Экономика

Өңірімізде тарифтік көрсеткіштер төмендетілуде

Өңірімізде тарифтік көрсеткіштер төмендетілуде

Елбасы биылғы жылдың қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында негізсіз өскен тарифтерге тоқтау салу қажеттігі туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған сәйкес аймағымызда тарифтерді төмендету жөнінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Бұл туралы облыс əкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кеңінен айтылды. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсембиев, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев қатысты. Жиында әуелі сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков облыста тауарлық газ тарифінің төмендетілетіндігін тілге тиек етті. –2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлы газдың шекті бағасы облыста 11,4 пайызға немесе 21,1 теңгеден 18,7 теңгеге төмендетілетін болады. Сонымен қатар тауарлы газды тасымалдау қызметінің құны да 25 пайызға төмендетіліп, 1,0 текше метр үшін 8,5 мың теңгеден 6,4 мың теңгеге түспек. Нәтижесінде тұрғындар үшін тауарлы газдың бөлшек саудадағы бағасы 1,0 текше метр үшін 6,3 пайызға немесе 27,2 теңгеден 25,5 теңгеге арзандатылады. Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Жамбыл ГРЭС» АҚ өндіретін электр энергиясының тарифі 14 пайызға немесе 9,5 теңгеден 8,1 теңгеге дейін және «Таразэнергоорталық» (ТЭЦ-4) бойынша 19 пайызға немесе 11 теңгеден 8,7 теңгеге төмендетілді. Электр энергиясын тасымалдайтын «ЖамбылЭлектрЖүйесі» мекемесінің тарифін 1 қаңтардан бастап өз қызметі құнын 1,07 пайызға төмендету бойынша ұсынысы қаралу үстінде. Нәтижесінде қолданыстағы тариф 5,62 теңгеден шамамен 5,56 теңгеге төмендейді. Ал электр энергиясын жабдықтайтын «ЖамбылЖарықСауда» мекемесінің тарифін 3,9 пайызға дейін төмендету қаралуда. Нәтижесінде тұрғындарға арналған қолданыстағы тариф 15 теңгеден шамамен 14 теңгеге төмендейді, – деп атап өтті Бекболат Серікбекұлы. Бұдан кейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсембиев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге, табиғи монополиялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің тұтынушылар қаражатын пайдалануын бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар жөнінде айта келіп, коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендету бойынша атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті. Жиында сондай-ақ облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев көмірмен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берді. «Бүгінде тұрғындарға қажетті 333 мың тонна көмір толығымен дайындалды, оның ішінде сатып алынғаны 304,7 мың тоннаны құрайды. Қалған 28,3 мың тонна көмір сату орындарында. Қазіргі таңда аталған сауда орындарында «Шұбаркөл» көмірін босату бағасы 12 300 теңге көлемінде. Ал «Қаражыра» көмірінің төмен сапалысы 12 000 теңгеден, байытылған сапалы көмірі 15 500 теңгеден сатылуда. Тұрғындар тарапынан әлеуметтік шиеленіс тудыратын жағдай орын алған жоқ», – деді ол. Басқосу соңында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, оларға тиісінше жауаптар қайтарылды.  

Есен ӨТЕУЛИЕВ