Экономика

Жемшөбі жеткілікті, қорасы жылы

Жемшөбі жеткілікті, қорасы жылы

Ауданда мал тұқымын асылдандыру, оларды өз төлі есебінен көбейту жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кейінгі кезде сабақты мал азығын әзірлеу жоспары асыра орындалуда. Сөлді азықты көп дайындауға басымдық берілуде. Малшылардың алаңсыз әрі өнімді еңбек етуіне қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл өзінің оң нәтижесін беруде. Бүгінде ауданда мүйізді ірі қара – 35895, қой-ешкі – 474639, жылқы – 16959, түйе – 67, шошқа 2139 басқа жетіп отыр. Малшылар 2018-2019 жылдардағы мал қыстату науқанын шығынсыз, сапалы өткізуге тыңғылықты әзірлікпен кірісті. Жауапты науқанға 197450 тонна шөп,15340 тонна тайланған сабан, 6000 тонна сүрлем және осы мөлшерде пішендеме дайындалды. Қазір төрт түлік мал тау бөктеріндегі, құмдағы қыстауларда және елді мекендер маңында қыстатылуда. Алыстағы қыстауларға азық құмдағы шабындықтардан әзірленген. Малшыларға қажетті тұрмыстық заттар толық жеткізіліп берілген. Биыл елді мекендердегі жеке тұрғындар да жем мен шөптен тарыға қоймайды. Құлан, Ақыртөбе және Жаңатұрмыс ауылдарында арнайы орындарда тайланған шөп сатылады. «Ақтоған», «Досқайнар», «Аман» шаруа қожалықтары мен «Құнарлы жем» жеке кәсіпорнының иеліктеріндегі, орталық базардағы сату орындарынан жем және құнарлы жемді ұдайы табуға болады. Олардың бағасы да қолжетімді. Аудандық әкімдік жанынан мал қыстату науқанының барысын қадағалайтын штаб құрылған. Алда-жалда төтенше жағдайлар орын ала қалса, аудандағы ірі агроқұрылымдар техникалары есебінен жасақталған 6 дана «К-700»,8 шынжыр табанды, 14 доңғалақты трактор және жол таңдамайтын «Урал», «Газ – 66» автокөліктері көмекке дайын. Аудан аумағында орналасқан әскери қала­шықтан 2 дана БТР техникасын керек кезде пайдалану үшін келісім жасалды.

Ерғазы ЕСПЕНОВ, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы.