарын жандандыруды тапсырды. Басқосуда ерікті жастар қозғалыстарын әлеуметтік қайырымдылық шараларына жұмылдыру бастамасының дайындығы да пысықталды.