Бұл бізді тың еңбек жетістіктеріне жігерлендіруде
Бұл бізді тың еңбек жетістіктеріне жігерлендіруде
Жаңа жылдан жақсылық күтеміз. Біз үшін табысқа толы болғандықтан, өткен жылға өкпеміз жоқ. Әсіресе өзім басқарып отырған «Ақтас» ЖШС-ның табысы еселеніп, еліміз бойынша үздіктер шоғырынан көріне алды. Биылғы басты жетістігіміз де осы – республикалық «Алтын сапа» байқауының қорытындысы бойынша бизнес өкілдерін ынталандыру мақсатында тағайындалған «Парыз» сыйлығына ие болуымыз.
Бұл байқаудың басты мақсаты – тауар өндіруші және қызмет көрсетуші компаниялардың арасынан жеңімпаздарды анықтау арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, кәсіпорындарда халықаралық сапа стандарттарын енгізу, сондай-ақ тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы аталған сыйлық «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын», «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдары бойынша берілді. Соның ішінде біздің кәсіпорын «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» аталымы бойынша «Парыз–2018» сыйлығына ие болды. Бұл сыйлық кәсіпорындағы жұмысшылардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайының жақсы қорғалғаны үшін беріліп отырғанын атап өткім келеді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе болды. Оған қол жеткізу жеңілге де түскен жоқ. Онда ұжым қызметкерлерінің барлығының да үлесі бар. Құрылғанына биыл 20 жыл толып отырған кәсіпорынның айрықша елеулі жетістігінің бірі де осы. Жалпы мекемеміз жер қойнауы қазбаларын игеру, өңдеу жұмыстарымен айналысады. Біз Ағала тас кен орнынан алынған қазба байлықтан өндіріске, жол төсеуге қажетті құм, шағал және цементке қажетті ақтас ұнтағын өндіреміз. Өндіріс ошағында дайындалған өнімдеріміз республикамыздың барлық өңірлеріне өткерілуде. Сондай-ақ көрші Қырғыз елінде де тұрақты тұтынушыларымыз баршылық. Кен орнынан жыл ішінде бір миллион тонна шикізат алынып, өңделіп, сатылымға шығарылды. Қысқасы, «Парыз» сыйлығы еңбеккерлерімізді жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіреді деген ойдамын. Алдағы уақытта да ел экономикасының дамуына өзіндік үлесімізді қоса беретін боламыз.
Тимур БАЙГЕЛДИЕВ, «Ақтас» ЖШС-ның бас директоры.
Қордай ауданы.