Білім

Жаңа жыл шыршасының жарығы жанды

Жаңа жыл шыршасының жарығы жанды

Жылдағы дәстүр бойынша жаңажылдық шыршалар облыста биыл да ұлық мереке Тәуелсіздіктен кейін бой түзей бастады. Соның бірі күні кеше «Достық» алаңына орнатылып, түрлі-түсті шамдары жағылды. Биіктігі 20 метрлік шырша маңайына жиылған көпшілікті құттықтаған қала әкімінің міндетін атқарушы Сайлауғалы Байназаров өткелі тұрған ит жылындағы жарқын жаңалықтар мен айтулы оқиғаларға тоқталды. – Еуразия жүрегінде орналасқан Астанамыздың 20 жасқа толған жылында Тараз қаласында орта кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Тұрғындар жұмыспен қамтылып, әл-ауқаты артуда. Биыл халықтың демалыс орындарына аса көңіл бөлініп, «Жеңіс» саябағы, жаңа «Үшбұлақ жағалауы», Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ, «Желтоқсан толқыны» аллеясы, темір жол бекеті сквері бой түзеп, Тараз қаласының жаңа келбетін ашты. 2018 жылы пайдалануға 3 орта мектеп, 12 көп қабатты үй, 980 пәтер немесе 70 мың шаршы метрден аса тұрғын алаңы берілді. Барша қазақстандықтармен бірге әлеуетіміз бен даму үрдісімізді сақтай отырып, алдағы күнге деген сенімімізді еселеген тағы бір жылды артқа тастап отырмыз. Келе жатқан жаңа жыл сіздерге қуаныш пен шаттық сыйлап, барлық арман-тілектеріңіз орындалсын! 2019 жыл баршаңызға молшылық пен мейірімнің жылы болсын! Әр шаңырақтан баланың күлкісі естіліп, отбасыларыңызға бақыт ұяласын! Жаңа жыл жаңа жетістіктерге тола берсін! – деген соң, жаңа жыл шыршасының жарығы қосылып, келген қауым концерт­тік бағдарламаны тамашалады.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.