Саясат

МАҚСАТТЫ ШАРАЛАР

МАҚСАТТЫ ШАРАЛАР

Облыстық бақылау-тексеру комиссиясы биыл өз қызметін жыл басында бекітілген жұмыс жоспары мен тексеру кестесіне сай жүргізді. Комиссия төрағасы Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, есепті кезеңде комиссияның 4 отырысы өткізілген. Онда тексеру қорытындылары мен ұйымдастыру мәселелері қаралып, партияның тиісті аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары тексеру қорытындылары бойынша есеп беріпті.

Жалпы жыл ішінде комиссия мүшелері партияның облыстық, Тараз қалалық және аудандық филиалдарының ішкіпартиялық және қаржы-шарушылық жұмыстарына тексеру жүргізіп, талдау жасаған. Сонымен қатар партияның Орталық бақылау-тексеру комиссиясы бекіткен тексеру талаптарын сақтай отырып, тексеру және зерделеу жұмыстарына қатысқан.

Бұл туралы аталған комиссияның биылғы атқарған жұмыстары сараланған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы бақылау- тексеру комиссиясының отырысында айтылды. Жиында комиссия төрағасы биылғы есеп беру-сайлау конференциясында комиссия құрамында ішінара өзгерістердің болғанын хабарлап, алдағы уақытта жаңа сайланған комиссия мүшелерінің өздеріне жүктелген қоғамдық жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтындығына сенім білдірді. Жарылқасын Айтақовтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылы партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдарында партияның қаржы- шарушылық және ішкіпартиялық жұмысы қалыпты жүргізіліп, партия қаржысын мақсатсыз жұмсау фактілері орын алмаған.

Дегенмен комиссия төрағасы тексерулер кезінде партияның аумақтық филиалдары тарапынан орын алған бірқатар кемшіліктер анықталғанын жасырмады. Сондықтан оны жою жөнінде іс- шаралар жоспарлары жасалып, олар ретке келтірілген. Жалпы комиссия 2018 жылы алдына қойған барлық мақсатты шараларды толығымен орындап шыққан. «Тексерулер арқылы партияның аудандық филиалдарында ішкіпартиялық жұмыстар мен партиялық мүшелік жарна жинауды ұйымдастыру барысында бірқатар кемшіліктер де орын алғаны белгілі болды. Біз ол туралы комиссия отырыстарында және партия облыстық филиалының есеп беру- сайлау конференциясында кеңінен тоқталып, ашық айттық. Комиссия мүшелері тексеруге шығатын кезде арнайы дайындалған қосымша жаднама береді», - деді Жарылқасын Айтақов.

Қаржы-шаруашылық жұмыстарын жүргізуде өрескел заң бұзушылықтар болмағанымен, партиялық мүшелік жарна жоспарын орындауда жарнаны уақтылы төлемеген партия ұйымдарын басқа партия ұйымдары есебінен жабу фактілеріне әлі де болса жол беріліп келеді екен. Аумақтық филиалдардың осындай кемшіліктерге жиі жол беруі бұл бағыттағы жұмысты ширатуды қажет ететінін көрсетеді. Осыны ескеріп, бақылау-тексеру комиссиясы 2019 жылдан бастап жүргізілген тексеру жұмыстары барысында анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою мақсатында жаңаша қоғамдық бақылау жүргізудің жаңа форматын ұсынып отыр. Енді партия филиалдарына тексеру жүргізген комиссия мүшесі орын алған кемшіліктерді жою жұмысына тікелей жауапты болмақ. Яғни оларды іске асыруды тікелей өз бақылауына алып, қадағалайды және оның орындалуына нақты басшылық жасайтын болады.

Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат комиссия алдында тұрған аса жауапты ішкіпартиялық жұмыстарға кеңінен тоқталып, комиссия алдында тұрған міндеттерді айқындап берді. Сонымен қатар жаңадан сайланған комиссия мүшелерінің өздеріне жүктелген қоғамдық жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтындығына сенім білдірді.

Комиссия отырысында партия облыстық филиалы бақылау- тексеру комиссиясының 2019 жылға арналған жұмыс жоспары мен тексеру кестесі бекітіліп, тиісті қаулылар қабылданды.