Қоғам

Cаналы ел сауатты жазуға дағдыланады

Cаналы ел сауатты жазуға дағдыланады

Жылдың соңғы күндерінде өткен облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысын облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол әуелі Мойынқұм және Шу аудандарындағы ономастика мәселесі жөнінде жұмысшы топтардың жүргізген зерделеулерінің қорытындысы бойынша хабарлама жасады.

Басқарма басшысы айтқан деректерге сүйенсек, екі ауданда да тіл тазалығына, ономастикалық мәселелерге қатысты жұмыстар көңіл көншітпейді. Мәселен, Мойынқұм ауданында 32 нысан назарға алынса, олардың 27-сінен кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, аудандағы Т.Рысқұлов, №2, О.Жандосов атындағы орта мектептің маңдайшасындағы мекеме атауынан қате кеткен. Жас ұрпақты сауаттылыққа тәрбиелейтін білім ошақтары сауатсыздыққа жол берсе, басқаға не дерсің? Сондай-ақ А.Назарбеков, Күшаман, Қызылтаң, Биназар ауылдарындағы мекемелердің атауындағы, ішкі көрнекіліктеріндегі қатеден көз сүрінеді екен. Мойынқұмдағы 243 көшенің 43-і ғана жаңа аншлагпен қамтылған. Бұл 26,3 пайызды ғана құрайды екен. Мұндай олқылықтар Шу ауданында да кездесіпті. Бірлікүстем, Жаңажол, Бірлік ауылдарында мекеме атаулары дұрыс жазылмаған. Тіпті «Ауылдық округ әкімі аппараты» деген сөйлемнің өзі қате жазылыпты. «Бірлік» атауы бірнеше жерде «Берлік» деп көрсетілген. Арнайы жұмысшы тобы сауатсыздықты Көктөбе ауылдық Мәдениет үйінен де көптеп кездестіріпті. Көшелерді жаңа аншлагпен қамту Шу ауданында 50,7 пайызды құрапты. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Көшелерді жаңа аншлагпен қамту облыс көлемінде өз деңгейінде орындалған. Алайда бұл межеге Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы жете алмай, өңірдің жоғары көрсеткішін артқа тартып отыр. Жастарды рухани байлыққа жетелейтін қанатты сөздерді көшелерге, үлкен тас жолдарға көптеп ілу жұмыстары да біздің өңірде кенжелеп тұрған көрінеді. Бұл жұмыс облыс әкімінің назарында екені де айтылды. Сұлушаш Сәтбекқызы, билборд, мекеме, көше атауындағы сауаттылық, көрнекі ақпараттардың дұрыс орналасуына Тараз қаласы мен барлық ауданның әкімдері сергек қарауы тиіс екенін, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Тараз қаласындағы көшелерге, мекеме, сауда, қоғамдық тамақтану орындарындағы жарнама, билбордтардың сауаттылығына және заңдылығына зерделеу жүргізілгенін, нәтижесі көңіл көншітпегенін, мұндай олқылықтар аудандарда да кездескенін айтып, ол кемшіліктерді біртіндеп жоюға облыстық «Jambyl» телеарнасындағы «Тіл сақшысы» бағдарламасының және баспасөздерде жазылған мақалалардың оң ықпалы болғанына тоқталды. Келесі сәтте Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев аталған кемшіліктер барысы аудан әкімдігі алқасында қаралып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына, 9 ауылдық округтің әкіміне шара қолданылғанын, алдағы жылы тіл сауаттылығына сергек қарайтындарын айтты. Мұнан соң «Жарнама – көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы» байқауының қорытындысы шығарылып, Жуалы ауданы жеңімпаз деп танылды. Екінші жүлде Тараз қаласы мен Сарысу ауданына берілсе, Байзақ, Меркі, Талас аудандары жүлделі үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылдық округі «Үздік көрнекі ақпарат – 2018» облыстық байқауының жеңімпазы атанды. «Үлгілі аудан» аталымы Меркі ауданына бұйырды. Комиссия мүшелері Мақұлбек Байгелдиев пен Тәкен Молдақынов сөз сөйлеп, биылғы жылы комиссияның төрт отырысы өтіп, онда маңызды мәселелер қаралып, шешімін тапқанына, тілдерді дамыту басқармасының жемісті жұмысына тоқталды. Жиынды Сұлушаш Құрманбекова қорытындылап, әр отырысқа белсене қатысқандары үшін ономастика комиссиясының мүшелеріне алғысын білдіріп, көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

 

Есет ДОСАЛЫ