Тараз атын талай жұртқа танытқан...
Тараз атын талай жұртқа танытқан...
Өтер жыл өңір халқы үшін Тараз атын талай жұртқа танытқан жыл болды. Облыс орталығында жыл бойы жалғасқан тынымсыз һәм нәтижелі жұмыстар тікелей облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің батыл да тың бастама-идеялары негізінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қайта жаңғырту ісінің алғашқы кезеңінде «Жеңіс» саябағында қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіші, Ұлы Отан соғысы құрбандары мен қатысушыларына арналған обелискілер, «Мәңгілік алау» отсауыты орнатылуымен «Ерлік» мемориалдық кешені тұп-тура Жеңіс мерекесі күні пайдаланылуға берілгенде риза болмаған адам жоқ. Осынау ғажайып жобаның ала жаздай қызу да қарқынды жүргізілген екінші кезеңінің жұмыстары Қала күнімен тұспа-тұс мәреге жетіп, аталған саябақ аумағынан бір мезгілде Тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысушылар мен ядролық сынақтан зардап шеккендерге, Ауған соғысы құрбандары мен қатысушыларына арналған, ал облыстық әкімдіктің қарсы алдынан жыр алыбы Жамбылдың зәулім ескерткіштерінің салтанатты жағдайда ашылып, «Үшбұлақ» жағалауы демалыс аймағының, «Желтоқсан» сквері, облыстық, қалалық әкімдіктер аумақтарынан сәнді де сұлу субұрқақтардың пайдаланылуға берілуі, қайта жаңғыртылған Қайрат Рысқұлбеков саябағының алғашқы келушілеріне есігін айқара ашуы бұл қуанышты одан әрі үстей түсті. Айта кету керек, «Жеңіс» саябағының 15 мың шаршы метр аумағында абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары жүргізілген. Мұнда әлі «Даңқ» залы ашылатын болады. Саябақтың 6,5 гектар аумағын абаттандыру кезінде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылғаны белгілі. Осындағы көп уақыт бойы жөндеу көрмеген аспалы көпір де қайта жаңғыртудан өтті. Оның ұзындығы 72, ені 3 метрді құрайды. Сондай-ақ Үшбұлақ» каналының ауқымы 60 метрге кеңейтілді. Демалушылар тамашалау үшін айдынға 5 аққу, 4 үйрек, ақ амур, карп секілді 3 мың балық шабағы жіберілді. Жағалау бойына 700 метрлік жаяулар жолы салынған. Мұнда суда серуендеуге арналған қайық, катамарандар да бар. Аумақта балалардың жаңа ойын алаңы ашылып, бүлдіршіндердің қыста да, жазда да таза ауада, рәуішті табиғат аясында емін-еркін ойнауларына мүмкіндік жасалды. Бүгінде өңір жастарын «Жеңіс» саябағы елдікке, ерлікке, ал Қ. Рысқұлбеков саябағы желтоқсан тағылымын танып білуге, спорт пен саламатты өмір салтын қалыптастыруға үндеумен тұр. Жоғарыда аталған ескерткіштердің ашылуы салтанатында Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаевтың «Елбасымыз жуырдағы Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялау ұсынылғаны белгілі. Жамбыл облысы сол патриоттық істі бастап та кетті. Осы үшін тікелей облыс басшысының өзіне зор алғысымды білдіремін. Жамбылдықтардың осынау тағылымды ісі алдында басымды иемін» деп ағынан жарылуы жайдан-жай емес. Әулиеатадан шыққан айбынды еріміз елдің көкейіндегі сөз бен ақжарылқап алғысты жеткізген еді сол жолы. Осы орайда Баукеңнің «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет» деген өсиет сөзі еріксіз тіл ұшына оралары бар. Тәуелсіздік мерекесі күні Елбасының қолынан салтанатты жағдайда «Парасат» орденін алуы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің елге, өңірге сіңірген еңбегінің еленуі, халықтың алғыс-тілегінің қабыл болуы деп білеміз. Өңірді, облыс орталығын қайта жаңғырту жобасы одан әрі де жалғастырылу үстінде.
«Aq jol-Аqparat».