Жылжымалы кешеннің қызметі жүйелі екен
Жылжымалы кешеннің қызметі жүйелі екен
Шалғай ауылдардағы тұрғындардың дәрігер кеңесіне және сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру үшін 2012 жылдан бері жылжымалы медициналық кешен құрылып, жұмыс істеп келеді. Осы кезеңде бекітілген кестеге сай ішіне медициналық құрылғылар орнатылған тіркемелі «КамАЗ» ауылдарды аралап, елді мекендерде қызмет көрсетуде. Жуырда жылжымалы бригада Бөлтірік шешен ауылына барды.
«Жылжымалы кешен құрамында рентген және УДЗ аппараттары, зертхана бар. Тіс және көз дәрігерлері, акушер-гинеколог, хирург, терапевт қабылдау жүргізеді. Сонымен бірге сынамалар алып, қорытындысын шығарып береді. Олар тұрғындарға ақыл-кеңестерін айтып, ем-дом түрлерін белгілейді», – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев.
Жылжымалы медициналық кешеннің ауылға келгенін пайдаланып, тұрғындар кезегімен дәрігерлердің қабылдауында болып, өздеріне қажетті мәліметтер алды. Бірі хирургке, енді бірі терапевке көрініп, қан сынамаларын тапсырды.
– Кешен бұған дейін де біздің елді мекенде бірнеше рет болған. Ауылға жылжымалы кешен келетінін тұрғындарға алдын ала хабарлаймыз. Көпшілігі мұндай мүмкіндікті пайдаланып жатады. Өйткені ауылда аудан орталығына барып дәрігерлерге қаралуға мұршасы келмейтіндер де бар. Сондықтан қызметтің бұл түрі тиімді, – дейді Кеңес ауылдық округінің әкімі Болатжан Дуамбек.
Жылжымалы кешен Сарысу, Жамбыл аудандарын аралап, елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылына барған дәрігерлер тобын облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің бас маманы Айдана Аяпова бастап барғанын айта кету керек. Өңірдегі медицина орталықтарының білікті қызметкерлері сол ауылдың тұрғындарына дәрігерлік кеңес беріп, денсаулық жағдайына байланысты айтқан шағымдарына қарай тексеру жүргізіп, ем-шараларын жүзеге асырды.
Арнайы автокөлік түрлі аурудың диагнозын анықтайтын, тексеретін құрылғылармен жабдықталған. Жалпы қабылдау бөлмелері мен зертхана осы заманғы медициналық және эндоскопиялық диагностикаға арналған қондырғылармен жарақтандырылған. Сонымен қатар жүрек, көз ауруларынан зардап шегіп жүрген тұрғындарға да көмек көрсетіледі. Медициналық кешенде 10 дәрігер ауыл тұрғындарын толық жас реті бойынша скринингтік тексерістен өткізіп, зерттеулер жүргізіп, қажетті кеңестер берді.
– Біз жыл сайын шалғай елді мекендерді аралаймыз. Қашан, қай ауылға баратынымыз нақты белгіленген. Бізге жүктелген міндет – тұрғындарды әрі-бері сабылтпай, заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсету. Кешенде басқа да арнайы тексерулер қолжетімді. Облыстағы медицина орталықтарының қызметкерлері ауыл тұрғындарының науқасын анықтап, қажетті ем-домын жасауда. Топ құрамында эндокринолог, кардиолог, терапевт, невропатолог, тағы да басқа ауру түрлерін қарайтын арнайы мамандар бар. Барлығы білікті де білімді, жоғарғы санатты дәрігерлер. Олар алдына келген емделушіні біріншіден скринингтік тексерістен өткізеді. Егер тексеру нәтижесінде сырқаты күрделі екені анықталса, онда ол адам тізімге алынып, әрі қарай емделеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айдана Әділбекқызы.
Жылжымалы кешенге келіп, медициналық көмек алған ауыл тұрғыны Балтагүл Дәрібаева: «Ауыл тұрғындарының көбі – қариялар, аналар мен балалар. Олардың қалаға немесе аудан орталығына шығуы кейде қиындық туғызады, сондықтан біз ауылға келген осындай жылжымалы медициналық кешеннің қызметіне жүгініп, әртүрлі мамандардың жәрдемін алып жатырмыз», – деп ризашылығын білдірді.
Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан, 1600-ден астам тұрғыны бар Ерназар ауылының тұрғындары тегін медициналық тексерулерден өту мүмкіндігін қалт жібермеді.
Талас, Жамбыл аудандары.